ТАРИХИ СУРЕТ – ЕСКІРМЕС ШЕЖІРЕ

 

12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. Бұл күн – ғылым мен ерліктің, арман мен қайсарлықтың символына айналған күн. Қазақ халқы үшін бұл күннің орны бөлек. Себебі көк аспанды бағындырған тұңғыш қазақ ғарышкері – Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің есімімен бұл тақырып қашанда мақтанышпен қатар айтылады.

 Ғарышқа ұшқан әрбір адам – уақыт пен кеңістікті еңсерген тұлға. Ал сол тарихты хаттап, кейінгіге жеткізетін – архив. Біздің аудандық архивте де осындай рухани-тарихи құнды деректермен бірге, уақыт пен тағдырды тоқтатқан фотосуреттер сақтаулы. Қазіргі таңда архив қорында 300-ден астам тарихи, саяси мәні бар оқиғалардан сыр шертетін фотосуреттер жинақталған. Бұл фотоқұжаттар – өткен мен бүгіннің арасындағы үнсіз сөйлейтін куәгер дерсің.

 

 

Сол құнды мұралардың бірі – 1992 жылы ауданымызға алғаш келген қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің аудан халқымен кездесу сәті түсірілген тарихи сурет. Осыдан отыз үш жыл бұрын таспаға түскен бұл сурет бүгінде ескірмес шежіреге айналған. Ол – тек бір сәттің көрінісі емес, тұтас бір буынның арманын, елдің рухын бейнелейтін дерек. Бұл – аспан әлемін бағындырған қазақ баласының туған еліне тағзым етіп келген сәті. Архив  осындай суреттер арқылы өткеннің үнін бүгінге жеткізеді. Сондықтан тарихтың көзіндей болған әр құжат, әр сурет – ұлт жадындағы мәңгілік із.

 

Махизада ЖАҚСЫМБЕТОВА,

аудандық архив филиалы басшысының міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT