ТАСГРАН ҚАЛАЙ САЛЫНҒАН

Ауданымыздың қалыптасып, дамуы мен мәдени-сәулеттік ескерткіштері туралы сөз қозғағанда, оның бойтұмарындай болған «Тасгран» тарихи белгісін ауызға алмай кете алмаймыз. Ол - Аққыстау елді мекенінің оңтүстік шетінен орын тепкен, өткен ғасырдан бізге жеткен көненің көзі.

 Атының өзі айтып тұрғанындай,  қазақтың «тас» және  орыстың «граница» деген қос сөзінен құралған нысан шын мәнінде шекаралық белгі ретінде салынған. Ескерткіштің жобасы төрт қырлы шаршы пішінді, пирамида тәрізді етіп тұрғызылған. Оның бой көтеру мақсаты жөнінде бірнеше болжамдар  айтылады. Соның бірінде Орал өңірі өз алдына облыс болып, Орынбор губерниясынан бөлініп, Астрахан губерниясына берілгенде екі аралық мың шақырымдық қашықтықты тең бөлетін шекара сызығы жыртылып белгіленген делінеді. Ал тарихшы Мұханбетқали Қипиев болса, Астрахан губерниясына қарайтын Бөкей Ордасы мен Орал казачествосының шекарасын айыру үшін орнатылған белгі дейді. Енді бір әңгімелерде  ол I және II Теңіз жағалауы округтерінің шекараларының ұштасатын жеріне қондырылған мұнара көрінеді. Қай уәжді алсақ та шындықтан алыс кетпейді. Дейтұрғанмен, біздің ойымызша тарихшы М. Қипиевтің болжамы ақиқатқа келеді деп есептеймін. «Ол кезде теңіз суы Жалтырды (Тұщықұдық ауылдық округі аумағында) басып, «Бөкей шешесі» қауымына дейін барған. Сулы жерді айнала өскен ну қамыстар, бөлек-бөлек біткен аралдар көбеюінен аталған округтердің аралық шекарасы қай тұстан өтетіні белгісіз бола берген. Бұдан шығудың жолын іздеген округтің жаңа әкімі Мақаш Шолтырұлы Саратов қаласынан алты соқа сатып әкелдіреді. Сөйтіп, сол соқалармен екі округ арасын жыртқызып, шекарасын белгілеп, оның әр жеріне тас көміп, белгі орнатады. Осыдан кейін аралық (гран) белгі әрі теңіз жағасының маягі ретінде осы Тасгран тұрғызылған» деп жазды журналист Жоламан Дәулетияр («Нарын таңы» газеті, «Аққыстаудағы Тасгран туралы білесіз бе?» мақаласы, №20, 31 мамыр 2021 жыл).

Құрлықтың теңізге тірелетін жеріне 1870 жылы тастан биік етіп орнатылған осы белгінің құрылысына жергілікті саздан басылған 10 мың тас пен 10 мың бау теңіз қамысы пайдаланылыпты. Алдын ала әзірленген жоба сызбасына сай әуелі бір қатарға тас қаланып, сосын келесі қатар қамысты түбін шетке беріп төсеп, асты-үстіне балшық салып, осылайша 50 қатар тастан тұрғызылған. Мұнара белгі жобасының көлемі - 7,8 х 7,0 м, биіктігі - 10,5 м.

Әрине, қай заманда да құрылыстың қаржысыз бітпейтіні белгілі. Мақаш әкім осы жұмысты ұйымдастыруды елде беделі бар, белгілі діндар, ағартушы Тумаш Жайық Әйіп қажы Бекенұлына жүктепті. Ол кісі елді жинап, ақылдасып, қаржысын бөліп, жұмысты атқаруды өзінің руласы Орынбай деген шеберге тапсырған. Міне, осылайша жұмысқа кіріскен Орынбай шебер жергілікті азаматтарға белгі орнатылатын төбенің баурайынан бие сүті қосылып, жылқының қылы араластырылған сазды ат тұяғымен илетіп, тас бастыртып, мұнараны салдырған. Кезінде Сидеғали Нұрманұлы ақсақал «Менімен рулас болып келетін, Бегістің Түгелек атасынан тарайтын Рахметұлы Есіркеп ағам жас кезінде осы Таскранды салысқан адамдардың бірі болды деп естігем» деп отыратын. Соған қарағанда, шекаралық белгіні тұрғызуға жергілікті Бегіс, Құлкеш руларының азаматтары тартылған деп болжаймыз. Кейіннен дәулетті адам болған Есіркептің қыстауының орнындағы елді мекен қазір оның есімімен аталып жүр.

Бір кездері толқыны жағаны ұрған теңізден ау сүзген балықшылар мен судағы кемелерге бағдар берген маяк, екі әкімшілік аумақтың шекарасын белгілеген мұнара қызметін атқарған Тасгран арада 150 жыл уақыт өтсе де табиғаттың сан қилы сынына төтеп беріп, биік төбе басында әлі күнге қасқайып тұр. Оған сүйсінген ақын Жоламан Дәулетияр:

...Осынау топырағымнан теуіп те ірге,

Жасадың жүз елу жыл елмен бірге.

Барғайсың әлі талай замандарға

Ұрпақпен туын тіккен туған жерге...- деген тамаша жыр жолдарын да арнапты.

Міне, замана көшімен бірге жасасып, ғасырдан аса уақыт бойына мызғымай тұрған осындай киелі бойтұмары бар, қиын да күрделі даму жолынан өткен ауданымыз жыл сайын жаңарып, өсіп-өркендеп келеді.

 

Мүтиғолла НАСИХАНОВ,

тарихшы, өлкетанушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521