Биыл Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының бастамасымен аудан жастарын әлеуметтендіруге бағытталған «Талаптан» жобасы жүзеге асуда. Бұл жоба облыс көлеміндегі жеті ауданды қамтып, жас буынның белсенділігін арттыруға, шығармашылығын шыңдауға зор мүмкіндік беріп отыр. Ауданымыздағы «Белсенді» қоғамдық қоры аталған жоба аясында түрлі танымдық және мәдени шаралар ұйымдастырып келеді. Соның ішінде ерекше атап өтерлік іс-шараның бірі – Исатай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен өткен «Талаптан» жастар кубогы атты көңілді тапқырлар сайысы. Бұл сайыс жас буынның тапқырлығын, шешендігін және өнерге деген сүйіспеншілігін паш етіп, жастарға шаттық пен шабыт сыйлаған әсерлі басқосу болды.

Жайдарман алаңына ауданның белсенді, өнерлі жастары жиналып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. Сайысқа 5 команда қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда: Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің «Иса time» құрамасы, Өркен орта мектебінің «Бағдаршам» командасы, аудандық білім бөлімі жанындағы мектеп-гимназияның «Планета» құрамасы, Аққыстау орта мектебінің «Арнайы Құдірет үшін» құрамасы, және Новобогат орта мектебінің «Әжесінің балалары» командасы сахна төрінде өз өнерлерін ортаға салды.

Аталмыш сайыс «Сәлемдесу» және «5 әзіл» сынды екі кезеңнен тұрды. Әр команда өздерінің тапқырлығын, актерлік қабілетін, сахна мәдениетін және қоғамдағы өзекті тақырыптарға деген көзқарасын әзіл арқылы шебер жеткізе білді. Ойынның әділ бағасын беру үшін құрылған қазылар алқасы құрамында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитова, Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің директоры Ербол Ахтанов, облыстық ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы КММ-нің Исатай ауданы бойынша маманы Медет Насихатов, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, айтыскер-ақын Амангелді Панабердиев, сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Асанәлі Мағзомов болды.

Әзіл мен қалжыңға, өлең мен өнерге толы болған ойында жастар қоғамдағы кейбір мәселелерді қағытпа қалжыңмен өрнектеп, көрерменге ой салды. Мектеп оқушыларының сахнадағы еркін қимылы мен тапқырлығы көрермендерді тәнті етті. Командаларды қолдауға ата-аналар, ұстаздар мен оқушылардан бөлек мектеп директорлары да келіп, оқушылардың әрбір әзілін зор қошеметпен қарсы алды.

Жайдарманның қорытындысы бойынша Өркен орта мектебінің «Бағдаршам» командасы үздік үштікке енсе, аудандық білім бөлімі жанындағы мектеп-гимназияның «Планета» құрамасы жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал қарсыластарынан оза шауып, өздерінің тәжірибесі мен тапқырлығын дәлелдеген Новобогат орта мектебінің «Әжесінің балалары» құрамасы «Талаптан» жастар кубогының жеңімпазы атанды. Барлық қатысушы командаларға ақшалай сертификаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

