Тарихи маңызы бар жиын

Қазақстан Республикасының мұнайлы астанасы – Атырау қаласында Ұлттық Құрылтайдың үшінші жиналысы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен қазақ қоғамдастығының көшбасшылары мен өкілдерін біріктірген бұл маңызды оқиға ұлт үшін терең тарихи және мәдени маңызға ие.

Ұлттық құрылтай – қазақ халқы тарихының тамырында бар. Олай дейтініміз, кезінде Абылай хан да үш жүздің басын қосып, тарихта қалған Ұлы құрылтай өткізген болатын. Сол сәттен бастап қазақ елінің рухы қайта сілкінді десек асыра айтқанымыз емес. Демек, Ұлттық құрылтай – қоғамды ұйымдастырудың бірегей нысаны. Еліміздің мәдени, әлеуметтік және саяси дамуына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, шешетін жиын.

Сонымен қатар өңірімізде өткен бұл жиын – исі мұсылманға игі ай саналатын Рамазан айына тұспа-тұс келуі Құрылтайдың тағы бір ерекшелігі десек болатындай. Себебі, Ұлттық құрылтайдан кейін, ел тізгінін ұстаған жандар мен сыйлы ақсақалдарымызға арнап Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ауызашар берді. Осы кездесулердің сыйлы қонақтарының бірі болып бару мәртебесі аудан бойынша Исатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Маштахов екеумізге бұйырыпты.

Жиынға оралар болсақ, Ұлттық құрылтайдың үшінші жиналысында қазақ халқының өмірінің түрлі аспектілерін қозғайтын көптеген мәселелер талқыланды.

Атап айтар болсақ, елтаңба туралы қоғамда айтылып жүрген пікірлердің тыңдаусыз қалмауы, ұлттық кодымыз – ұлттық киімнің мәртебесін көтеру, жастардың, жалпы адамзат баласының өміріне балта шабатын есірткі, лудомания деген тілсіз жаулармен күресті нығайту, тарихи жәдігерлердің жай-күйі, заманауи кітапханалар салу және тұрғын үйге қатысты жаңа бағдарламалар енгізуге байланысты ой толғады.

«Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді» - деген Президентіміз, алдағы уақытта бұл орайда арнайы комиссия жасақталып, комиссия жұмысы арқылы қоғамдық талқылау өткізіп, елтаңбаның жаңа жобасына ашық байқау өткізу керектігін мәлімдеді. Егемендік алғалы ел төрінде тұрған елтаңбамызға әбден көзіміз үйреніп, бауыр басып қалғанымыз анық, алайда «Елу жылда – ел жаңа» демекші, Жаңа Қазақстанның болашаққа бағыт алған жолында бұл да маңызды, шешуші қадамдардың бірі болуы бек мүмкін.

Ұлттық киімнің мәртебесін көтеру мақсатында бастау алған оң бастамалардың барлық деңгейде қолдау табуы керектігі туралы өз ойын айта келіп, өзге діннің ағымына еріп, қара жамылмай, ата-бабамыз салған сара жолмен жүріп, ұлттық кодымызды ояту үшін ұлттық киімнің алар орны ерекше екенін мәлімдеді. Осы орайда оны тек «22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні» мейрамы қарсаңында ғана киетін көрнекілік құралы ғана емес, сонымен бірге халықтың мәдени мұрасының негізгі элементі болып табылатындығына баса мән беру керектігі айтылды.

Сондай-ақ, қоғам өміріне балта шауып жатқан есірткі өндірушілердің жазасын ең ауыр жазалармен теңестіру жолдарын қарастыру жөнінде Парламентке өз ұсынысын жеткізді. Бұған қоса, ХХІ ғасырдың ауыр дертіне айналған лудоманияға қарсы Үкімет кешенді жоспар дайындап, құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қойылуы керектігін айтты. Қазіргі заманның бас ауруына айналған осы екі мәселе еліміздің ертеңі үшін аса маңызды екені даусыз. Сондықтан құрылтайда қаралған бұл мәселелер де көп кешіктірілмей жүзеге асады деп сенім білдіремін.

Ұлттық құндылықтары-мыздың бірі – тарихи жәдігерлер. Президентіміз соңғы жылдары құрылысқа керек деген желеумен осы құндылықтарымыздың азайып бара жатқанына аса мән беру керектігін шегелеп айтты. Тарихи нысандарды қорғау мақсатында құзырлы органдарға тиісті шаралар қабылдауға тапсырма берді. Біздің аудан көлемінде де тарихтан сыр шертер нысандарымыз аз емес. Осы құндылықтарымыздың жойылып кетпеуіне барлығымыз жауапты болуы-мыз керек деп есептеймін. Себебі, бұл – біздің бабаларымыздан қалған асыл мұралар.

Адам жанының асыл қазынасы – ақыл, білім. Ал ақыл, білім – кітапта. Осы орайда еліміздегі кітапханалар жүйесін жаңа деңгейге көшіріп, тәулік бойы жасайтын кітапханалар салу керектігі туралы Түркістанда өткен Құрылтайдағы ойын тағы да қайталайтынын, бұл жолда басқа да ауқымды шаралардың атқарылуы керектігін ескертті.

Осы айтылған құндылықтардың барлығын арттырып, ал жаман әдеттерден аулақ болу үшін елдің тұрмыстық жағдайы жақсы болу керектігі сөзсіз. Себебі, дана халқымыз «Сананы тұрмыс билейді» деген емес пе?! Ең кемінде басында баспанасы болуы тиіс. Осы орайда халықты тұрғын үймен қамтитын, әсіресе, ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу қажеттілігіне баса назар аудартты. Бұл біздің аудан тұрғындары үшін де жақсы бастама болады деп санаймын. Алдағы жылдарда жаңа бағдарламаларға сәйкес тұрғын үйлер бой көтеріп, халық баспанамен қамтылса нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар Президент Қ.К.Тоқаев әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін тұрғын үй несиесінің өсімі 7%-дан аспауы тиіс екенін нақты атап өтті.

Жер жаһанның, бар табиғаттың жаңару қарсаңында өткен бұл Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелер Жаңа Қазақстанның жаңару жолына да жаңа өзгерістер мен тың серпіндер әкеледі деп есептеймін.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, елдігімізді асқақтатар игі естер мен тың бастамалар жүзеге аса бергей.

                                                                                                                            

Аманжол РАХМЕТОВ,

аудандық 

мәслихат төрағасы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT