Тәуелсіздік ұлықталған ұлы күн

Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына биыл жиырма жеті жыл толып отыр.

Еліміздің басты мерекесіне орай «Жалын» мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Тәуелсіздік мерекесі - өз тарихында тұңғыш рет заманауи мемлекет құрған Қазақстан халқының ауқымды тарихи жетістіктерінің жарқын көрінісі. Қазақстан үшін бұл жылдар ілгерілеу мен орнықты даму кезеңі болды. Осы аралықта ел экономикасы қарқынды дамып, тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Мерекелік шарада аудан әкімі Марат Мурзиев аудан жұртшылығын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.Мәдени шара барысында аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бір топ мекеме-кәсіпорын қызметкерлеріне салтанатты түрде марапаттар тапсырды.

Атап айтсақ, күзет саласының ардагері, зейнеткер Мырзабек Дәулетов, Атырау теміржол жүк тасымалдау бөлімі Нарын бекетінің бекет кезекшісі Майра Мұстажапқызы, забурындық жеке кәсіпкер Меруерт Көншекеева облыс әкімінің, Новобогат орта мектебінің химия-биология пәнінің мұғалімі Айгүл Бердібекова, аудандық соттың бас маманы, сот мәжілісінің хатшысы Динара Сүлейменова, аудандық статистика басқармасының жетекші маманы Нұрсұлу Сұлтанова аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталса, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Құлғалиева, аудандық қазынашылық бөлімінің басшысы Тұрлан Суханберлин, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтық жұмыстар және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Мұрасбек Бозбалиев, «Жалын» мәдениет үйінің директоры, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Роза Қарабалина, аудандық орталық аурухананың дәрігері Сәуле Қайреденова, «Болат Д» ЖШС директоры Дарын Зұлқашевтар «Исатай ауданына – 90 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды.

Ал аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Мұханбеталиев еңбек ардагері, зейнеткер Ыбырай Өтековті, «Атырау Энергосату» ЖШС аудандық учаскесінің инженері Бағытжан Алпысбаевты, аудандық телекоммуникация торабының электр механигі Талғат Қабиденовті облыстық мәслихаттың, Қамысқала ауылдық округінің ардагер энергетигі Бақтыбай Тілеуовті, Тұщықұдық байланыс бөлімшесінің басшысы Айгүл Имашеваны, «Өркен» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Нұргүл Қаржауованы, Ресей елінде «Белбеу күресінен» өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрсәт Құттыбаевты аудандық мәслихаттың алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ олардың жұмыстарына сәттілік, еңбектеріне табыс тіледі.

Бұдан кейін Тәуелсіздік мерекесіне орай бір топ мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады. Салтанатты кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимннен бастау алып, қазақтың әсем әндерімен, тәтті күйлерімен жалғасын тапты. Әсіресе, аудан өнерпаздарының орындауларындағы театрландырылған көрініс кешке жиылған жұртшылықтың көңілінен шықты. Кеш барысында орындалған ұлт аспаптар оркестрінің Түркештің «Көңілашар», «Балдырғандар» ансамблінің Құрманғазының «Балбырауын» күйлері мен «Туған ел», «Егемен Қазақстан», «Атамекен», «Еділ мен Жайық», т.б. патриоттық тақырыптағы әндер және «Аққайың» би ансамблінің өнері залда отырған көрермендерге рух беріп, тамаша бір сезімге бөледі.

Аяпберген Салихов

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT