Тарихы терең ғимарат

«Тарих – таразышы, уақыт - емші» дегендей, сынаптай сырғыған бүгінгі күніміз ертеңгі тарихқа айналатыны белгілі.

Осындай көп сырды, қатпар-қатпар тарихты қазыналы сандықтай бүгіп жатқан, алғашқы іргетасы қалан-ғанына екі ғасырға жуық уақыт болған, бүгінгі Қамысқала (кешегі Новобогат) қасиетті де киелі елді мекендердің бірінен саналады. 2008 жылы облыстық мәслихаттың сессиясының қаулысымен Қамысқала селолық округі (бұрынғы Новобогат) болып өзгертілген елді мекен тәуелсіздік алған жиырма алты жыл ішінде адам танымастай өзгерді. 1939 жылы 16 қазандағы Қазақ ССР-і Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша Новобогат ауданы құрылды. Оның алғашқы басшысы болып аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, жергілікті азамат Әмір Бақыраев сайланды. Сауатты, іскер азамат кейін Маңғыс-тау түбегіндегі Шевченко ауданына бірінші хатшы етіп жіберілген.

Оның артынан Батыс Қазақстан облысының тумасы Мадияр Қостамбаевты отырғызған. Бұл уақыт ерді сынайтын, соғыс жүріп жатқан аса қиын шақ еді. 1943-1948 жылдарда Новобогат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған М.Қостамбаевты бір кездері жұмыстас болған не ол кісімен тұстас өмір сүріп, оны жақсы білетін көнекөз қарияларымыз сонау қиын-қыстау, зұлмат соғыс кезінде және соғыстан кейінгі ел экономикасын көтеруде аянбай тер төккен азамат ретінде әлі күнге жыр қылып айтады. Әсіресе Ұлы Отан соғысы басталған тұста аудан балық және мал шаруашылығымен айналысатын. Елді мекендер бір-бірінен қашық, техника, байланыс деген атымен жоқ, ер-азаматтар – майданда, елдегі жұмысты шал-шауқан, қатын-қалаш, бала-шаға атқаратын уақыт болатын.

Мұндай да елді басқару, адамдарға қамқорлық жасау, қиынның қиыны болғанын жасыруға болмас. Соған қарамастан М.Қостамбаевтың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында новобогаттық еңбеккерлер патриоттық қозғалыс пен қажырлы ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Мал шаруашылығын өркендетудегі табыстары, республика көлеміне Үндеу арнауы новобогаттықтарды сол қиын-қыстау кездерде Одаққа танымал етті. Үздік көрсеткішке қол жеткізген 20 ауданның бірі ретінде 1944 жылдың алғашқы жартысының қорытындысымен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Туын 2 мәрте иеленсе, кейін 1945 жылдың нәтижесімен СССР Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. 1948 жылы мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін сегіз адам Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауларына Алтын жұлдыз тақты. М.Қостамбаевтың өзі Ленин орденімен марапатталды. Егер Қамысқала ауылдық округінің орталығы – Х.Ерғалиев ауылына жолыңыз түссе, бірден өзектің бергі бетіндегі ақшаңқан ғимарат үйі көзге түсетіні анық.

Осы үйдің қабырғасында: «Бұл үйде 1943-1948 ж.ж. Новобогат аудандық партия ұйымын басқарып, халық құрметіне бөленген Мадияр Қостамбаев жұмыс жасады» деген ескерткіш тақтайша тұр. Мұнда бір кездері аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мадияр Қостамбаев қызмет атқарған. 1957 жылы күзде аудан таратылып, бос қалған әкімшілік ғимараттары 1958 жылы ашылған №37 кәсіптік-техникалық училищеге берілді. Оған еліміздің барлық жерінен жастар келіп, білім алып, техника тілін меңгерген жастар өсіп шықты. Училище кең профильді тракторшы, бульдозерші, жол тазалайтын жол техникасының жүргізушісі, автокран жүргізушілері дайындалды. Сол кезде училищеден білім алып, техника маманы болып жұмыс істеген, көзі тірі зейнеткерлер Х.Ерғалиевтік Т.Сатыбаев, тұщықұдықтық ауданның Құрметті азаматы Кәки Сапаров, т.б. бар. Кейін орнына ақыл есі кемтар балалардың үйі, 8 жылдық мектеп, балабақша мекемелері орналасты. 2011 жылы алпыс үш жылдан соң Мадияр ағаның ұрпағы Зоя Қостамбаева, інісі Мұхамбетжан екеуі келіп әкесіне ас беріп, дұға оқытты.

Осы істі ұйымдастыруда округ әкімі Бекболат Мусин, селодағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, марқұм Өтеген Харекесов және басқа да азаматтар атсалысқан еді. Таңқаларлық жайт – Қостамбаевтар отбасы тұрған пәтер әлі сол күйінде сақталыпты. Мадияр Қостамбаевтың отбасы 1948 жылы Батыс Қазақстан облысына көшіп кеткен болатын. Бұл үйде 1952-1957 жылдары аралығында Новобогат аудандық атқару комитетінің төрағасы Уали Жайықов та жұмыс істеген. Міне, біз білетін көне ғимараттың тарихы.

Аяпберген САЛИХОВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521