ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН САН САУАЛ...

Исатай ауданының әкімі П.Хасанов бекітілген кестеге сай Қамысқала ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Жиынға мекеме басшылары, дәрігерлер, ауылдың белсенді азаматтары, еңбек ардагерлері қатысты. Алдымен ауылдық округ әкімі Рафиғат Тажиденова жергілікті тұрғындармен алдыңғы жүздесуде қойылған сұрақтар мен ұсыныс-пікірлер бойынша жасақталынған іс-шаралардың орындалысын баяндады.

Кездесу кезінде алғашқы сөз алған аудан әкімі П. Максимұлы тұрғындар алдында ауданның әлеуметтік-экономикалық қорытындылары бойынша атқарған жұмыстары жөнінде қысқаша хабарлама жасады.

– Құрметті ауыл тұрғындары, жиынға қатысушылар! 2023 жылы сіздермен алғашқы кездесуіміз. Сіздердің алдарыңызда өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсек, 2022 жылы «Балалар жылы» болып бекітілгені баршаңызға белгілі. Соған орай осы Х.Ерғалиев ауылында балалар ойын алаңы мен кіші аяқдоп алаңшасы салынып, қолданысқа берілді.Тағы да айта кетерлігі, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөңдеу жұмыстарын өткен жылы аяқталуы керек болатын, бірақ биыл толықтай іске қосу жоспарланып отыр, -деді. Жиында Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова ауылдық округ бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.

– Өздеріңізге белгілі Президентіміз өзінің жарлығымен былтырдан бастап, барлық деңгейдегі әкімдерге халықпен жыл сайын емес,тоқсан сайын кездесу өткізіп тұруды тапсырған болатын. Біздің ауыл аудандағы жеті ауылдық округтен халық саны жағынан, атқарылған жұмыстар, әлеуметтік сала бойынша аудан көлемінде үшінші орында тұрмыз. Біздерге төртінші тоқсанда тұрғындармен кездесу кезінде көптеген сұрақтар қойылды. Сол жерде кейбірі қайта зерделеуге жіберілді. Көптен бері Ибатолла Сәтенұлы ағайымыздың Новобогат орта мектебінің алдында тұрған Хамит Ерғалиев ескерткішін орталықтағы мәдениет үйінің алдына әкелу керектігі туралы ұсыныс жасап жүргені баршамызға мәлім. Осы ұсынысты біз жергілікті қауымдастықтың «Даму» бағдарламасы арқылы төрт жыл қатарынан енгізіп отырмыз. Ауылдың орталығына әкелу жоспарымызда бар. Өздеріңіз білетіндей, кейбір кедергілер бар екені жасырын емес. Бұдан соң ауылдық дәрігерлік амбулаторияны ең болмағанда, 15 керуеттік стационарлық аурухана ету қажеттігі күні бүгінге дейін ұсыныс-пікір ретінде айтылып келді. Бұл жөнінде жоғары жаққа ұсыныстар берілді. Бұрын бұл жер аудан орталығы 
болғандықтан, үлкен аурухана, перзентхана болған, ал қазіргі кезде дәрігерлік амбулатория ғана болып, жұмыс жасап тұр. Бір жағынан ауруханаға жоғары білімді дәрігерлер тапшы болып отыр,- деп тұрғындар назарын өзіне аударды. Жиында сондай-ақ тұрғындар айта-айта мезі еткен, бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбы- жол мәселесі тағы да алдыңғы орынға шықты .Бұл жөнінде аудан әкімі Полымбет Хасанов:

-Ауданымыздың аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін мәселелер ауылішілік жолдары. Өткен жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында осы Х.Ерғалиев ауылында 8 шақырым, 600 метр жаяу жүргіншілер, 4 шақырым 300 метр жол құрылысын бастаймыз, - деп мемлекеттік сатып алу конкурсын өткіздік. Қорытындысы бойынша ұтып алған Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданынан «Промстроймонтаж-21» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Өкінішке орай, жұмыс тиісті деңгейде аяқталған жоқ. Біздер келісімшартты бір жақты бұздық. Сотқа талап арыз берілді. Сот талап арызымызды қанағаттандырған жоқ, бас тартты. Мердігер мекеме бізге келісім шартты бұзғандарыңыз заңсыз, соңында қалпына келтіріп беруімізді сұрап, сотқа талап арыз берді. Сот бұл арызды қанағаттандырып, келісімшартты қайта қалпына келтіруді талап етті. Біз қайтадан келісімшартты рәсімдедік. Биылғы жылға қарастырылған қаржысы бар, барлығы емес. Бірақ бізде облыстық бюджетті нақтылау тоқсан сайын болады. Мердігер мекеме жұмысын тиісті деңгейде жүргізіп жатса, облыстық маслихат сессиясында қаржылары уақытылы беріліп тұрады, -деді. Округ әкімінің айтуынша, ауылдың ішінде жұмыстарын тоқтатпастан «BASTAU» жобасына қатысқан, Жұмагүл Тықырова, Еркінбек Құрашұлы, Алмас Ахметқали, Ақерке Мұратқалиева грант иегері атанған. Кәсіпкерлер алдағы уақытта белгілі бір нысан құрылысы біткен уақытта өз істерін қолға алып, елдің игілігі үшін қызмет атқаруды жоспарлап отырған көрінеді. Осы жоба 
аясында жас кәсіпкерлеріміз Айгерім Жақсыбаева, Абылай Бейсов мемлекеттік грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр. Өткен жылдың кездесуінде қозғалған С.Әдиев пен Қ.Хисин көшесіндегі электр желілерінің дұрыс жарық бермей тұрғанын, ток кернеуінің төмендігін айтқан тұрғындар көшеге өз алдына жеке трансформатор орнатуды сұрады. Бұл туралы округ әкімі:- Жоспар бойынша сол көшеге денешынықтыру сауықтыру кешені салыну керек. Бақсай каналына жақын осы аталған екі көшеге ток кернеуі жоғары трансформатор орнатылады, осы трансформатор арқылы екі көше жарығы іске қосылады деген уәжін жеткізді. Сондай-ақ жиында ауыл тұрғыны Қалеш Хамзин Новобогат мектебі алдындағы 400 метр тас жолды салу керектігін сөз етсе, еңбек ардагері Ибатолла Сәтенұлы ауылда салынуы жоспарланып жатқан саябақ құрылысын жеделдетуін және де Ұлы отан соғысы ардагері Қабиев Ғатау атына көше беру керектігін тілге тиек етіп, ұсынысын білдірсе, ауыл тұрғыны Құрманғали Макулов ауылдың күл-қоқысын шығаратын техника жоқтығын айтып, техника санын көбею қажеттігін және М.Қалиев көшесіне жарық керек екендігін алға тартты. Бірінен соң бірі жауған сауалдар тізімінде Х.Ерғалиев ауылындағы «Комплекс» мекенжайына дейін тасжол салу керектігі де айтылды. Ауыл тұрғыны Сырлыбай 
Наурызовтың айтуынша, бұл ауыл тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. Ол осы сауалға аудан әкімінен жауап күтетінін сөз етті. Кейін ортаға өткен жылы ауыл бойынша қыруар атқарылған кейбір жұмыстарға ризашылығын білдірген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекболат Мусин көтеріліп, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөңдеу жұмыстарының сапасына алаңдаулы екенін, жөңдеу жұмыстары тезірек бітіп, халық игілігіне пайдалануға берілуін сұрады. Бақсай каналына күрделі жөңдеу жүргізіп, жазда балалар шомылатындай жағдай жасау керектігін де ұсыныс ретінде айтып өтті. Кездесуде аудан әкімі жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарға толықтай жауап беріп, ұсыныс-пікірлерге, ауылдық округ көлемінде жасалатын жұмыстарға қатысты ойларымен бөлісті. Кейбір мәселелерді қайтадан зерделеуді қажет ететінін қаперге беріп, барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайтындығын, ортақ мәселелерді алдағы уақытта жұртшылықпен бірлесе шешуге шақырды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521