Түсінік жұмыстары неге төмен?

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің есебі тыңдалды Жақында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Ермұханов өткен жылы сала бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жиынды ашқан аудан әкімі бөлім басшысының есептік баяндамасына кезек беріп, сол бойынша сауалдарын қойды. Баяндамашы былтыр аудан аумағында 16 га жер көлемінде егін егіліп, одан 27,4 тн. көкөніс, 31,0 тн. бау-бақша өнімдері, барлығы 58,4 тн. егін өнімдері алынғандығын айтып өткен. Алайда бұл 2016 жылмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш. Өйткені, ол жылы игерілген жер көлемі 28 гектарға жеткен болатын. Осы жайды сынға алған аудан әкіміне сала басшысы биыл ол кемшіліктердің орны толатындығын жеткізді. Білгеніміздей, биыл 9 шаруа қожалығы егін шаруашылығын қолға алып отыр. Аудан әкімінің алдында олардың аты-жөніне дейін атап берген басшы шаруалардан нәтижелі жұмыс күтуге болатынын байқатты.

Жалпы кәсіпкерлердің егін шаруашылығына деген қызығушылығы неге төмен? Бұл атакәсіпті қолға алуда қандай кедергілер бар? М.Мурзиев аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Ермұхановқа қойған бұл сауалына «Кәсіпкерлерге алған жерлері ұнамай шығады», «Жерді құнарсыз санайды» сынды жауаптар алды. Түсінгеніміз, шаруагерлер егін егуде тәуекелге бара алмайды. Неге? «Көз – қорқақ, қол – батыр» деп мінберде мақалдатқан маманның осы бағытта жеткілікті деңгейде түсінік жұмыстарын жүргізбегендігін қадап айтқан аудан басшысы жаңа технологияларды пайдаланатын болсақ, қандай қиындықтарды да жеңіп шығуға болатындығын айтты. – Әбден күн жылынар кезде емес, жұмыс науқаны басталмай тұрып кәсіпкерлермен сөйлесіп, мәселелерді шешіп қою керек. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдауларды дер кезінде түсіндіріп тұру - сала мамандарының жұмысы.

Шаруа адам жұмысымен жүре ме, әлде, ақшаның, құжаттардың артынан жүгіре ме? Қандай субсидия бар, оған нендей құжаттар рәсімделуі тиіс, осы жұмыстарды атқарысып, шаруагерлермен бірдей жүрулеріңіз керек,- деді аудан әкімі М.Мурзиев. Жиынға қатысушы шаруа қожалықтары өкілдерінің бірі А.Қабдулов егінмен айналысушы шаруагерлерге туындайтын үш кедергіні атап өтті. - Әкімшіліктің де, қаржы институттарының да назарынан тыс қалған негізгі екі мәселе бар. Ол – несие алуда кепілге қойылатын мүліктің бағасы, - дейді ол. – Мәселен, біз ауданнан тұрғын үйді 7, 8 млн. теңгеден артыққа бағалата алмаймыз. Ал, берілетін қаржы көлемі сол кепіл мүлкінің 60 пайызынан аспайды.

Екіншісі – қаржы ұйымдарының талаптарының күрделілігі. Оған бір мысал айтар болсақ, техника алмақ болсаңыз, оның шығарылған жылы 2012 жылдан бері болуы тиіс. Ал, бағасы 8 млн. теңгеден төмен болуы қажет екен. Дәл бұндай талапта, осы бағада техника табу өте қиын. Егер мүмкін болса, осы мәселеге ықпал етсеңіздер деген ұсынысым бар, - дейді А.Қабдулов. Жақында аудан орталығында қаржы институттары өкілдерімен жиын өтетінін айтып өткен аудан әкімі осы мәселелерге, басқа да көкейде жүрген сауалдарға жауап аламын деуші кәсіпкерлерді сол басқосуға ұйымшылдықпен қатысуға шақырды. Ауданда 4 ауылшаруашылығы кооперативі бар. Кооперативтердің құрылғанына жыл жарым уақыт өтсе де әлі күнге жұмысы жүрмей отыр. Оның басты себебі де қаржы инс-титуттарымен тікелей байланысты екен. – Саны бар, сапасы жоқ кооперативтерден гөрі жұмыс жасайтын бір ғана шаруашылық ұжымы болғаны дұрыс шығар, - деген аудан әкімі сала басшысы Қ.Ермұхановқа бұл мәселенің 1-маусымға дейін шешілуін тапсырды. Мал шаруашылығын дамыту бағытында да түсінік жұмыстары керек-ақ. Әсіресе, бағдарламалардағы жеңілдіктер мен талаптар халыққа нақты, уақытылы жеткізіліп отыруы қажет. Баяндамада ағымдағы жұмысты ғана атап, жыл сайынғы малдың өсімін көрсетіп, бәрі жақсы деп бөрікті аспанға атудың жөнсіз санайтындығын жеткізген аудан әкімі бұл еңбектің көбі ауылшаруашылығы бөлімінің емес, жеке қожалықтардың, яғни, шаруагерлердің өз еңбектерінің нәтижесі екендігін айтады. - Ал, егер, осы шаруагерлерге мемлекет көрсетіп жатқан қолдауларды түсіндіріп, жан-жақты көмек берсеңіздер, олар бұдан екі есе нәтижеге қол жеткізер еді, -дейді ол. – Малға да, ішуге де суды каналдан тасып отырмын. Жерім шаруаға жайлы, бірақ, басты мәселе – тіршілік көзі болып отыр, - дейді Көкарна елді мекенін қоныстанған шаруагер А.Әбуғалиұлы. Оның айтуынша, шаруасын бастаған уақытта қонысы маңына теңіз суы келіп тұрғандықтан, судан ешқандай қажеттілік туындамаған, ал,қазір теңіз қайтып кеткелі су әкелу қиындап тұр.

Канал бойынан жер берілсе, бұрынғы жерін тапсырып, өзек бойына көшуге де дайын екендігін айтады ол. Сондай-ақ кәсіпкер ет, сүт өнімдерін сатуды қолға алғысы келетіндігін жеткізді. Орны да дайын екен. Үйінің ауласынан салынған шағын дүкенге ет, сүт өнімдерін сатуға рұқсат жоқ екендігін естігенін айтқан шаруагер мәселенің анық-қанығын білгісі келді. Аудан басшысы бұл мәселелер негізгі талаптар ескеріле отырып шешілетіндігін жеткізді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға бағытында қолдаулар жетерлік. Тек оны халыққа түсіндіріп отыруымыз қажет. - Тағы бір айтарым, уәкілетті органдар кәсіпкерлердің қасынан табылып, олармен етене байланыста болуы тиіс. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз, - деді жиынды қорытындылаған аудан әкімі.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521