Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен «Спорт – нашақорлыққа қарсы!» ұранымен шағын футболдан аудандық лига ойындарының 5, 6 және 7-турлары өтті. Аталған турлардан кейін турнирлік кестеде елеулі өзгерістер орын алды.
Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан Исатай футбол лигасы биылғы жылы тосын жаңалықтарға толы десек артық айтқанымыз емес. Өйткені сайыс фоворит командалардың ұпай жоғалтуымен, күлімкөз көрерменнің таңдайын қақтыруда. Лиганың бас-ты фовориттерінің бірі аққыстаулық «Даллас» командасы аталған турларда екі жеңіс, бір жеңіліс тауып, турнирдің көш басына шыға білді. Осы уақытқа дейін ұпайдан шаршау шығармаған «Зинеден» құрамасы бес турда көш басындағы «Далластан» ұпай жоғалтып, турнирлік кестенің ІІ орнына тұрақтады. Алайда қос құраманың да ұпайы тең, 13 ұпайдан. Ал ендігі қызықты қараңыз. Турнирлік кестеде ІІІ орын мен VI орын аралығында тұрған командалардың барлығында 12 ұпайдан. Атап айтқанда «Қамысқала», аққыстаулық «Барыс.kz» және «Тұщықұдық», «Жанбай» құрамалары чемпиондықтан әлі де дәмелі екенін дәлелдеп тұрғандай. Өздерінің ерекше ойындарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген исатайлық жігіттер турнир ортасында шаршаңқырап қалған сияқты көрінеді. Алайда оларды да жүлдегерлер тізімінен шығаруға болмайтынын ескергеніміз жөн. Тұщықұдық ауылынан «Барлаушы» және аққыстаулық «Өркен» құрамаларында 7 ұпайдан болса, турнир басталғаннан бері тек қана бір рет жеңіс дәмін татқан жанбайлық «Қарт Каспий» құрамасы 11 орында. Ал «Нарын» командасы, өкінішке қарай, 6 ойын қатарынан жеңіліс тауып, турнирлік кестенің соңғы орнынан көтеріле алмай тұр.
Ұйымдастыру бағытында биылғы турнирдің ерекшеліктері өте көп. Атап айтқанда ала доптың аламанын «You tube» қосымшасы арқылы тікелей эфирде көрсетіп отырады. Ал ойынды ауданымыздың мақтанышы, айтыскер ақын Серікбол Панабердиев комментатор есебінде жүргізіп, жарыстың әдемі өтуіне өзіндік үлес қосу үстінде. Командасын жасыл алаңның сыртынан тамашалау үшін жанкүйерлерге арнап аудан әкімдігі мен демеуші азаматтардың қолдауымен арнайы трибуналар қондырылған болатын. Әр турдың үздік ойыншыларына лига ұйымдастырушылары мен демеушілер атынан арнайы сыйлық және 20 мың теңгелік сертификат табыс етіліп отырады. Түрлі эмоцияға толы бұл лига әзірге айқын жеңімпазын анықтай алмай келеді. Футбол мерекесінің аяқталуына небәрі 4 тур қалды. Демек, тартыс әлі де қыза түспек.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ