ТАБАНДЫ ЕҢБЕК – ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ

383 шаруа қожалығы бар, оның ішінде 5-еуі асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалығы саналатын ауданымызда өткен жылы ауыл шаруашылығының өнім көлемі 10101,5 млрд теңге (01.01.2025 ж) болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 105,2 пайызды құрады (01.01. 2024 ж. – 9092,8 млрд. теңге). Оның ішінде ет өнімі 5542,4 мың тонна болса, сиыр сүтінің өнімі – 3104,5 мың тонна, жұмыртқа – 170,2 мың дана. Биылғы 1 қаңтарға тіркелген мал басына келсек, мүйізді ірі қара 30958 бас, қой-ешкі 39602  бас, жылқы 28720 бас, ал түйе 10906 бас болды. Яғни 2024-2025 жылдың қыстағына осынша бас мал түсті деген сөз.  

-Қысқы кезеңге 81,3 мың тонна мал азығы дайындалды. Қажетті 4,1 мың тонна құрама жем сатып алынды. Қысқы мал азығына қажетті шөптің шамамен 65-70 пайызы басқа өңірлерден, яғни Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, Құрманғазы мен Қызылқоға аудандарынан тасымалданды. Қалған бөлігі жергілікті жерде Каспий теңізінің жағалауынан, Нарын құмы өңірінен, суару-суландыру жүйелеріндегі шаруашылықтардан дайын-далды,-дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов.

Ауданның бас шаруагерінің айтуынша, аудан бойынша эпизоотиялық ахуал тұрақты. Жыл ішінде қауіпті аурулар тіркелген жоқ. Сібір жарасы ауруына қарсы профилактикалық шаралар 100 пайыз орындалған. Аудан көлемінде орналасқан сібір жарасы ошақтарының көмінділері жоқ. Жыл ішінде 8 шаруашылықтағы 140 бас мүйізді ірі қара малы бруцеллезге шалдығып, санитарлық сою алаңында жойылды.

Осынша мал басын өсіріп отырған аудан суару-суландыру жүйелері арқылы суландыратыны белгілі. Деректерге қарағанда, 2024 жылға аудан аумағындағы Бақсай, Нарын, Сборный және Кобяково-Забурын суару-суландыру жүйелерін сумен толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 213,2 млн теңге бөлініп, 45,9 млн теңге үнемделіп және игерілмей бюджетке кері қайтарылса, 167,0 млн теңге бекітілген кестеге сәйкес игерілген. Ал 2025 жылға каналдарды сумен толтыруға 243,0 млн теңге сұратылып, 216,1 млн теңге бөлінулі. Қалған 26,8 млн теңге алдағы бюджет нақтылауына берілуде екен.

-2024 жылы барлығы 72 шаруа қожалығына 72,3 млн теңге субсидия төленді,-дейді Дидар Жалғасбайұлы. – Олар ет және ет-сүт бағытындағы отандық асыл тұқымды 60 бас бұқа сатып алынғаны үшін 29 шаруа қожалығына 9,9 млн теңге субсидия, ірі қара малдың отандық асыл тұқымды аналық басын сатып алғаны үшін 3 шаруа қожалығына 111 басқа 16,6 млн теңге, түрлендіру жұмыстарына, ірі қара малдың тауарлық аналық басына 36 шаруа қожалығына 3275 басқа 32,7 млн теңге субсидия, ірі қара малдың асыл тұқымдық аналық басына 4 шаруа қожалығына 869 басқа 13,0 млн теңге субсидия төленді. Сатып алған немесе дайындаған мал азығының құнын арзандату үшін субсидия берілген жоқ.

Аудан бойынша «Бәйтерек-888» (Дауылбаев Расул), «Хамза» (Беркалиев Бердібек) аталатын 2 мал шаруашылығы кооперативі құрылуы да ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы игі бастамалардың бірі десек болар еді.

Білгеніміздей, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылы 13 адам 89.2 млн теңге несие алған. 2024 жылы 108 адамның несие тарихы тексеріліп, 90 адамның  құжаты  мақұлданулы. Оның ішінде 25 адам кәсіпкерлік бағыты бойынша болса, қалған 65 адам мал шаруашылығына алуды жоспарлап отыр.

Балық та байлығымыз.  Өткен жылғы көктемгі және күзгі маусымда 7 балық аулау мекемесі  – «СевКаспийФиш» ӨК, «Амангелді» ЖШС, «Абылайхан» ЖШС «Тлекші» ЖШС, «Құрманғазы» ӨК, «Жемчужина»ӨК, «Шағала-Атырау» ЖШС белгіленген лимит көлемінде жұмыс жасап, олардың құрамында болған 280  жергілікті тұрғын Каспий теңізінен балық аулап (109 бригада),  маусымдық  жұмыстарға тартылды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің биылғы жылғы жоспарында мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген несиені жауапты мамандармен бірлесіп ауылдық округтерді аралап түсіндіру жұмысын жалғастырып, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша құжаттары мақұлданған 90 адамға кәсіпкерлік бағытта несие алуға жәрдемдесіп, өз жұмыстарын бастауына көмек көрсету көзделінген. Жоғарыда айтылып кеткендей, 90 адамның 25-і кәсіпкерлік бағытты таңдаған. Ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп каналдардың уақытылы сумен қамтамасыз етілуі – басты шаруаның бірі.

Жыл бойғы жұмысты жандандыра түсетін және бір жайт ретінде мал шаруашылығы саласы бойынша субсидиялар алуға өтінім қабылдау басталғанын айтуға болады. Ол жөнінде берілген хабарламаларда: «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен бекітілген «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағидаларына сәйкес, төмендегі субсидиялар тізімі бойынша субсидия алуға өтінім қабылдау subsidy.plem.kz ақпараттық жүйесі арқылы ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан басталды (аяқталу мерзімі 20 желтоқсан);

Субсидия алуға өтінім берілген күннен бастап шаруашылықтар мәлімделген жануарлар мен құстар бастарының сақталуын АЖБ (ИСЖ) мен САТЖАҚ-та (ИАС) төмендегі мерзім ішінде қамтамасыз ету қажет:

1) аналық мал басын өтінім берілген күннен бастап 2 жыл бойы (табиғи кему (өлу) нормасын қоспағанда);

2) өндірушілерді (аталық) өтінім берілген күннен бастап кемінде 18 ай;

3) құстардың ата-енелік табынын өтінім берілген күннен бастап 60 апта бойы.

Субсидиялауға қажетті құжаттар аталған субсидиялау қағидасының өтінім нысандарында бекітілген.

Егер шаруашылықтар субсидиялауға берілген өтінім шеңберінде қабылданған міндеттемені бұзғаны расталған жағдайда, әрбір сақталмаған мал басы үшін алынған субсидиялар қайтарылатындығын хабарлайды.

Субсидия алу үшін пайдаланылған электрондық шот-фактураларды кері қайтарып алуға, жоюға және түзетуге жол берілмейді.

Субсидиялау мәселесіне қатысты сұрақтар бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдеріне немесе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тел: 8 (7122) 35-40-73, 35-50-31) хабарласуға болады» делінген.

«Нәсіптің кілті - кәсіпте» деп білген халқымыз атакәсібі саналған мал шаруашылығын жетік меңгергеніне мысалдар көп. Әрине, ол уақытта қазіргідей қолдаулар бола қоймаған. Ал бүгінгі мал шаруашылығын дамытудағы түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, қолдаулар танытылуы, көмектер көрсетілуі табанды еңбек болса табыстың негізі қаланбағына сендіре түседі. Шаруаны сынаған шақ – қыстың да көбі кетіп азы қалған сәттегі ауылдағы шаруаның жайынан хабардар қылған деректер мен дәйектер соны нақтылай түскендей.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT