«ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ»

 

Қазақ халқының маңдайына жазылған ең ауыр кезеңдердің бірі – ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін еді.  Сан мыңдаған жазықсыз жанның өмірін жалмаған бұл зұлмат жылдар  ұлт тарихының қаралы беттері. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Нариман Үлкенбайұлы атындағы мәдениет үйінде өткен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты көрме сол қасіретті жылдарды еске салып, арда азаматтардың рухына тағзым етуге арналды.

Көрменің мақсаты – кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақ зиялыларының өмір жолынан сыр шертіп, олардың есімдерін ұмытпай, ұрпақ жадында сақтау. Шара барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар, ғалым-хатшы Амангелді Жұмабаев  бастаған зиялы қауым өкілдері қатысып, зұлмат жылдар туралы тарихи мағлұматтармен бөлісті.

Экспозициялық бөлімде архивтік құжаттар, фотосуреттер, деректі бейнематериалдар мен қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға арналған стендтер қойылды. Қонақтар назарына ұсынылған бейнероликтер арқылы қатысушылар сол бір сұрапыл жылдардың зәрлі ызғарын тағы бір мәрте сезінді. Көрме көрермен жүрегінде өткеннің зұлматын ұмыттырмай, ой салды, сана оятты. 1930-1938 жылдар аралығында басталған жаппай қуғын-сүргін науқаны қазақ даласын шарпыды.

Елінің болашағы үшін күрескен Алаш зиялылары мен қазақтың оқыған азаматтары «халық жауы» деген жаламен түрмеге тоғытылып, ату жазасына кесілді немесе итжеккенге айдалды. Әрбір қазақ отбасы бұл нәубеттен азап шекпей қалған жоқ. Солақай саясаттың салдарынан бір ғана жазық – ұлтқа қызмет ету болған жүздеген тұлға тағдыр тауқыметін тартты. Бұл туралы кеңінен тарқата айтқан тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Хафизұлы қуғын-сүргін жылдарының ел санасына салған жарасы әлі де жазыла қоймағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – қазақ ұлтының тек өткен тарихына ғана емес, рухани өзегіне жасалған ауыр соққы болды.

– Алаш қайраткерлері мен қазақтың оқыған азаматтарының бір ғана «айыбы» – ұлты үшін шын жанашыр болуы еді. Олар халықты оятқысы келді, білім мен ғылымға жетеледі, ұлттық мемлекет құруды мақсат тұтты. Бірақ дәл осы арман, осы ұмтылыс кеңестік билік үшін кешірілмес «қылмысқа» айналды. «Халық жауы» деген жалған айып тағылып, көпшілігі атылды, түрмеге қамалды, жер аударылды. Бұл зұлмат ешбір қазақ отбасын айналып өтпеді. Көптеген ұрпақ әке-шешесін танымай өсті, жүздеген шаңырақ ортасына түсті, - деді профессор.

Ол сондай-ақ бұл нәубет тек адамдардың тағдырын ғана емес, бүтін бір ұлттың дамуын ондаған жылдарға кейін шегіндіргенін айтты. Әбілсейіт Мұхтар осы зұлматтың салдарынан ұлттың көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларының жоғалып, халықтың рухы жаншылғанын ерекше атап өтті.

 

 

– Біз бұл тарихты ұмытпауымыз керек. Өйткені ұмытылған тарих – қайталанатын тарих. Ашаршылық пен қуғын-сүргін – қазақ ұлтының XX ғасырдағы ең үлкен қайғысы. Сондықтан әрбір ұрпақ бұл қасіретті білуге, түсінуге, және одан сабақ алуға тиіс. Бұл – тек тарихи әділеттілікті қалпына келтіру емес, бұл – ұлттық сананы ояту, рухты серпілту жолы, - деп түйіндеді өз сөзін профессор.

Көрмеде осы оқиғалар хақында айтылып қана қоймай, олардың ұрпақ жадындағы орны, бүгінгі тәуелсіздікке дейінгі күрес жолы баяндалды. Арда азаматтардың қасіретті тағдыры  бүгінгі ұрпақ үшін тек өткеннің сабағы ғана емес, ертеңгі күннің естелігі. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының артында қан жұтып қалған ұрпақтары бүгінгі бейбіт өмірдің мәнін ерекше сезінетіні анық. Көрме соңында жиналғандар бір минут үнсіздікпен жазықсыз құрбандардың рухына тағзым етті.

Көрмені тамашалаған әрбір көрермен ерекше әсерге бөленді. Бірі туған-туыстарының тағдырын еске алып, өткеннің ауыр сынақтары мен қасіреттерін қайта бастан өткергендей болды. Олар үшін бұл көрме ата-бабаларының азапты тағдырына деген терең құрмет пен ұрпақ алдындағы парызды сезіну сәті болды. Өз әңгімелері мен естеліктерін ортаға салып, тарихи шындықтың қаншалықты маңызды екенін тағы да ұғынды.

Ал енді бірі үшін бұл – тарихтың жаңа парағын ашу, бұрын белгісіз болып келген деректермен алғаш рет бетпе-бет келу еді. Олар саяси қуғын-сүргіннің шын мәніндегі қасіретін, ашаршылықтың адамзатқа жеткен сұмдық салдарын нақты фактілер арқылы көріп, тарихи оқиғаларды бұрынғыдан тереңірек түсінуге мүмкіндік алды. Көрме материалдары олардың тарихи сана-сезімін оятып, ұлттың біртуар зиялыларының, халық үшін жан аямай күрескен азаматтардың тағдырын жан-тәнімен қабылдауға әсер етті. Мұндай әртүрлі пікірлер мен сезімдер көрменің тек өткенді танытып қана қоймай, әр адамның жүрегіне жеткенін, ұлт жадындағы жараларды ашып, оларды түсіну мен қабылдау арқылы ұлттық сананы жаңартуға бағытталғанын айқын көрсетеді.

«Тарихты ұмытқан ұлттың  болашағы бұлыңғыр» дейді дана халық. Аталмыш мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислаттың айтуынша, осындай іс-шаралар – ел есінде мәңгі сақталатын қасіретті кезеңдерден тағылым алып, егемен елдің ертеңіне сергек көзбен қараудың жолы. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты көрме – өткенді ұмытпай, келешекке үмітпен қарауға үндеген рухани маңызы зор шара болды.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT