ТҰЩЫҚҰДЫҚТА ЖАПСАРЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Тұщықұдық ауылындағы Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектептің жапсаржай құрылысының  аяқталып, пайдалануға берілуіне арналған салтанатты шарасы өтті. Мұнда да аудан әкімі Полымбет Максимұлы сөз сөйлеп, барша ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды, мектем ұжымын білім күнімен құттықтап, білім бұлағынан сусындауға асығып келе жатқан жаңа буын ұрпақтар үшін мектеп тарихында есте қаларлық тамаша жаңалық болып жатқанын қуана жеткізді. Құттықтау сөз кезегінде «ТеңізШеврОйл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов, ардагер ұстаз Балғаным Қайырлиева да өз лебіздерімен бөлісті. Мерекелік шарада  сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева да болды.

Шара барысында «Тоныкөк құрылыс» ЖШС директорының орынбасары Тоқтарбай Жылқыбаев жаңа ғимараттың символикалық кілтін Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебінің директоры Жасұлан Алиповке  салтанатты түрде табыс етті. Ал мектептің қызыл лентасын ардагер ұстаз, бірнеше жылдар бойы осы мектепте директор қызметін атқарған Дина Әмірова мен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің директоры Жасұлан Алипов қиды. Бұдан кейін алыстан-жақыннан келген қонақтар,ұстаздар, ата-аналар жаңа ғимараттың ішін аралап, көрді.

Жүз жылдан аса тарихы бар мектептің жанынан жапсаржай салу жұмысын 2021 жылдың тамыз айында «ТеңізШеврОйл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы аясында қаржыландыруымен «Тоныкөк құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған болатын. Аз ғана уақыт ішінде жоғарыда аталған компания мектеп жанындағы жапсаржайды іске қосты. Жаңа ғимарат  350  оқушыға арналған. Ғимаратта 14 сынып бөлмесі, 100 орындық акт және спорт залдары, мамандарға арналған жеке кабинеттер, 60 орындық асхана, кітапхана, кітап сақтау бөлмесі бар. Барлық кабинеттер қазіргі заманғы талаптарға сай жабдықталған. Мектеп 50 ішкі-сыртқы бақылау бейнекамерасымен, барлық сыныптар интерактивті тақталармен қамтамасыз етілген. Ауласы да толықтай көгалдандырылып, оқушылардың түрлі ойындарына ыңғайлы стадион, жүгіру алаңы да ойластырылған. Осылайша, биылғы жаңа оқу жылында 456 оқушы жаңа ғимаратта білім алмақшы.                                     

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521