Танымды кеңейткен тағылымды сапар

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бағытында «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы былтырғы жылдан бастап нақты жобаларды қолға алған болатын.

«Қарой-Шейітсай-Қарой», «Ақмешіт-Бекет Ата кесенесі» автожорықтарынан бас-тау алған бұл бастама биыл халықаралық деңгейде жалғасын тапты. Жақында қазақтың қасиеттілері Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне және түпкі меже Өзбекстан жерінде мәңгі дамыл тапқан Кіші жүздің биі Әйтеке бидің кесенесіне зиярат етуді және тың деректер жинақтап, бұрынғыны жаңғыртып, кейінгіге насихаттауды мақсат еткен «Сарайшық-Арыстанбаб-Қожа Ахмет Яссауи-Әйтеке би кесенесі» бағыты бойынша халықаралық экспедиция құрамында сапарлап қайттық. Сапар барысында көзіміз көрген, көкейге түйген кейбір жайттарды аудандық басылым оқырмандарымен бөліскенді жөн санадым.

СЫР ТҰНҒАН САРАЙШЫҚ

Экспедиция сапары өзіміздің хан ордалы Сарайшықтан бастау алды. Көпшілігіміздің күнделікті, таныс деп жергілікті құндылықтарымызға аса мән бермейтініміз рас. Әйтпесе, Сарайшықтың әр төбесі - тұнып тұрған тарих, әр тасы - көне жәдігер. Өзінің атқарып жүрген ісіне шын берілген, келушілерге риясыз қызмет көрсетіп, кеше мен бүгінді сабақтастыра сөйлеген Молдаш ағайдың (Бердімұратов) әңгімесін тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің келеді. Сарайшық қазбасынан табылған тарихи жәдігерлер қойылған XIV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жанында сол кездің өзінде «әр үйге су өзі келіп тұрған», яғни, заманауи дамыған Сарайшықты көз алдыңа келтіре әңгімелегенде, құдды бір, сол заманға еніп, ортасында жүргендей сезінеді екенсің. Әр жылдардағы қазба жұмыстарының барысын, табылған жәдігерлерді және қаламен, ханның қызымен байланысты аңыздарды тартымды баяндай келе, өзінің жүрекжарды туындыларымен тұздықтап жібергенде, тыңдаушысын еліктіріп, хан ордалы Сарайшық тарихының қатпарларын қайта ақтарып, жете танысқың келіп кетеді. Әлі де біз білмейтін талай сырлар топырақтың астында көмілген күйі жатқан шығар... Толқыған көңілде көп тілек тұрды. Араб жиһанкезі ибн-Батута: «Дүние жүзінің бәрін араладым. Мен көрген ірі әрі әдемі қалалардың ішінде Бағдаттан кейін орын алатыны – Сарайшық. Бағдаттағы сияқты мұнда да ханның сарайы бар екен, қайықтар мен көпір көрдім, төрт мешіт, өте көп қонақүйлер бар. Бірақ мені таңғалдырған ол емес, жер шарын шарлап жүргенде көрмеген бір қызықты көріп таң қалдым – мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деп таңғалған Сарайшықта қыштан жасалған құбырлар жүйесі де болған ғой. Ол Алтын Орда дәуіріндегі үшінші астана, Ұлы Жібек жолындағы гүлденген, дамыған тарихи көне қалалардың бірі болған. Облыс басшылығының қолдауымен қолға алынған жаға бекіту жұмыстарынан кейін қаланы аршу, архелогиялық қазба жұмыстары жедел қолға алынып, қала қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы мұражай ретінде халыққа шынайы тарихты паш ететін кез тезірек туса екен деп тілек еттік. Осыдан кейін жас өрендерімізге «туған өлке тарихын тереңірек біле жүрейік, тарихты тек ҰБТ үшін емес, өз еліңнің, халқыңның тарихын білу үшін оқу керек» дегім келді.

БАБТАРДЫҢ БАБЫ – АРЫСТАН БАБ

Қабірі Бараб елінде, Қаланың қыбыла жағында. Міллеті Алла жолында, Бабтар бабы Арыстан баб. Оң жағында Лашын баб, Сол жағында Қарға баб. Барша бабтың патшасы, Бабтардың бабы Арыстан баб. Хикмет. Қожа Ахмет Яссауи Жеті жасында аманатын алған бала Ахметке Арыстан баб: «Мен бұл аманатты 400 жыл сақтап саған жеткіздім, ең болмаса, рахмет те айтпадың ғой» дегенде ол: «Сіз маңызын жеп, маған сүйегін бердіңіз, ендеше сізге түнесін, менен тілесін» деген екен. Бұл ұғым бұлжымас дала заңы ретінде күні бүгінге дейін сақталынуда. Біз де алдымен Отырардағы бабтардың бабы Арыстан баб кесенесіне ат басын тіреп, зиярат етіп, құрбан шалып, түнеп шықтық.

Бүкіл әлем Аристотельден кейінгі екінші ғұлама санап жүрген жерлесіміз Әл-Фарабидің ұстазы, Орта Азияға Ислам дінінің қақпасын ашқан Арыстан бабтың кесенесіне жетіп, қабірстан ауласына енер сәтте ғасырда бір рет болатын, өте сирек кездесетін құбылыс - айдың толық тұтылуы сәтіне куә болғанымызды жақсылыққа жорыдық. Бастауын ХІІ ғасырдан алатын, Арыс-тан бабтың қабірі үстіне тұрғызылған кесене құрылысының орнында алғашқыда шағын мазар болған көрінеді. Атақты Әмір Темірдің пәрменімен XІV ғасырда кесене тұрғызылған. Бұл жайында ел аузындағы аңызда алдымен Қожа Ахмет кесенесінің құрылысы басталғаны айтылады. Алайда, бірнеше мәрте жасалған жұмыс кері кетіп, қаланған қабырғалар құлап, үйіндіге айналған. Оқыс оқиғаға көп ойланып-толғанған Әмір Темірдің түсіне енген қария «алдымен Қожа Ахметтің ұстазы Арыстан бабтың қабірінің үстіне мазар сал» деп кеңес береді. Міне, осы аяннан кейін ол Арыстан баб кесенесін тұрғызып, кейін Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға кіріскен екен. Кесене ХХ ғасырдың басында (1907-1909 жж) халықтың қаражатына жөндеуден өткен. Кеңес одағы жылдарында құлазып, қараусыз қалған қасиетті мекенге адамдар тек түнделетіп келіп, түнеп, таң атпастан кетіп қалып отырған. Арыстан баб кесене-мешіті 1982 жылдан бері мемлекеттің қорғауында.

ОРНЫ БӨЛЕК ОТЫРАР

Тарихымызда Отырардың да орны бөлектігіне сөз жоқ. Қазақстан мен Орта Азияның аса ірі мәдени, ғылыми, сауда орталығы, кітаптарының саны мен сапасы жөнінен Мысырдағы Александрия кітапханасынан кейін әлемде екінші саналған әйгілі Отырар кітапханасы болған ежелгі Отырар қалашығының орны бүгінде ашық аспан астындағы мұражай ретінде келушілерге терең тарихтан сыр шертуде. Шыңғысханның қуатты әскеріне 6 ай бойы, соңғы 2 айда жер асты арқылы қалаға құпия келіп тұрған су көздерін тоқтатқанда да, қаланы жайлаған аштыққа, шөлге шыдап, барынша қарсыласқан Отырар қаласының билеушісі Қайырханның, қала тұрғындарының қорғаныстағы «өліспей беріспеген» ерлігі, «іштен шыққан жау жаман» деген, өз іштерінен шыққан сатқынның қала қақпасын ашып беріп, белгілі бір топтың қарсы жаққа өтуінен жеңіліс табады. Тірілей қолға түсіріліп, Шыңғысханның алдына әкелінгенде бас имеген, айтар сөзін ірікпеген Қайырханның көмейіне қорғасын құйылып өлтірілген екен. Бұл жерде қаланы аршу, қалпына келтіру қазба жұмыстары жалғасуда. Көне қалашық орнымен таныса жүріп, ішкі және сыртқы қала (шахристан, рабат- басқару орталығы және оны қоршай орналасқан басқа қызметтегілер) болып ретті салынуын, сол кезеңнің өзінде жерасты құбырлары арқылы қалаға және қала көшелеріне су жеткізіліп тұрғандығын, моншалардың, су көзі тоқтатылғанда пайдаланылатын тереңдігі 12-15 метрлік құдықтар ойластырылғанын көріп таңғалдық. Яғни, сол есте жоқ ескі заманның өзінде (1210-1220 жж.) мұнда дамудың биік деңгейі болған.

КӨПТІ ТАРТҚАН КЕСЕНЕ

«Қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Йассауидің «Диуани хикметтері» сөзсіз оның бір бөлігі болып жазылуы тиіс». Н.Назарбаев Имандылыққа, ізгілікке жетелейтін 149 діни-философиялық хикмет-өлеңдерден тұратын Құл Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани-Хикмет» («Даналық кітабы») атты еңбегі әлемдегі ең көне түркі тілді кітап саналады. Пайғамбар жасына жетіп, Аллаға шүкіршілік етіп, одан әрі тірі пенделер арасында жүруді өзіне үлкен күнә санаған, сол үшін жер астынан арнайы салынған орынға — хилуетке түсіп, қалған өмірін сонда өткізген ақын, «не себептен алпыс үште кірдім жерге?» деген сауалға осы кітабындағы ғұмырнамалық, өмірбаяндық өлеңдерінде жауап береді.

Қасиетті Түркістан жеріндегі Қожа Ахмет Яссауидің архитектуралық өнердің биігі саналатын сәулетті кесенесі зиярат етушілерді қаланың қай бұрышынан да асқақ көрініп, өзіне тартып тұрады. Кесене табалдырығын аттаған сәттен тұла бойыңды өзгеше сезім билеп, басқа бір тылсым әлемге енгендей боласың. Алдыңыздан, 1934 жылы Ленинградтағы Эрмитажға «уақытша көрмеге қою үшін» әкетіліп, 1988 жылы ғана Өзбекәлі Жәнібеков бастаған зиялыларадың етене араласуымен өзінің байырғы орнына келген, қоладан жасалған әйдік Тайқазан қарсы алады. Фотостенділерде Тайқазанның әкетілер және кері оралған сәттері бейнеленген. Қанша рет оқып жүрсек те, фотосуреттерді көргенде сезімдер арпалысы туындайды екен. Бәлкім, «мың рет естігеннен, бір рет көрген артық» дегеніңіз осы шығар. Ең алдымен, Қожа Ахмет Яссауи жерленген қабірханада, кейін осы кесенеде жерленген Абылай хан, қаз дауысты Қазыбек би бастаған 120-дан астам хандар мен билердің, қолбасшылардың рухына бағышталған дұғада болдық. Кітапхана, асхана, ас тарататын ағаш астаулар мен жер астына көміліп, ас сақтайтын дәу-дәу қыш құмыралар, бір ғана майшаммен жылытылған су келіп тұратын монша, хилует орны - бәрі де сол дәуірдің жетістігін паш ететін құнды жәдігерлер.

Таныстырушының жеткізуінде, шығыс моншасының қалпына келтірілуінде, бұзылмас бұрын, ертеректе келген неміс саяхатшысының осы монша құрылысына қызығушылық танытып, схемасын сызып алуы көп жәрдемдескен. Ал, кесененің не себепті сол кезеңдегі салынған кесенелер тәрізді Меккеге бағышталмағаны немесе 6 ғасырдан астам уақыт табиғаттың түрлі құбылыстарына шыдас берген кесененің мүлде іргетассыз қалануы әлі күнге құпиясы ашылмаған жұмбақ екен. Айта берсе, тұнып тұрған тарих, әр жәдігер сөйлеп тұр...

ӘЙТЕКЕ БИДІҢ БАСЫНДА

Біздің сапарымыз одан әрі көрші Өзбекстан мемлекеті жерінде жалғасты. Сөз басында айтылғандай, түпкі мақсат Кіші жүздің Әйтеке биі басына зиярат етіп, ол жөнінде тың мағлұматтар білу еді. Шекара бекетінен өткен соң, күтіп алған жолбастаушымыз Әділ ағамен бірге, кешкілік болса да уақытты ұтымды пайдалануды ойлағандықтан Самарқандқа жетіп жығылуды (жарты жол) көздедік. Ертесіне ертемен Навоий облусу Нурата шаарына бет алдық. Әйтеке бидің кесенесі салыстырмалы түрде кейін салынған, жаңа кесене. Елдің ынтымағы, бірлігі жолында қызмет еткен қазақтың әйгілі үш биінің бірі Әлімнің Төртқара руынан шыққан Әйтеке бидің (шын аты - Айтық, 1644 -1700 жж.) алғашында жерленген жері таптырмай, кейін басына кесене тұрғызылмай, көп жылдар ескерусіз келгені белгілі. Өзбекстан еліндегі елшілік қызметі кезінде Зауытбек Тұрысбековтің бастауымен Рахат Байзақов, Шахарбек Усманов, Қаражан және Бернард Сердалиевтер, Есенғали Байменов, Ибатулла Қалыбеков, Арынғазы Беркімбаев сынды жеті азаматтың қолдауымен осы кесене тұрғызылып, 2012 жылы ашылған екен. Кейіннен кесене жанындағы құрылыстарға Атыраудан Мұхит Ізбанов бастаған азаматтардың да қаражат қосқандығы жүрекке жылылық ұялатты. Бір қызығы, кесене тұрғызу үшін бірнеше жыл бұрын құрылып, халықтан қыруар қаржы жинаған Шардарадағы «Әйтеке би» қорының түк те қатысы болмапты. Ел іші болған соң осындай келеңсіздіктер де орын алатыны өмірдің ащы шындығы.

Кесене ішінде Сейітқұл баба мен Әйтеке бидің қабірі басында ақ мәрмәрдан белгі қойылған және құлпытастары жазылған. Шырақшы Собыр (қазақша Сабыр шығар) Қазақстанның батыс өңірінен, Кіші жүз жерінен бабамызға тәу етуге арнайы делегация болып іздеп келгенімізді естігенде, қолын кеудесіне қойып, қуаныштың ишаратын жасап, «жүддә яқши, xош келдіңіз» деп он иіліп, жүз қайталады. Дымы қалмай, бар білгенін бізге жеткізгенше өзбекше, арасында орысша, кейбір сөзін қазақша құйып жатыр. Әйтеке бидің өмірі мен айтқандары туралы мол мағлұмат алдық. Собырдың дұғасынан кейін, бабаларға құрмет, елден сәлем ретінде, топ құрамындағы жас жігіттердің бірі Бекболат баламыз әуезді үнімен құран бағыштады. Алдағы жылы би бабаның туғанына 375 жыл толуына орай жөндеу жұмыстары жүріп жатқан қапталдағы мұражай үйінде құрметті қонақтардың қолтаңба кітабына қолтаңбаларымызды қалдырдық. Екінші қапталдағы мешіт үйінде де болдық. Шағын болса да, кесене аумағы таза, жинақы, көгалдандырылған. Мұнара құббасы қайта жөнделуде екен. Аулада әлі де бірнеше құлпытастар жазуын айқындауды, кімдердікі екенін анықтауды күтіп, жинаулы тұр. Сол құлпытастардағы ерекшелік, барлығында да жазудан кейін, сегіз бұрышты шағын ғана жұлдызша таңба ойып жасалынған. Собыр бізге «жаңбыр суы жиналып қалады, құстар су ішеді, бұл да сауап саналған» деп түсіндірді. Сұрай берсең, оның айтары аз емес.

ЖАЛАҢТӨС БАТЫР ЖАТҚАН ЖЕР

Ойға алған мақсатымыз – Әйтеке бидің басында болып, тағылымды тәбәріктермен сусындағаннан кейін, осы өңірде дамылдаған қасиетті қандастарымыздың кесенелеріне де бас сұғуға уақыт табылды. Тарих деген қайда жатыр? Көптеген көне тарихты, аңызға бергісіз шындықты атасы, әкесі осы кесене басында қызмет етіп, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан мұндағы діни қызметкерлер соның бәрін тарихи даталармен үндестіре, шынайы жеткізді. Самарқанды 30 жыл билеген Жалаңтөс батыр (1576-1656 жж.) қазақтың аса ірі қолбасыларының бірі болған. Оның қолбасшылығы өз алдына, құрылысы 14 жыл бойы жүрген Шер-Дор, алтынмен апталған Тіллә-қари медреселерін салдыртып, онда мыңнан астам баланы тегін оқытқан. Әлі күнге жұмыс жасап тұрған Шер-Дор медресесі Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көз алдыңа елестетеді.

Жалаңтөс батырдың Самарқанда салдырған медресе, мешіттері әлі күнге сақталған. Кесене ауласындағы мешіт те жаңартылған, жөнделген. Алайда, бір тіреуіш (колонна) сол дәуірден сақталған. Ал, мешіт алдында, 550 жылдан астам тарихқа бір өзі куә болып, алып Шынар ағашы жердің бетіне шығып қалған тамыры арасынан адам өтетіндей екіге айырылып, қу ағашқа айналса да, түп тамыры тереңнен нәр алып, әлі күнге жапырақ жайып, өсіп тұр. Міне, керемет, табиғаттың тылсым күші. Жалаңтөс баһадүр өзінің өсиет етуі бойынша ұстазы Максұм Ағзам әулиенің бейіті қасына жерленген. Таныстырушының айтуы бойынша, бұл жерде Ауған, Иран сияқты 14 елдің шах, сұлтандары, Жалаңтөс батырдың ұлы Сұлтанбек жерленген. Халел Досмұхамедов таратқан Жалаңтөс батырдың шежіресінде үш баласы келтірілген, алайда, осы Сұлтанбек есімді баласын таппадық. Тегінен таратқанда Жалаңтөс батыр Сейітқұлұлы алты ата Әлімнің Төртқара атасынан, Әйтеке бидің үлкен атасы болып келеді.

ЖАРТЫ ӘЛЕМДІ ЖАУЛАҒАН

Келесі ат басын арнайы бұрған қасиетті орын - Әмір Темір кесенесі. Жарты әлемді жаулап алып, үш құрлыққа әмірін жүргізген, 34 жасында таққа отырған атақты Ақсақ Темірді жұртшылыққа таныстырудың қажеттілігі де болмас. Бізді таңдандырғаны - кесене тарихы. Таныстырушы жап-жас өзбек жігіті әр сөзіне екпін сала сөйлеп, тыңдаушыны еріксіз өзіне қарата әңгімелеп келеді. Өзі өзбек болғанына, осы жерде жүргеніне мақтаныш сезімде екенін де жасырмады. Кесенені жаңғырту жұмыстары, құран аяттарын кесене қабырғаларына алтындап жазу жұмыстарына 4 кг.-нан астам алтын жұмсалғандығын да жеткізді. Кесенеге кіре берісте даңқты қолбасының жаулап алған жерлерінің картасы қойылған. Бармаған, алмаған жері қалмаған екен. Ал, баршаға жария суреті аңыз бойынша салынған. Сталиннің тапсырмасымен антрополог Герасимов жетекшілік еткен топтың қабірді ашып, бас сүйегін зерттей отырып жасаған нақты портреті өзгешелеу екен. Оны да бізге көрсетіп, «өмірде, бизнесте, тағы басқа жағдайларда жолыңызды ашады, күш-қуат береді, Мәскеуден келген бір адам, осылай да осылай, жоспарлаған карьерасына жылға жетпей қол жеткізген» деп, басқа да жайларды айтып, сатып алуға қолқалады. Суретті жертөледе орналасқан дүңгіршектегі сый- кәделермен бірге саудаға салып қойыпты. Ай, өзбек ағайындар-ай, басқа-басқа, саудаға келгенде алдарыңа жан салмайсыңдар-ау дестік іштей. Кесене асқан сәулетті және кешенді. Әмір Темір өзінің балалары мен немерелері арасынан жаугершілікте көзге түскен, жауынгерлік қасиеттері жоғары немересі Мұхамед Сұлтанды өзінің мұрагерлігіне лайықты санап, жоғары бағалап жүреді екен. Ерекше көретін сол немересінің өлімі жанына батқан Әмір осы кесенені немересі Мұхамед Сұлтанға арнап салдырған деседі. Қабірстан бөлігінде Әмір Темір, балалары Мираншаһ, Шахрух және немересі Ұлықбек жерленген. Олардың құлпытастарының барлығы мәрмәрдан, нефриттен жасалынған. Әмір Темірдің қабірі ұстазы Мир Саид Берекенің аяқ жағында. Қойылған белгі тастың астында, 9 метр тереңдікте орналасқандығын, оған түсетін арнайы жол бар екендігін, алайда, көпке рұқсат етілмейтіндігін ескертті. Кесененің шығыс жағында онымен жапсарлас салынған мешіт, ал батысында қонақ үй тәрізді діншілдер бөлмесі, яғни, ханака болған. Ауладағы сол дәуірден жеткен алып тастар да, жарықтың түсуіне орай, түсін өзгертетін қабырғалық тастар да шым-шымдап түпсіз терең тарих қойнауына тартады. Бізге қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілгені және тарихи деректермен жымдастырылғаны ұнады.

ҚАРЛЫҒАШ ӘУЛИЕ – ТӨЛЕ БИ

Қойнауына тарам-тарам шежірелі сырды бүккен бауырлас елдегі соңғы ат басын тіреген мекеніміз Тәшкендегі Ұлы жүз биі Төле би Әлібекұлының (1663-1756 жж.) кесенесі болды. Алдымен ұстазына, содан соң «Жас адамға басты кесір– еріншектік, ортаншы кесір – ұйқышылдық, кенже кесір –тілазарлық, кежірлік» деп кеткен баба рухына арнап құран бағышталып, дұға оқылды. Бірден көзімізге оттай басылғаны Төле бидің басына қойылған ақ мәрмәр тастағы қазақ әріптерімен жазылған «Тәңірім қазаққа ерлікті де, елдікті де, даналықты да берген» деген сөзі болды. Сол сәтте, азғана күн болса да, жат елдің қадірін, туған жерге деген өзгеше сағынышты да сезінгендей болған біз, елге келгендей тебіреністе болдық. Өзге елде өз тіліңде жазылған данышпанның аталық сөзі жігерлендірді, рухымыз асқақтап, мерейіміз шалқыды, кеудемізде өзгеше мақтаныш сезімі ұялады. Кесене шағын болғанымен ұқыпты қолда екені байқалады. Шырақшылар есік алдынан қарсы алып, бірге жүріп, әңгіме бастады. Өзбекстанның бұрынғы және қазіргі Президенті де біздің Елбасымен бірге осы жерде болып, дұға бағыштаған екен. Өзбек жерінде көбіне «Қарлығаш би», «Қарлығаш әулие» атымен кеңінен таныс Төле би бабамыздың басында ойымызға оның «Өзің білмесең, білгендерден үйрен,Үйренгеннен ештеңең кетпейді» деген нақыл сөзі орала берді. ТҮЙІН Осынау сапардан ең алдымен көңілге түйгенім - өзге жұртта мәңгілік дамыл тапқан қазақтың ұлы перзенттерінің өз биігінде құрметтелуі. Олардың кесенелері, орын-жайлары тиісті деңгейде күтіліп, бапталуда. Әрқайсысының басындағы шырақшылар, таныстырушылар (экскурсоводтар), үлкен-кішісі, соның ішінде, әсіресе, жастары сол қасиеттілеріміз туралы, олардың қабірі үстіне тұрғызылған кесенелер жөнінде жан-жақты білуі, біліп қана қоймай, олар жайында айтқанда, жүректерінде от-жалын ойнап, көздері ұшқын атып, тарихтың терең тамырынан тарта, тамылжыта тұрып тыңдаушыға жеткізуі аса риза қылды және бауырлас елге деген құрметімізді арттырды. Сондай кезде: «Ал, біздің жастарымыз туған өлке тарихын, оның ішінде киелі жерлеріміздің тарихын қаншалықты біледі, қаншалықты жеткізе алады? Елге белгілі Хан Ордалы Сарайшықта жасы егде тартқан Молдаш ағамыздың лайықты ізбасарлары дайын ба?» деген сауалдар да санадан кетпей қойды. Университеттің тарих факультеті студенттерін Атырау өңірі тарихын, Қаройдағы Махамбет кесенесі, Сарайшық мемориалды кешені, Құлсарыдағы Иманқара-Қойқара кешені, Құманғазыдағы Мақаш хакім кесенесі, Индердегі Тұздыкөл, Исатайдағы Тасгран, Саға, Бөкей шешесінің орны, Жалтыр бойы, Динаның келін боп түскен жері, Жабас әулие, Сәт ата, Зинеден ата кесенесі, басқа да танымдық, тағылымдық жерлердің тарихымен таныстыру ғана емес, тыңдаушыға шығармашылықпен әңгімелеуден іс-тәжірибеден өткізу, осы салада сынақ қабылдау жүйелі қолға алынса, біздің көптеген жастарымыз кез-келген ортада өз өлкесіндегі киелі жерлер тарихынан салмақты, салиқалы, лайықты әңгіме айта алатын болар еді деген ұсыныс-пікірімізді де бүгіп қалғымыз келмейді. Жалпы, экспедиция құрамында «Нұр Отан» партиясының қызметкерлері, ғалымдар болды. Айтуға тұрарлық жайт, аталған экспедицияның 60-65 пайызы жастардан жасақталды және ұйымдастыру жұмыстары да негізінен жастарға жүктелді. Ондағы мақсат - жастарымыздың тарихты білуге бетбұрыс жасауын үйлестіру, құрамдағы «жас отандық» белсенділер арқылы рухани бабаларымыздың өміріне қайта бір үңілтіп, жастардың кең аудиторияларына насихаттау болса, бір жағынан олардың жауапкершілігін шыңдау, сынау, тәрбиелеу. «Тарих –халықтың жады мен зердесі» дегенді оқығаным бар-ды. Ендеше, жадымыздағыны қайта жаңғыртып, ортаға оралту, бабаларымыздың қазақ елінің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін жасаған істерін білу, саралап, талдап, маңызын түсіну, мақсатын түйсіну, оны жас ұрпаққа жеткізу - біздің буынның парызы. Қазіргі уақытта өз елінің патриотына, елін сүйген азаматқа тән Ұлттық сана қалыптастыру жолында шынайы тарихты білу арқылы тарихи сананы бекіту маңызды. Сапар барысында елдікті ту еткен ерлердің өмірі мен қызметі турасында бізге беймәлім болып келген көптеген деректер мен дәйектерге қанықтық. Бір сөзбен түйіндегенде, танымымызды кеңейткен тағылымы мол сапар болды бұл.

Ақтолқын АХМЕТЖАНОВА,

«Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

«Сарайшық-Арыстан баб-Қожа Ахмет Яссауи-Әйтеке би кесенесі» халықаралық экспедициясының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521