«Нарын таңы» газетінің №9 (3909) 28.02.2019 санында «Келін боп Дина түскен жер» атты жолжазба материалым жарияланған еді. Сол сапарда танысқан Айбас учаскесінде мыңғыртып мал өсірген Сәуірбек есімді азамат жайлы бөлек лебіз білдіруді жөн санадым. Қазірде құм өресінде, «әке көрген тон пішеді» дегендей, атакәсіпті ардақтаған азаматтың бірі - осы жігіт. Шаруаға да құнтты азаматтың тұрмысы да тап қалалық жердегідей көрінген.
Күй атасы Құрманғазының ізбасары, қазақтың дарабоз күйшісі Дина Нұрпейісованың келін болып түскен жеріне стелла белгі орнату үшін шыққан топ «Ахмет» қыстағындағы «Мажанов» шаруа қожалығының бақташысы Сәуірбек Ахметбековтің үйіне түнделетіп жеттік. Осында демалып, ертемен 15 шақырым жердегі Шәпек орнына барып, Дина шешемізге белгіні орнатуды жоспарлағанбыз.
Біздің бұл сапарымыздан алдын ала хабардар болған Сәуірбек қонақтар келеді деп күтіп отыр екен. Электр моторы үйге жарық беріп тұр. Жаңадан салынған 4 бөлмелі пәтер жып-жылы. Екі кішкентайы болса, асыр сала ойнап жүр. Теледидарда қазақ әндерінен концерт беріліп жатқанының үстіне келіппіз.
40 жастағы Сәуірбектің келіншегі Кенжегүл - ауыл қызы. Шырайлы отбасында бес бүлдіршін өсіп келеді екен. Әкесі Қабдыманап Ахметбеков жұбайы Балғаным апай екеуі дүниеге 10 бала әкеліпті. Міне, қызық. Сәуірбек - үшемнің бірі. Бірге туған үшеудің екеуі – бірі Бақтыбек - Атырау қаласында жұмыста, ал, Зәуре - Тұщықұдық ауылында тұрмыста.
- Марқұм әкемнің қыстақ орны осы жер болатын. Әкем тер төгіп, табан ізі қалған сол жерде еңбек еткенімді мақтаныш тұтамын. Ағам Қыдырғалидың үйі 3 шақырым жерде, бөлек мал бағады, - деді Сәуірбек. Осында орналасқан спутниктік байланыс стансысы арқылы төңіректегі малшылардың бәрін Шәпек орнындағы ертеңгі шаруа жайлы хабардар қылып та үлгердік.
Ертесіне ертемен жолға шықтық. Жас та болса, әкесінің жолын жалғастырып, шаруаны дөңгелеткен елгезек, ақжарқын азамат, тәуір жігіт - Сәуірбек көңілімізде сол қалпында қалып барады.
Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ