Дзюдо тек күрес өнері ғана емес, төзімділік пен табандылықтың, мінез бен ерік-жігердің мектебі. Бұл спорт түрі қарсыласты бағындырудан бұрын, ең алдымен, өзіңді жеңуді талап етеді. Татамиде әр спортшы күшін, жылдамдығын ғана емес, ақылын да сынайды. Ер жігітке тән спорт деп саналатын бұл салада бүгінде қыздар да биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Солардың бірі – Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының шәкірті, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебінің оқушысы Анель Серікқали.
16-17 наурыз күндері Ақтау қаласында өткен дзюдодан «Халық батырлары Иса – Досан» жүлдесіне арналған XV халықаралық турнирде жас спортшы өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарыста Қазақстанның 12 облысынан және Әзірбайжан мемлекетінен келген барлығы 500-ге жуық балуан бақ сынады. Осындай мықтылардың арасынан суырылып шыққан Анель Ринатқызы 70 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдені иеленіп, өңір абыройын асқақтатты. Анельдің бұл жетістігі кездейсоқтық емес. Жас спортшы ұзақ жылдар бойы табанды еңбектің, тынымсыз жаттығулардың арқасында осындай дәрежеге жетті. Оның әрбір жеңісі – тек өз күш-жігерінің ғана емес, сонымен қатар жаттықтырушысы Эльдар Сатановтың еңбегінің де жемісі. Бапкер мен шәкірт арасындағы үйлесімді жұмыс, үздіксіз дайындық, қарсыластардың әдіс-тәсілдерін жіті зерттеу – бәрі де спорттық табыстың басты кепілі. Бапкері Эльдар Сатанов шәкіртінің бұл жетістігін жоғары бағалап, оның алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыра алатынына сенімді. Жүлдегердің спорттағы жетістігі оның жеке өміріне де үлкен әсерін тигізуде. Оның айтуынша, дзюдо оған тек физикалық күш-қуат қана емес, сабырлылық пен тәртіпті, жауапкершілік пен өзіне деген сенімділікті үйретті.
Анель Серікқалидың бұл жеңісі Наурыз мейрамы қарсаңында тамаша тарту болды. Көктеммен бірге келетін жаңару мен жасампаздық рухы бұл жеңісті одан әрі айшықтай түседі. Оның табысы тек жеке жетістік қана емес, аудан спортының дамуының, болашағы зор жастардың өсіп келе жатқанының айқын көрінісі.
Жайна МӘЛІМҚОЖА