Мемлекет басшысы бүгінгі жария еткен Жолдауында ең алдымен Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды.
«Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды» деген Президент бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетінін айтты. -Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады, - деді Елбасы.
Н.Назарбаев төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деген сенімін білдірді. Сондай-ақ ол экономикадағы бәсекелестікті дамыту, білім беру, бизнесті, ауылшаруашылығын өркендету, сот жүйесін одан әрі жаңғырту, әлеуметтік маңызды мәселелер бойынша міндеттерді атады. Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жария етті. Елбасы Жолдауын исатайлықтар «Жалын» мәдениет үйінде LED экран арқылы тыңдады. Олардың ішінде аудан басшылары бастаған мемлекеттік қызметкерлер, басқа да сала өкілдері, ардагерлер мен жастар бар.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.