Тағылымды тірлік соқпағы

Бұрынғылар өмірді шапқан атқа, жанған отқа теңейтін. Шындығында, бұл дәл теңеу екен ғой. 

Кеше арындап, жалындап жүрген жап-жас қыз-жігіттер - бүгінде жер ортасынан асып, ағалық дәуренге абыроймен қол созып, өткенге қимастықпен қарап, болашаққа зор сенім артып отырған абзал ардагерлер. Олардың соңында өшпес із қалды. Қоғамның өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосқан жандардың еселі еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Игі істері әр көкейде сайрап тұр, мұрағаттарда қаттаулы, жас ұрпақ алдындағы жарық жұлдыз іспетті.

Бұл орайда ауыл шаруашылығында, мұнай-газ өндіру саласында жалықпай жұмыс жасап, алға қой-ған мақсаттарға ұжыммен бірге жұмылған Салауат Бақытұлы Қадырғалиевтың мерейі әркез үстем. Ауылда өсіп-өнген Салауаттың өмірдегі алғашқы қадамы, бүкіл тыныс-тіршілігі облыстың шаруашылығымен байланысты өрбіп, өзінің азаматтық келбетін, маман ретіндегі күш-жігерін айқын көрсете білді.

Ақжарма көңілі, пәк тілегі алыстан-ақ білінетін абзал адамдарды көргенде әйгілі Джеки Чанның: «Кейде бас-қа жақта өткізген бір күн он жыл үйде отырғаннан көп береді» деген қанатты сөзі ойға орала кетеді. Иә, журналистік сапар-соқпақтарда, ұстаздық салада, өндірістік қызметте біраз жердің шаңын жұтып, шырайлы көріністерге, шуақты жандарға кезігіппін. Құмда-қырда, қалада-далада кісілігі мен түсінігі көкірегіңе қуаныш нұрын құйып, ілтипатына орнықты ойы ұштасқан парасатты пенделермен жүздескен, бірге бол-ған, дәм-тұз татысқан күндерді ұмыта алмаймын. Мұндай жандар тек менің жадымда ғана жаңғырып тұрған жоқ, баршаның көңіл төрінде қонақтап, өлшеусіз сый-құрметке бөленіп-ақ тұр. Сосын да бүгінде алпыс жастың асуына алқынбай аяқ басып, тірліктің тамылжыған бір белесінің биігінен мына жарық дүниеге ризашылық дидармен көз тастаған Салауат Бақытұлы туралы аз-кем әңгіме айтуды жөн көрдік.

Сәкеңді өз мүмкіндігін молынан танытқан, сол арқылы өмірдің өріне шығып, туған еліне адал қызмет еткен азамат ретінде танимын, құрмет тұтамын. Осы тұста Франсуа де Ладошфуканың: «Адамның бақытты, бақытсыз болуы оның талантына немесе бұйырғаны мен мінезіне байланысты» деген сөздері ой- санама орала береді. Сәкеңді де ілкі көргенімде таланты мен мінезіне риза боп, жай басып, жалпақ жүріп-ақ өз бақытын еңбектен табатынын бағамдағанмын. Мәселен, талантының бір қыры - «Теңізмұнайгаз» бірлестігіне қарасты Құлсарыдағы «Сымбат» тігін фабрикасының директоры болып жүргенінде осы саладағы ірі басшылардың және өзіне бағынышты мамандардың алдындағы беделі, олармен кез келген уақытта тіл табысуы, сөйтіп, істің қыбын лезде шешуі дер едік. Демек, Салауаттың әйгілі Теңіз кенішін игерудегі үлесі ешбір маманнан кем емес, әркез мақтан тұтарлықтай деуге толық негіз бар. «Мінезің - тағдырыңның қалқаны» деп бекер айтылған ба?! Сәкеңнің құптарлық қам-қаракеті оны бақытқа жеткізген негізгі баспалдақ екені даусыз. Әрине, осынау жауапты жұмысқа Сәкең өмірдің қыр-сырына қанығып, тәжірибесі толысқан шағында келіп еді. Ол әуелі Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын тамамдап, Маңғыстау, Атырау облыстарының «Казсельхозтехника», «Агропромкомбинат», облыстық ауыл шаруашылығы бас-қармаларында және Исатай,Махамбет аудандарында қатардағы механиктен бөлім бастығына дейінгі тәлімді кезеңнен өткен-ді.

Исатай ауданының Қарайғыр мекенінде 1958 жылы қаңтарда дүние есігін ашқан Салауат Қадырғалиевтың тумысына тән тағылымды қырлары 2003-2007 жылдары «Прорвамұнайгаз» бас-қармасында мамандар бөлімі меңгерушісі болып жүргенінде жарқырай көрінді. Дәл осы кезеңде ол жергілікті ұл-қыздарды оқытып-тоқыту, одан әрі тұрақты жұмыспен қамту, жас буын мен аға ұрпақтың арасындағы тәлімгерлік қозғалысты өрістету ісіне жете көңіл бөліп, көпшіліктің алғысын алды. Өндірісті өрге бастыра жүріп, Атырау мұнай-газ институтын да ойдағыдай аяқтады.

Туған жер түлегінің тындырымды ісі мен табанды қимылы ескерусіз қалған жоқ. Атқарушы және өкілетті орындардың, мұнай-газ саласының әртүрлі деңгейдегі медаль, Алғыс хат, төсбелгілерін де иеленді. Сөз жоқ, Сәкең өзіне тапсырылған қай жұмысты да зор жауапкершілікпен атқарып, азды-көпті алғыс иеленгенін іштей сезініп, әркез марқаяды. Ең басты табыс, жарқын жетістік жалпақ жұрттың жүрегінен лайықты орын алу деп түсінеді. Сол себепті де ол қай қиырда жүрсе де көш-керуеннің алғы легінен табылды.

Иә, тыпыршыған тірліктің толқынды ағысы қалай сүйресе де сүрінген жоқ. Сеніп тапсырылған лауазымды міндеттерге селкеу түсірмеді. «Доссор-Сервис», «Коммуналдық қызметтерді есептеу орталығы» серіктестіктері директоры болған жылдарда ұжым мен қоғамның мақсат-мүддесін сабақтастыра білді. Ал, 2013 жылдан «Бақ-Ырыс ЛТД» ЖШС-нің басшысы және 2014 жылдан «Тенгизстройсервис» мекемесі бас директорының орынбасары ретінде еліміздің қарқынды дамуы жолында жарасымды іс атқаруда.

Бүгінде халқына қалтқысыз қызмет еткен Салауат Бақытұлы Қадырғалиев асқаралы алпыс жасын қадірменді қосағы Дәмет және ұрпақтарының ортасында шалқыған шаттықпен қарсы алып, тәтті тірліктің көл-көсір шуағына бөленіп отыр. Адал дос, абзал азаматқа және оның отбасына бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Әбдіхалық ЖӘҢКЕЙҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521