Тазалық тағы талқыға түсті

Бұған дейін аудан орталығында қоқыстарды жинау жөніндегі тендерде жеңімпаз танылғандардың өз міндеттерін атқаруы жайын жан-жақты қарап, тиісті шешім алған аудандық қоғамдық кеңес өткен аптаның бейсенбісіндегі мәжілісінде осы тақырыпты және қозғады. Оған себепші – ауыл тазалығына қатысты тұрғындар арызы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин 2024 жылғы сәуір айында №06-05-10/313 санды шығыспен Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғаділ Боранбаевтың аудандық қоғамдық кеңес атына жолдаған сұраныс хатына сәйкес бас қосқандарын мәжіліске қатысып отырған аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов пен кеңес мүшелерінің қаперіне бере кетті. Округ әкімінің жолдаған хатында Аққыстау ауылы мен Өркен елді мекендері тұрғындарының қатты қоқыс қалдықтарын жинаудағы осы жылдың 11-ші наурызынан бері қалыптасқан келеңсіз жағдайлар, оған себепші болып отырған қатты қоқыс қалдықтарын жинауға міндетті «Исатайгазстройсервис» ЖШС-нің  күні бүгінге дейін бекітілген 52 контейнер алаңшасы мен 122 контейнердегі қоқыстарды алуда арадағы келісімшартқа сай санитарлық тазалық талаптарды орындауға мүмкіндіктері келмей, қорытындысында тұрғындардың реніштерін тудырып, олардың ауыл әкіміне топтасып арыздар жазып, шағымдануына мәжбүр еткені баяндалған.

Мәжіліс барысында мұндай кемшіліктерді алдағы уақытта болдырмау, оның алдын алу мақсатында арыз ізімен аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің кеңес төрағасы Е.Насимуллинмен бірге жүргізген бірнеше рейдтері қорытындысында да осы жағдайлар қайталана көрініс тапқаны айтылды.

Мәселені талқылау барысында Аққыстау ауылдық округінің әкімі Ғ. Боранбаевтың қосымша түсінік беруінен және кеңес мүшелерінің мәселені талқылаудағы жарыссөзге қатысуынан кейін, сондай-ақ, жүргізілген рейдтер қорытындысын саралау барысынан ауылдың тазалығына қатысты қызмет көрсету тендерін жеңіп алған серіктестік 11 наурыздан бас-тап міндетті ісіне кіріссе де, Шарт талаптарына сәйкес көрсететін қызметтерін атқара алмай отырғандығы белгілі болды. Осындай жағдайда аталған серіктестік төрағасының кеңес мәжілісіне қатыспауы түсініксіз еді.

Жарыссөзге қатысушы кеңес мүшелері тарапынан болған жұмысын қатаң ескертумен жалғастыруға мүмкіндік беру, ЖШС-імен арада жасалған келісім шартты бұзу жөніндегі екі ұсыныс дауысқа қойылды.

Нәтижесінде, дәйектерді зерделеу қорытындысына сәйкес, аудандық қоғамдық кеңес «Исатайгазстройсервис» ЖШС-нің Аққыстау ауылы мен Өркен елді мекені тұрғындарының қатты қоқыс қалдықтарын шығару қызметі Аққыстау ауылдық округі әкімімен арадағы келісімшартқа сай міндеттері өз дәрежесінде орындалмағандықтан атқарған жұмысты қанағаттанарлықсыз деп тану, Аққыстау ауылы тұрғындарының қатты қоқыс қалдықтарын шығаруда қанағаттанарлықсыз қызмет етіп, Аққыстау ауылдық округі әкімімен арадағы қазынашылыққа 10.03.2024 жылы тіркелген №10 келісім шарттың 1.1 тармақшасындағы Өнім берушінің көрсетілген талаптарын орындамауы салдарынан қазынашылыққа тіркелген мерзімі 10.03.2024 жылғы №10 келісімшартты бұзуды Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғ.Боранбаевқа ұсыныс ету туралы шешім алды.

Әрине, кеңес өз шешімін алды, алайда, ең маңыздысы мәселенің оң шешіліп, тұрғындар тарапынан болған орынды талап-тілектердің орындалуы екенін ойға түйе кеттік.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521