Такси неге қымбатсыды? Оны бақылайтын мекеме жоқ па?

“Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер” деген ғибратты cөздің байыбына бара бермейміз-ау.

Халықтың қамынан бұрын өзінің қарнын ойлаумен әлек болғандар елдегі індетті пайдаланып, қай салада болмасын қызметінің құнын аспандатып жіберген. Бұлардың қатарына адам тасымалдайтын такси жүргізушілері де кіреді.

Аққыстау-Атырау арасындағы такси бағасының күрт өсуі көптің наразылығын тудыруда. Бір қызығы жанармай құны көтерілсе бірге өсетін жолақы бинзин бағасы қалпына келгенде төмендемей, сол күйі қалатыны несі? Керісінше, баға қосуға машықтанғандар, биылғы жылы да жол сапасын сылтауратып, тағы 200 теңге қосты. Ал, ертең жол тегістелген күнде баға қайта арзандай ма? Әй, қайдам...

Жолақының бұл жолғы өсу себебін айтып өтейік. Анаукүні карантиндік талапқа сай бір таксиге екі адамнан артық алуға тыйым салынды. Оған көпшілік түсіністікпен қарады. Өйткені, заң талабы - сол. Ал, кейін карантиндік шектеу шаралары жеңілдеп, таксилер салондарын толтырды. Бірақ, жаңа айтып өткеніміздей, жолақы сол күйі – 1200 теңге қалпында қалды.

Бұл ауыл тұрғындарының қалтасына ауыр тиіп тұр. Тіпті, тұрғындардың көбі Исатай ауданы әкімдігінің телеграмм парақшасында өз наразылықтарын білдіруде.

- Елде пандемия болып жатыр, көпшілік жұмыссыз қалды. Осыны ескерсе екен деймін. Егер жол ақысы түспейтін болса, такси жүргізушілері заң талабына сай жұмыс жасасын. Патент алып, жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей сапалы қызмет көрсетсін. Жолдың сапасыздығына халық жауапты емес, - деп жазады Амандық Қалешов телеграмм чатта.

Ал, такси жүргізушілері қазіргі бағаның орынды екенін айтып, жыртығы жамалмаған жол проблемасын алға тартып отыр.

- Бұл жердегі баға саясаты деген үлкен мәселені ескеру керек. Қоғамдық көліктер секілді оларға белгілі мөлшерде тариф қойылмағандықтан, такси жүргізушісі мен жолаушының өзара ауызша келісіміне сәйкес баға жаңартылып отырады. Қазір такси бағасын бақылайтын мекеме жоқ. Сондықтан әкімдік тарапынан біз оған ешқандай ықпал жасай алмаймыз, - дейді Исатай аудандық тұрғын үй-коммуникалдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдарбек Зиноллаев тікелей эфирдегі сұхбатында.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жолақы - Атырау-Аққыстау – 1200 теңге, Атырау-Тұщықұдық – 1000 теңге, Атырау-Х.Ерғалиев ауылы – 800 теңге.

Байболат СҰҢҒАТОВ

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521