Аудан өміріндегі ең өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер ашық талқыланған маңызды жиындардың бірі –аудандық қоғамдық кеңесінің кезектен тыс бірінші отырысы өтті. Бұл мәжіліс тек күн тәртібіндегі сұрақтарды қараумен шектелмей, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін түйткілдерді ашық айтып, нақты шешім іздеуге бағытталды.
Жиынға сала мамандары мен мекеме басшылары арнайы шақырылып, әрқайсысы өз саласындағы ахуалға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, «Отбасы банк» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының Исатай аудандық кеңесшісі Арайлым Жанұзақова, «Атырау Жарық» АҚ-ның аудандық бөлімшесі, Исатай аудандық электр жүйесі мекемесінің басшысы Шаттық Бөкеев, сондай-ақ «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалына қарасты Исатай газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Жеңісбек Қабиев қатысып, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Күн тәртібіндегі ең салмақты мәселенің бірі – ауданда апатты жағдайда деп танылған тұрғын үйлерде тұрып жатқан азаматтардың әлеуметтік жағдайы, тұрғын үй алу тәртібі және осы бағыттағы қордаланған проблемалар болды. Бұл туралы Арайлым Жанұзақова тұрғын үй кезегінің заңнамалық негіздері, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана алу мүмкіндіктері, сондай-ақ банктік тетіктердің қалай жұмыс істейтіні жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі ақпараттың жеткіліксіздігінен немесе құжат жинау кезеңіндегі түсінбеушіліктерден түрлі кедергілерге тап болады. Кеңес барысында апатты үйде тұрып жатқан азаматтардың мәселесін формальды есеппен емес, нақты әлеуметтік жағдайына қарай қарау қажеттігі бірнеше мәрте көтерілді.Отырыс барысында электр энергиясына төленетін тарифтің өсуі де кеңінен сөз болды. Бұл мәселе бойынша Шаттық Бөкеев тариф қалыптастырудың себеп-салдарын, өндірістік шығындардың артуын және инфрақұрылымның тозуын алға тартты. Дегенмен кеңес мүшелері тариф өсімі халықтың қалтасына ауыр салмақ салмауы тиіс екенін, әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін жеңілдік тетіктерін қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл жерде мәселе тек бағаның өсуінде емес, тұрғындармен жүргізілетін түсіндіру жұмысының жеткіліксіздігінде екені де ашық айтылды. Газ тарифінің өсуі жөнінде Жеңісбек Қабиев газ жеткізу жүйесінің қазіргі жағдайына, қауіпсіздік талаптарының күшеюіне және саладағы жаңғырту жұмыстарына тоқталды. Газ бағасының қымбаттауы – тек жергілікті емес, республикалық деңгейдегі үрдіс екені айтылғанымен, кеңес мүшелері аудан тұрғындары үшін бұл мәселенің әлеуметтік салдарына ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Әсіресе ауылдық жерлерде газ – баламасы жоқ негізгі энергия көзі екенін ескерсек, тариф саясаты барынша теңгерімді болуы тиіс деген пікір ортаға салынды.
Кеңес отырысында көтерілген электр энергиясы тарифіне қатысты мәселе тек сандар мен есеп-қисап деңгейінде қалмай, оның әлеуметтік салмағы кеңінен сараланды. Өйткені бүгінгі таңда электр энергиясы – қоғам өмірінің барлық саласын өзара байланыстырып тұрған стратегиялық ресурс. Тұрғындардың күнделікті тұрмысынан бастап, білім беру мен медицина, өндіріс пен ауыл шаруашылығына дейінгі барлық бағыттың үздіксіз әрі тұрақты жұмысы электр қуатына тікелей тәуелді. Осы орайда сөз алған «Атырау Жарық» ЖШС-нің аудандық электр жүйесі мекемесінің басшысы Шаттық Ержанұлы 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексіне байланысты орын алып отырған өзгерістерге арнайы тоқталды. Оның айтуынша, электр энергиясының сату бағасындағы өзгеріс тарифтің қайта қаралуынан емес, қосылған құн салығы мөлшерлемесінің 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғаюына тікелей байланысты. Яғни бұл өсім – энергетика саласының ішкі саясаты немесе қызмет көрсетуші мекеменің шешімі емес, республикалық деңгейде қабылданған салықтық өзгерістердің салдары. Шаттық Ержанұлының мәлімдеуінше, қазіргі баға түзетулері тұтынушыларды алдын ала хабардар ету мақсатында ашық түрде түсіндіріліп отыр және бұл қадам электр энергиясын өндіру немесе жеткізу тарифінің қайта бекітілгенін білдірмейді. Кеңес мүшелері бұл ақпараттың халыққа барынша түсінікті әрі нақты жеткізілуі маңызды екенін атап өтті. Себебі тариф пен салық ұғымдарының ара-жігін ажырата алмау тұрғындар арасында негізсіз алаңдаушылық тудырады. Отырыс барысында айтылған бұл түсіндірме электр энергиясы бағасының өсуіне қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Кеңес мүшелері салықтық өзгерістердің әлеуметтік әсерін ескере отырып, алдағы уақытта осал топтарға қолдау көрсету тетіктерін қарастыру қажеттігін де тілге тиек етті. Осылайша, электр энергиясына қатысты мәселе біржақты техникалық түсіндірмеден гөрі тұрғындардың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік тұрақтылық тұрғысынан кешенді түрде қаралды.
Толығырақ Нарын таңы газетінің №6 санын оқи аласыздар.


