Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев  атындағы орта мектепте инклюзивті қолдау кабинеті ашылды

Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев  атындағы орта мектепте инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Бұған облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнара Садуахасова, адами капиталды дамыту орталығының директоры Унгарбаев Қанат арнайы келіп қатысты. Инклюзивті кабинет «Сенім тірегі» қоғамдық қорының демеушілігімен, яғни төрайымы Самал Жұмашеваның қолдауымен ашылып отыр.

Жобаның басты мақсаты –ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытудың тиімді моделін құру, сондай-ақ ата-аналар мен мұғалімдерге оқыту мен тәрбиелеу әдістерін таңдауда көмектесу. Аталған мектепте ерекше білімді қажет ететін 5 оқушы оқиды, олардың әрбіріне педагог-ассистент қолдау көрсетеді. Сонымен қатар онда дефектолог, логопед, кабинет жетекшісі штаттары бар. Педагогтардың сүйемелдеуімен оқушыларды қалыпты балалардың қатарына қосу –орталық мамандардың негізгі басты мақсаттарының бірі.

Инклюзивті қолдау кабинетінің ашылу салтанатына аудан әкімі Полымбет Хасанов, Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі  Айбатыр Бекішұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Алма Сағындыққызы, Жамбыл бастауыш мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Рысгүл Мұратқызы қатысты. Аудан әкімі осындай бастамаға ризашылығын білдіріп, шынайы құттықтау тілегін жеткізді.

Кабинеттің ашылу салтанатында лента қию рәсімі облыстық білім беру басқарма басшысы Гүлнара Садуақасова және аталған қоғамдық қорының төрайымы Самал Жумашеваға берілді.

Шараның алғы сөзін Ж.Мырзағалиева атындағы орта мектептің директоры Жасұлан Алипов алып, жылы лебізін білдірді.

–Бүгінгі күні біздің мектебімізге қош келдіңіздер! Қадамдарыңыз сәтті болсын! Бұл кабинет 2022 жылдың 1 желтоқсанында Самал Жұмашеваның қолдауымен талабына сай жабдықталған. Сол 1-ші желтоқсаннан бастап, біздер 4 оқушы қабылдап, оған қазір 1 кабинет меңгерушісі мен 2 педагог-ассистент қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда қатарға 1 оқушы қосылып, 5 оқушы осы кабинетте білім алуда. Алдағы уақытта бұл кабинет ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру процесіне қатыстыруға жол ашады, -деді ол.

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің инклюзивті кабинеті «Сенім тірегі» қоғамдық қорының демеушілік қаражаты есебінен қаржыландырылды. Бұл аталған қордың 5-ші кабинеті екен. Осы жөнінде  үкіметтік емес ұйымның төрайымы Самал Жұмашева  баяндады.

-Құрметті барша исатайлықтар сіздермен жүздескеніме қуаныштымын.Алғаш рет Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылдық округінде инклюзивті қолдау кабинеті ашылып, балаларға, соның ішінде ерекше білімді қажет ететін балаларға дені сау, қалыпты балалармен тең дәрежеде білім алуға мүмкіндік жасаудамыз. Бұл «Сенім тірегі» қоғамдық қорының қолдауымен ашылған 5-ші кабинет. Бұған дейін Құлсары қаласынан 2 кабинет және де Абайда, Құрманғазы да ашылды. Балаларға мүмкіндік жасай берейік, бірақ ерекше балалардың саны азайсын. Өкінішке қарай, ерекше қажеттіліктері бар балалар көбейіп бара жатыр. Оларда басқа балалар секілді тең дәрежеде білім алуға құқылы. Бұл кабинеттің бір жақсысы, арнайы мамандардың сүйемелдеуімен өзінің сыныбына апарып, білім алуына көмектесіп, мектеп бағдарламасынан бөлек осы жерде өз деңгейіне сәйкес білім алады,-деп ол өз сөзін зор қуанышпен аяқтады.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521