ТАРИХҚА ЕНГЕН ГҮЛДАНА

 

Бір ауылдың мақтанышына айналу – екінің біріне бұйыра бермейтін мәртебе. Ал тұтас аудан тарихында алғаш болып волейболдан спорт шеберлігіне үміткер атану – табандылық пен талпыныстың, еңбек пен ерен қабілеттің жемісі. Бұл – Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы, Исатай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дарынды волейболшысы Гүлдана Мерейдің жетістігі.

Бесінші сыныпта алғаш қолына доп алған бүлдіршін бүгінде республикалық деңгейде Атырау облысы намысын қорғап жүрген негізгі ойыншыға айналды. Ол – ойын алаңындағы маңызды позиция – жалғаушы қызметін шебер атқарып жүрген тәжірибелі спортшы. Жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасының тұрақты мүшесі ретінде бірнеше мәрте Қазақстан чемпионатына қатысып, ел біріншіліктерінде өңір намысын абыроймен қорғады. Аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, «Үздік жалғаушы», «Үздік ойыншы», «Жыл командасы» секілді түрлі номинацияларды иеленіп жүр. Наурыз айында Жанбай спорт кешенінде әйелдер арасында өткен облыстық турнирде «Исатай Гендер» командасы сапында ойын көрсеткен Гүлдана Жандарбекқызы шебер ойын өрнегімен көпшіліктің көзайымына айналды. Оның ойынға деген жауапкершілігі мен сергектігі – командаға серпін беріп, жеңіске жетелейтін басты күш. Жуырда Гүлдана төрт жылда бір рет өтетін жастар ойынына жолдама алып, үлкен спортқа нық қадам жасады. Мамыр айында Тараз қаласында өтетін бұл бәсекеде ол Атырау облысының құрамында өнер көрсетпек. Бұл – болашағынан зор үміт күттіретін спортшы үшін үлкен мүмкіндік.

– Гүлдана – тек алаңдағы емес, өмірдегі де жауапкершілігі жоғары, қайсар қыз. «Спорт шеберлігіне үміткер» атағы оңайлықпен берілмейді. Ол үшін Қазақстан чемпионатының іріктеу ойындарының жеңімпазы атану керек. Біз соған қол жеткіздік. Алаңда тактикалық ойынды шебер жүргізіп, өз ісінің нағыз маманындай еркін қимылдайды. Бұл – оны тәрбиелеген отбасынан, мектебінен, ауылынан бастау алған үлкен тәрбиенің жемісі. Қазір волейболға деген қызығушылық ауданда артып келеді. Алда мұндай биікке талпынатын шәкірттеріміз көбейеді деп сенемін. Жаттықтырушы ретінде қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынмын,-дейді Асланбек Аронұлы.

Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің оқушы қыздарынан құралған Исатай волейбол командасы қазіргі таңда Жылыой ауданы, Құлсары қаласында өтіп жатқан Жылыой әйелдер лигасына қатысып жатыр. Команда Тұщықұдық ауылының тұрғындары мен спорт жанашырларының демеушілігімен жарысқа аттанған. Алғашқы ойындарын Жылыой және Орталық стадион командаларына қарсы өткізіп, жеңісті жолмен бастады.

— Алдағы апталарда біздің қыздарымызды тағы төрт ойын күтіп тұр. Сонымен қатар келесі аптада Атырау облысы әйелдер лигасы басталады. Бұл жарыста Гүлдана облыстағы беделді компаниялардың бірі – «Денхолм Жолдас» компаниясының намысын қорғамақ. Лига ойындары волейболшы қыздарымыздың шеберліктерін шыңдауға, физикалық тұрғыда дайындықтарын нығайтуға көп көмегін тигізері сөзсіз. Алайда  көршілес ауданға барып, келуіміз бен жарысқа қатысуымыз көптеген қаржыны қажет ететіні бар. Осы орайда қыздарымызға демеушілік еткен ауыл тұрғындарына, спорт жанашырларына алғыс айта отырып алдағы апталарда өтетін ойындарға да қолдау білдіреді деп сенім білдіреміз,-дейді Асланбек Аронов үлкен сеніммен.

 

 

Жас спортшының бұл толағай табысы ауылдастарын да бейжай қалдырмады. 14 сәуір күні Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Айбатыр Бекішұлы аудан тарихында жас-тар арасында тұңғыш рет волейболдан «Спорт шеберлігіне үміткер» атанған Гүлдана Жандарбекқызын арнайы құттықтап, гүл шоқтары мен естелік сыйлық табыс етті. Ал  М.Горький атындағы мектепті бітіргеніне 40 жыл толған Елубай Какиұлы бастаған бір топ түлек мектепке келіп, Гүлдананы да назардан тыс қалдырмай, гүл шоқтары мен қаржылай сыйақысын табыс еткен.

Қазіргі таңда Гүлдана – болашақ жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүрген мектеп бітіруші түлек. Бірақ оның үлкен арманы – тек диплом алу емес, үлкен спортта биік белестерді бағындыру. Ол өз болашағын осы салада көреді екен. Гүлдана Жандарбекқызы үшін бұл – үлкен жолдың бастауы ғана. Тарихқа енген есім әлі талай жеңіспен толықпақ.

 

Жайна Ислат

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT