Таңшолпан - ел біріншілігінің жеңімпазы!

 

Кейде үлкен жеңістер айқайлап келмейді. Олар тыныш қана, бірақ нық қадаммен, ұзақ дайындық пен төзімнің арасынан туады. Спорттағы әрбір табыс – секундпен өлшенген нәтиже емес, көзге көрінбейтін еңбек пен ішкі тәртіптің жемісі. Осындай еңбектің арқасында жаңа жылдың алғашқы күндері аудан үшін қуанышты жаңалықпен есте қалды. Волейбол алаңында жасөспірімдер арасында өткен бәсекеде Исатай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Таңшолпан Нұрбергенқызы өз мүмкіндігін дәлелдеп, жоғары нәтиже көрсетті. 

Бұл жеңіс оның өзіне деген сенімі мен жүйелі еңбегінің айқын көрінісі болды. Осы жеңіс арқылы спорттың мәні тағы бір мәрте айқындалды: ол тек жарыс емес, мінезді шыңдайтын, жауапкершілік пен табандылыққа үйрететін өмір мектебі. Ал Таңшолпанның жетістігі – сол мектептен сүрінбей өтіп келе жатқан жас буынның нақты дәлелі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша волейболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында қола жүлдеге ие болып, үздіктер қатарынан көрінген Таңшолпан биыл облыс құрамасының сапында Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында топ жарып, ел біріншілігінің жеңімпазы атанды. Бұл – аудан тарихында қыздар арасынан тұңғыш рет қол жеткізілген аса ірі жетістік. Әрбір үлкен табыстың артында маңдай тер, тынымсыз еңбек пен мықты тәртіп тұратыны белгілі. Таңшолпанның спорттағы жарқын жолының қалыптасуында білікті бапкері Азамат Жанболатұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Еңбек жолын бастағанына небәрі үш жыл ғана уақыт болса да, жас бапкердің жеткен жетістіктері аудан мерейін үстем етуде. Азамат Жанболатұлы 2023 жылы Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы жоғары оқу орнын тәмамдап, сол жылдың тамыз айынан бастап Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол бөлімінің жаттықтырушысы қызметіне кіріскен. Сол кезден бастап ол Таңшолпанның бойындағы ерекше қабілетті байқап, талантын ұштауға бар күш-жігерін салады.

Бапкердің айтуынша, Таңшолпан – еңбекқорлығы мен жауапкершілігі жоғары, жаттығуда да, жарыста да өзіне қатаң талап қоя білетін спортшы.

–    Ол ешқашан жеңіске масайрамай, әр жетістігін жаңа белеске бастар баспалдақ деп қабылдайды. Команда ішінде де ұйымшыл, жолдастарына қолдау көрсете білетін, нағыз көшбасшылық қасиеті бар жас спортшы. Таңшолпанның жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол Атырау облысы құрамасы сапында Ақтөбе қаласында өткен 2011 жылы туған қыздар арасында «LifeStyle Cup» халықаралық турнирінде 1-орынды иеленіп, облыс абыройын асқақтатты. Ал өткен жылдың 13–20 қараша аралығында Өскемен қаласында өткен 2011–2012 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында еліміздің 17 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаласынан келген 250-ге жуық волейболшы бақ сынады. Бұл дүбірлі додада Атырау облысының құрамасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Оның болашағына үлкен сеніммен қараймыз, жарқын жетістіктер күтеміз,-дейді Азамат Жанболатұлы.

Жаттықтырушының айтуынша, Таңшолпанның ел біріншілігіндегі жеңісі – бір адамның ғана емес, бірлесе атқарылған еңбектің жемісі. Бұл жетістікке жетуде Ғадылжан Жандәулет, Жандос Рысқалиев, Асланбек Аронов сынды тәжірибелі жаттықтырушылардың да үлесі зор. Олардың әрбір ақыл-кеңесі мен жігерлендіруі жас спортшының өзіне деген сенімін арттырып, биік белестерді бағындыруына жол ашты.

Бүгінде Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының бұйрығымен бірқатар жас волейболшыларға «Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер» спорттық атағы берілді. Сол тізімнің қатарында Таңшолпан Нұрбергенқызының болуы – оның еңбегінің заңды бағасы, болашақта бұдан да биік жетістіктерге жететініне сенім ұялатады.
Биік тұғырлардан көрінген Таңшолпанның бүгінгі жеңісі аудан спортының даму жолындағы айрықша әрі тарихи белеске айналды. Бұл жетістік тек бір спортшының табысы ғана емес, сонымен қатар жүйелі дайындықтың, тынымсыз еңбектің және сенім мен қолдаудың жемісі екені анық. Осындай жеңістер жас спортшыларға зор жігер беріп, олардың өз мүмкіндігіне деген сенімін арттырса, білікті бапкерлер үшін жаңа мақсаттар мен биік межелерге ұмтылуға үлкен шабыт сыйлайды. Ал спортты жан-тәнімен сүйетін қалың көпшілік үшін бұл қуанышты жаңалық мерейімізді өсіріп, ортақ мақтанышқа айналып отыр. Ел үмітін абыроймен ақтаған жас чемпионның алдағы спорттық жолы да осындай табыстарға толы болсын деп тілейміз. Алда әлі талай жауапты жарыстар мен шешуші сындар күтіп тұрғаны анық, алайда бүгінгі жеңіс Таңшолпанның үлкен спорттағы нық қадамы екенін көрсетеді. Табандылық пен еңбекқорлықты ту еткен осындай талапты жастар барда қазақ спортының көкжиегі кеңейіп, халықаралық ареналарда көк байрағымыз желбірей беретініне сенім мол.

 

Еркебұлан УАЛИТХАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT