«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ азамат марапатталды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облысы әкімінің міндетін атқарушы Нариман Таушов қатысушыларды келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтады. Ол осы жылдары еліміз еңсесін тіктеп, ордалы мемлекетке айналғанын атап өтті.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің арқасында Атырау облысы да көптеген жетістікке қол жеткізгенін, мұның барлығы өңір азаматтарының тынымсыз еңбектері мен қолдауының нәтижесі екенін баса айтты.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген Атырау облысының бір топ азаматтары марапатталды.
Олардың қатарында еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері бар. Оларға «Халық алғысы», «Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдері мен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табысталды. Оған қоса, бірқатар азамат «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне 100 жыл» естелік төсбелгісімен марапатталды.
Өз кезегінде, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов марапатталушылар атынан алғыс білдірді.
«Кеудеге тағылған медальден өздеріңіздің маңдай терлеріңізді көресіздер. Елге сіңірген еңбектеріңізді ескеріп, ел Президенті өз жарлығымен осы марапатты тапсырып жатыр. Барша марапатталушылар атынан мемлекет басшысына және облыс әкіміне алғыс білдіремін. Бұл құрмет бізді жаңа белеске жетелеп, жігерлендірері сөзсіз. Мереке құтты болсын!»,-деді ол.