Тарихты тоғыстырған турнир

 

Ел тарихындағы қасіретті беттердің бірі – Семей ядролық полигоны. Жарты ғасыр бойы сынақ алаңына айналған бұл өңірдің зардабы әлі күнге дейін талай адамның өміріне із қалдырды. Алайда сол жылдары полигон маңында әскери борышын өтеген жауынгерлердің қайсарлығы мен төзімі ұмытылған емес. Олардың ерлігі – ұлт тарихындағы өрлік пен қайсарлықтың айқын көрінісі.

Сол себепті Семей полигонының жабылғанына 34 жыл толуы және Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен бекітілген «Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні» ауданымызда да елеусіз қалған жоқ. Атаулы күнге орай аудан ардагерлері арасында бильярдтан  аудан біріншілігі ұйымдастырылып, ардагерлердің басын қосқан тағылымды шара өтті.   

Турнирді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы бірлесіп өткізді. Жарыстың басты мақсаты – Семей полигонында және оған жақын аймақтарда әскери борышын өтеген жауынгерлердің жанқиярлық еңбегін дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге ету.  

–     Кезінде біздің ауданнан әскерге шақырылып,  Семей ядролық полигоны мен оған қатысты аймақта әскери борышын өтеген азаматтар саны қырықтан асады. Олар адамзат тарихындағы ең ауыр сынақтардың ортасында жүріп, жас өмірін қатерге тігіп, борышын абыроймен атқарды. Сол жауынгерлердің алтауы бүгінде өмірде жоқ. Ал қалғандарының арасында түрлі сырқаттарға шалдыққандары бар. Дегенмен атом жауынгерлері бүгінгі күні де елдің игілігі үшін еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосып жүр. Алайда олардың еңбегі мен ерлігіне берілер лайықты баға әлі күнге дейін толыққанды көрініс таппай жүр. Атом жауынгерлерінің атқарған ауыр әскери қызметі осы уақытқа дейін өзінің дұрыс бағасын ала алмай келеді. Уәделер көп, заңдар бар, бірақ өкінішке қарай, олардың іске асуы баяу жүріп жатыр,-дейді аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин.

 

 

Аудандық турнирге Исатай, Тұщықұдық, Аққыстау және Жанбай ауылдық округтерінен 63 жастан асқан ардагерлер қатысты. Олар зейнет жасына шықса да, спортты жандарына серік етіп, сергек өмір сүрудің үлгісін көрсетіп жүр. Бұл күн спорттық бәсеке ғана емес, жігер мен шыдамдылықтың, шеберлік пен достықтың мерекесіне айналды. Ардагерлер жасына қарамастан ширақ қимылдап, әрбір соққысының дәлдігі тәнті етті. Ойын барысында бильярд үстелінің үстінде шарықтаған көңіл-күй, достық әзілі мен тартысты сәттері жарыстың көркін қыздыра түсті.

Тартысты сайыстың нәтижесінде I-орынды Исатай ауылдық округінің ардагері Құрманбай Шүренбаев жеңіп алса, II орынға Тұщықұдық ауылдық округінің ардагері Әлібек  Дүйсенов ие болды. Ал III орынды Исатай ауылдық округінің ардагері Салауат Меңдіғазиев  қанжығасына байлады.

–    Бұл турнир біз сияқты ардагерлер үшін көңіл сергітіп, бір-бірімізбен жүздесіп, ой бөлісетін жақсы мүмкіндік болды. Бильярд тек ойын емес, бізді жақындастыратын, ара қатынасымызды нығайтатын құрал деп ойлаймын. Жеңіс деген – шартты нәрсе, ең бастысы – басымыздың қосылып, жақсы көңіл-күйде тарасуымыз. Осындай шараны ұйымдастырған сіздерге алғысымыз зор,-деп жеңімпаз Құрманбай Шүренбаев турнир ұйымдастырушыларына өз алғысын жаудырды.

Семей полигоны – халқымыздың жүрегіне жазылмас жара салған қасіретті тарих. Дегенмен сол жылдары ажалдың ортасында жүріп, әскери борышын адал атқарған жауынгерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ауданымызда ұйымдастырылған бильярд турнирі  олардың еңбегін бағалап, есімін ел жадында жаңғыртқан тағылымды шара болды. Ардагерлердің ширақ қимылы мен сергектігі жастарға үлгі, ал олардың бойындағы қайсар рух – отаншылдық пен патриотизмнің шынайы көрінісі. Бұл басқосу тек спорттық жарыс емес, елдік пен бірлікті, өткенге тағзым мен болашаққа сенімді дәріптеген мәнді кездесуге айналды.


    
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT