Кәсіптің нәсібінен бұрын ең бастысы – санитарлық талаптарға сай болу. Бұл – көпшілікке белгілі дүние болғанымен, іс жүзінде орындау барысы кәсіпкерлерге оңайға түспей жатады. Әсіресе ет-сүт өңдеу сынды жауапкершілігі жоғары салаларда қойылатын талаптар қатаң. Бірі құжатпен әуре болса, бірі ғимаратты талапқа сәйкестендіре алмайды, енді бірі қызметкерлердің медициналық жағдайына байланысты қиындықтарға тап болады. Осы мәселені жан-жақты түсіну үшін біз аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Нұралиевадан кәсіпкерлерге қойылатын негізгі санитарлық талаптар жөнінде толығырақ сұраған едік.
Ардақ Жәнібекқызының айтуынша, ет-сүт өнімдерін өндіру кәсіпорнын ашу кезінде жұмысты жобалау кезеңінен бастап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № ҚР ДСМ-36 бұйрығымен бекітілген «Тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын сақтау қажет. Бұл қағидалар тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорындардың қызметін дұрыс ұйымдастыруға, санитариялық тәртіпті сақтауға және халыққа қауіпсіз өнім ұсынуға міндетті нормаларды белгілейді.
– Санитариялық қағи-даларға сәйкес, өндірістік объектілерді жоспарлау кезінде аумақ дұрыс бөлінуі керектігі және шикізат пен дайын өнімнің қозғалыс жолдары қиылыспауы қажеттігі көрсетіледі. Бұл кросс-ластанудың алдын алып, өндірістік процестердің бірізділігін сақтауға көмектеседі. Өндірістік бөлмелердің қабырғалары мен едендері ылғалға төзімді, жуып-тазалауға ыңғайлы материалдардан жасалуы, желдету, жарықтандыру және температуралық режимдерді бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Су сапасы да қатаң бақылауға алынып, объектілер тек ауыз сумен қамтамасыз етіліп, судың сапасы бекітілген кес-теге сәйкес зертханалық бақылаудан өткізіледі. Шикізат қабылдау кезінде оның қауіпсіздігі мен шығу тегін растайтын құжаттар тексеріліп, тасымалдау жағдайлары санитариялық талаптарға сай болуы керек. Қызметкерлер де санитариялық талаптарды сақтауға міндетті. Әрбір адам міндетті медициналық тексеруден өтіп, гигиеналық оқытудан өтуі керек. Арнайы киімдер күнделікті ауыстырылып, жуылып-дезинфекцияланады. Санитариялық бақылау органдары қызметкердің жеке бас гигиенасының өнім қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап көрсетеді. Технологиялық жабдықтар, аспаптар және көп қолданылатын ыдыстар бекітілген кестеге сәйкес жуылып, дезинфекцияланады. Бұл өнімнің микробиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өндіріс ортасын таза ұстап тұруға бағытталған. Өндірістік қалдықтар арнайы контейнерлерде жиналып, уақытында шығарылып, залалсыздандырылуы тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары № ҚР ДСМ-36 бұйрығымен бекітілген қағидаларды сақтау әрбір кәсіпкердің міндеті екенін ескертеді. Қағидалардың орындалуы – халыққа ұсынылатын тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі шарт,-дейді А.Нұралиева.
Ардақ Жәнібекқызының сөзінше, санитарлық талаптар кәсіпкерлерді қинау үшін емес, керісінше олардың жұмысын қауіпсіз әрі сапалы ету үшін қажет. Талаптарды алдын ала ескеріп, бәрін дұрыс жоспарлаған кәсіпкер болашақта көптеген қиындықтың алдын алады. Мұндай кәсіпорын өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұтынушы сеніміне де ие болатынын атап өтті.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН

