Әннің сөзі сол күйі қалса да, әуені өзгерсе, тыңдарман оны басқаша қабылдайды. Ал сол таныс әнді бөтен емес, өз үніңмен жеткізе алсаң – бұл жай орындау емес, өнерге деген жаңаша көзқарас. Жанбай ауылында өткен аудандық «COVER SHOW» байқауы дәл осыны көрсетті.
«Cover» деген ұғым көп жағдайда «дайын әнді айту» деп қабылданады. Бірақ сахнада ол мүлде басқаша көрінеді. Себебі ол өзгенің әніне еліктеу емес, сол ән арқылы өз болмысыңды көрсету. Бірі аранжировкамен ойнаса, бірі орындау мәнерін өзгертті, енді бірі әнге мүлде басқа көңіл күй қосты. Сол арқылы бір кеште бір ән бірнеше кейіпке енді. Бұл кеште сахнаға шыққан 9 қатысушы да дәл осы ізденіспен келгені байқалды. Сайыс екі кезеңнен тұрды, бірақ көрермен үшін ол бөлек-бөлек нөмір емес, біртұтас концерт сияқты өтті. Әндер бірін-бірі жалғап, залдағы көңіл-күй де сол ырғақпен ауысып отырды. Барлығы жанды дауыста орындалды.
Шараның ашылуында сөз алған Жанбай ауылдық округінің әкімі Ерлан Ескендірұлы мұндай байқаулар жас орындаушылардың өзін табуына мүмкіндік беретінін айтып, шығармашылық орта қалыптастырудың маңызын атап өте отырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнерпаздардың өнерін мәдениет пен өнер саласында тәжірибесі мол мамандардан құралған әділқазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ринат Есқали, аудандық өнер мектебінің директоры Ербол Ақтанов, «Айгөлек» вокалдық-аспаптар ансамблінің мүшесі, әнші Садуақас Мұханбетжанов, аудандық «Жалын» мәдениет үйінің әншісі Айдана Әділханқызы, сондай-ақ Жанбай балалар саз мектебінің сырнай пәнінің ұстазы Армангүл Бердиева болды. Орындаушылардың өнерін бағалауда қазылар алқасы да тек техникалық дәлдікке емес, әннің қалай жеткізілгеніне, сахнада көрерменмен байланыс орната алуына мән берді. Себебі кавер жанры үшін дәл осы тұстар шешуші рөл атқарған еді.
Кеш соңында көрермен де, қазылар да өз бағасын беріп үлгерді. Нәтижесінде І орын қамысқалалық Ілияс Дүйсекешовке бұйырды. Ол орындау барысында әнді өзіне лайықтап, сахнада сенімділік көрсете алды. ІІ орынды жанбайлық Дильназ Ерғалиқызы иеленсе, ІІІ орын тұщықұдықтық Іңкәрлім Нұрланқызына берілді. Қалған қатысушылар да Алғыс хатпен марапатталып, өз іздерін қалдырды.
«COVER SHOW» бір кештік байқау болғанымен, оның әсері тек сол сахнамен шектелмеді. Таныс әндердің жаңаша естілуі, жас орындаушылардың батыл ізденісі аудан өнерінде жаңа бағытқа жол ашып келе жатқанын аңғартты.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


