Түйіндемені үйде отырып тапсыруға болады

Елімізде "Электрондық еңбек биржасы" іске қосылып, жұмыссыз азаматтар жұмысты үйден отырып іздеуге мүмкіндік алды.

Бұл ақжолтай жаңалық туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Сариев Қуандық Ғалламұлымен әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.

– Қуандық Ғалламұлы, электронды еңбек биржасы дегеніміз не? Оның халыққа тигізер пайдасы, қандай мүмкіндіктері бар?

– Жұмыссыз азаматтарды www.enbek.kz сайты арқылы жұмысқа орналастыру үшін электрондық еңбек биржасы іске қосылды. Кез келген адам үйден отырып-ақ бос жұмыс орны туралы ақпаратты қарау үшін аталған сайтқа кіреді, порталға тіркеліп, түйіндемені енгізеді, содан соң өзіне лайықты жұмыс орнын таңдайды. Лайықты жұмыс таңдаған соң түйіндемесін жібереді, соңында жұмыс беруші сұхбаттасуға шақырады.

– Мекемелер өздерінде бар бос жұмыс орындары туралы электронды порталға ақпарат енгізуге міндетті ме?

– Әрине, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңында бос жұмыс орындарының бар екендігі туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, олар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде немесе "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет ресурсы арқылы жіберуге міндетті, - деп көрсетілген. Осы заңға сәйкес мекеме, кәсіпорындар портал арқылы сұраныстарын түсіруі қажет.

– Бүгінде аудан бойынша электрондық еңбек биржасы порталына қанша жұмыс беруші тіркелді?

– Аудан бойынша орналасқан мекеме, кәсіпорындарға портал арқылы бос жұмыс орындарын жариялап, жұмысқа қабылдау қажеттігі жөнінде хат жолдаған болатынбыз. Соған сәйкес бүгінгі күні 48 мекеме электрондық еңбек биржасы порталына тіркеліп, бос жұмыс орындарын жариялады. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, автоматтандырып, дамытып, жетілдірсек деген жоспарымыз бар.

– Ал, осы электрондық еңбек биржасы порталына қанша жұмыс іздеуші тіркелді?

– Қазіргі кезде портал арқылы 63 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, 87 адам электрондық еңбек биржасы арқылы тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастырылды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Аслан МҰРАТҰЛЫ

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521