16 желтоқсан – қазақстандықтар үшін қастерлі күн, ұлттық рухты асқақтататын, егемен ел ретінде жаңа өмір бастаған тарихи белес. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – ғасырлар бойы үзілмей жалғасқан азаттық жолындағы күрестің, ұлттық қайсарлықтың, елдік мұраттың жеңісі.
Тәуелсіздік – қазақ халқының тағдырындағы аса маңызды кезең ғана емес, ұлттың рухани жаңғыруының бастауы, қоғамдық сананы қалыптастыратын негізгі құндылық. Ата-бабаларымыз «еркіндік», «жер», «ел» ұғымдарын қасиетті санады. Сол ұлы мұрат үшін арпалысып, талай нәубетті бастан өткерді. Кеңес кезеңінен кейін тарихи тұрғыдан қысқа уақыт ішінде Қазақстан жаңа мемлекет ретінде қалыптасып, халықаралық аренада өзіндік орны бар елге айналды.
Жетістіктер — ел дамуының көрінісі
1991 жылдан бастап Қазақстан терең әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып, мемлекет басқару жүйесін жетілдірді, ұлттық валютасын енгізді, халықаралық ұйымдармен белсенді байланыс орнатты. Бүгінде еліміз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ сынды беделді ұйымдардың құрамында аймақтық және жаһандық үдерістерге ықпал етіп отырған мемлекет.
Экономикасы нығайып, инфрақұрылымдық жобалар іске асып, жаңа өндіріс орындары ашылды. Қазақстанның білім жүйесі жаңарып, жас ұрпақтың шетелде сапалы білім алуына кең мүмкіндік жасалды. Мәдениет саласы жаңаша серпін алып, ұлттық өнер мен құндылықтар қайта түледі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық бірегейлікті сақтап, нығайту басты бағыттарының бірі болды.
Елдік мұрат – ерекше бағыт
Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі тәуелсіздіктің негізгі ұстанымдарын жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Бөлім тарапынан қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын түсіндіру, жас буынды елжандылыққа тәрбиелеу, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру бағытындағы түрлі шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Жастар арасында ақпараттық түсіндіру кездесулері, патриоттық акциялар, мәдени-танымдық іс-шаралар, семинарлар мен тренингтер өткізу - негізгі басымдықтардың бірі. Бұл жұмыстардың барлығы жастардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға, мемлекеттік саясаттың мәнін терең түсіндіруге, белсенді азаматтық позицияны дамытуға бағытталған.
Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді
Еліміздің жарқын болашағы - берекелі бірлікте, рухани тұтастықта. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, елдік мүдде биік тұруы тиіс. Тәуелсіздікті сақтап, нығайту - мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың парызы. Адамдардың бірлігі, түсіністігі, ортақ мүдде төңірегінде жұмылуы - Қазақстанды дамудың жаңа белестеріне жетелейтін негізгі күш.
Қазақ елінің жетістігі - бейбіт аспан, орнықты саясат және ел азаматтарының еңбегінің нәтижесі. Сол себепті Тәуелсіздік күні - өткенге тағзым, бүгінге шүкір, ертеңге зор сеніммен қарау.
Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай әр шаңыраққа амандық, ырыс пен береке, татулық пен тұрақтылықты тілек етеді. Еліміздің мерейі өсіп, мәртебесі биік болсын! Тәуелсіздігіміз мәңгі жасап, Қазақ елі өркендей берсін!
Ринат ЕСҚАЛИ,
аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы


