ТАСҚЫНҒА ТОСҚАУЫЛ: қауіп сейілді ме?

сурет ғаламтордан

 

Көктемгі су тасқыны – табиғаттың тосын сынағы. Жыл сайын ел аумағында су тасқыны өзекті мәселеге айналады. Биыл аудан аумағындағы бөгеттер мен су арналары жіті тексеріліп, алдын алу шаралары қолға алынуда. Дегенмен, «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей, жайбырақаттық жараспайды.

Аудан аумағында Каспий теңізі мен Жайық өзенінен бастау алатын бірнеше ірі су арналары – Бақсай, Нарын, Сборный-Саржігіт, Кобяково-Забурын каналдары бар. Су деңгейі күрт көтерілген жағдайда олардың маңындағы елді мекендерге қатер төнуі мүмкін. Алайда қазіргі таңда Каспий теңізінің Жанбай ауылынан 25 шақырымға, Зинеден ауылынан 10 шақырымға қашықтауы бұл қауіптің сейілгенін көрсетеді. Биыл аудандағы бөгеттерді түгендеу және зерделеу мақсатында комиссия құрылып, арнайы жұмыстар жүргізілді. Комиссия құрамында аудан басшылары, белсенділер, мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері болды. Нәтижесінде, су тасқынының алдын алу үшін нақты шаралар қабылданды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтің айтуынша, су тасқыны қаупін азайту үшін бірнеше ауқымды жұмыс қолға алынған. Атап айтқанда, Аққыстау ауылынан өтетін Нарын каналының Өркен мен Қаратүбек елді мекендері тұстарында каналдың жалдарды көтеру, арнаны қамыстан тазарту, сондай-ақ Бақсай каналының Жанбай бағытына қарайғы бөлігін және Тұщықұдықтан Аққыстауға дейінгі аралығын тереңдету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Тұщықұдық ауылы маңындағы Бақсай каналы өтетін жердегі жалдарды көтеру жұмыстары басталып кеткен.

Айта кетейік, аудандағы бөгеттердің жалпы ұзындығы 87,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2016 жылы заңдастырылған бөгеттер 9,34 шақырым болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 23,28 шақырымға жеткен.

–       Тұрғындарды уақыты-лы құлақтандыру мақсатында 7 ауылдық округке 13 дана «Марс Арсенал» құрылғысы және Жанбай ауылдық округіне 1 дана «Вестник» құлақтандыру жүйесі орнатылып, барлығы іске қосылып тексерілді. Құрылғылар толық жарамды. Аудан әкімінің шешімімен азаматтық қорғаудың 10 қызметі құрылған. Су тасқынына қарсы шұғыл ден қою тобы 108 адамнан жасақталып, 35 бірлік техникамен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарды орналастыру үшін аудан бойынша 19 эвакуациялық қабылдау пункті жасақталған, - дейді аудан әкімінің орынбасары  Нұрберген Мұратұлы.

Атқарылған жұмыстар су тасқыны қаупін азайтқанымен, бұл қауіп мүлде жойылды деген сөз емес. Табиғаттың тосын мінезін ешкім болжай алмайды. Сондықтан сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Жергілікті билік, төтенше жағдай қызметтері мен тұрғындар қауіпті сәтте бірлесе әрекет етсе, тасқынның алдын алу мүмкіндігі арта түседі.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT