«ТҰЩЫҚҰДЫҚ» ТОП БАСТАДЫ

 Тамыз айының басында бастау алған кіші аяқ доптан аудандық лига ойындары тур өткен сайын қыза түсуде. Өткен аптаның 5-6 тур ойындары тартысқа толы өтті. Әр команда ойыншыларының алаңда бір-бірін түсінуі, легионерлердің жергілікті ойыншылармен бірлесіп жақсы ойын өрнегін көрсетуі көрермендердің көңілінен шығуда.

 Тур ойындары басталмас бұрын сенбі күні 3-4 турдың «Үздік ойыншысы» марапатталды. «Үздік ойыншы» аққыстаулық «Даллас» командасының ойыншысы Еламан Қалиматов атанды. Еламанға ұйымдастыру алқасы атынан сыйлықты «Барыс» балалар мен жасөспірімдер және денешынықтыру даярлық клубының директоры, аудандық А.Жұмабеков табыстады.

5 турдың ерекшелігі 8 ойында  60 гол соғылды. Бұл әзірге ең жоғары көрсеткіш. «Қамысқала» командасы «Исатай» қақпасына 10 гол соқса, тұщықұдықтық «Барлаушы» командасы Азат командасына 9 гол соқты. «Аққыстау сити» командасы да «Жанбайға» 6 гол соқты.

6 турда турнирлік кестенің көш басындағы командалардың кездесуімен есте қалды. «Тұщықұдық» командасы «Нарын» командасын 3:1 есебімен жеңіп, турнирлік кестедігі бірінші орнын сақтап қалды. Аққыстаулық «Даллас» пен «Аққыстау сити» арасындағы ойын турдың ең қызықты ойыны атанды. Қарсыластар бір-біріне кезек-кезек гол соғып, ойынның аяқталуына 1 минут қалғанда «Аққыстау сити» 4:3 есебімен алға шыққан болатын. Алайда, «Даллас» қақпашысы Т.Аронов соңғы секундта гол соғып, ойын 4:4 есебімен аяқталды. Осылайша «Даллас» командасы ұпай жоғалтып, Тұщықұдықтан 2 ұпайға қалып келеді.

«Зинеден» мен «Исатай» арасындағы көрші ауылдардың ойыны 6:1 есебімен зинедендіктердің пайдасына аяқталды. Аққыстаулық «Барыс.кз» командасы «Құлагерді» 5:1 есебімен ұтып, алғашқы жеңісіне ие болды. Басқа кездесулер де тартысты өтіп, «Өркен» – «Қамысқала» 2:6, «Номад – Азат» 4:5, «Барлаушы» – «Қамысқала мешіті»1:0, «Лион» – «Жанбай» 3:1 есебімен аяқталды.

Ойыннан бөлек өткен апта жанкүйерлердің де белсенділігімен есте қалды. Әсіресе Тұщықұдық ауылының жанкүйерлерінің белсенділігі бөлек. Олар әр ойын сайын арнайы дыбыс күшейткіш құралдармен келіп, ойыншыларға ерекше қолдау көрсетіп келеді.

Алдағы сенбі-жексенбі күндері де лига ойындары жалғасатын болады. Жанкүйерлер мен футбол жанашырларын командаларды қолдауға шақырамыз.

 

Марат Жұмабеков,

аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521