ТАЗАЛЫҚҚА ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ТАНЫТСАҚ

(0 Votes)

Бұрындары «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөзді жиі айтатынбыз. Бұл, әсіресе, әңгіме көшенің, ауылдың тазалығы төңірегінде қозғалғанда көбірек естіліп жататын. Өйткені ол уақытта тазалық үшін қазір жасалып отырғандай жағдай болмайтын, әркім өз үйінің айналасын таза ұстауға қарекет қылатын, қоқыстарын белгіленген орынға өзі апаруға міндеттелетін.

Ал, қазір ше? Қазір, соңғы 2-3 жылдан бері, ауылдарымыздағы әр көшеге немесе мөлтек аудандар бойынша қоқыс жәшіктері (контейнерлер) қойыла бастады. Енді баяғыдай қоқысымызды арнайы орынға жеткізу үшін көлік іздеп, оны тиеп, не түсіріп әбігерге қалмайтын болдық.

Сырты қоршалған сол қоқыс жәшіктері алғаш қойылған уақытта оны қалай пайдалану жөнінде ауыл-ауылдың әкімдерінен, тиісті мекемелер басшыларынан бастап тұрғындарға біраз түсіндіру жұмыстары да жүргені рас. Бастапқыда бәрі де сол талаптарға сай жүріп жатты да, кейін, үйренісе келе тағы да «төгіп-шашуға» көштік. Үйден шығатын түрлі қалдықтарымызды терезенің алдында тұрған қоқыс жәшіктеріне өзіміз (үлкендер жағын айтам) апарып салуға ерінетінді шығардық, бала жұмсайтын болдық. Баланың аты – бала, қоқыс жәшігінің сырт қоршауына бойы жететіндерінің өзі көбінесе оған қол созым жерде тұрып лақтыра салады, бойы жетпейтіндері онсыз да сыртына тастай салуға мәжбүр. Нәтижесінде, көшелердегі қоқыс жәшіктерінің маңайы шашылып жататынды шығарды. Желді күндері жан-жаққа ұшқан сол қоқыстар жақын тұрған үйлердің айналасына үйіріліп қалатынын да көріп жүрміз. Айналып келгенде, жәшіктің сыртына шашылған сол қоқысты қазір қоғамдық қызметте жүргендер жинайтын болғалы соған әбден арқа сүйеп алғандаймыз.

Мұны елеп-ескеріп жүретін кейбір азаматтардың соңғы кездері «үйден шыққан қоқысымызға дейін біреу жинап, төгеді, әбден бойкүйезденіп барамыз-ау» деп отыратынын естіп қалып жүрміз. Сондайда «таяқ тастам жердегі қоқыс жәшігіне әрі кеткенде бір-екі пакет болатын қоқысымызды өзіміз апарып салуға неге ерінеміз?» деген сұрақ мазалайтын болып алды.

Неге айналамыздың тазалығына соншалықты селқос болып барамыз? Арнайы қоқыс жәшіктері қойылып, нақты жағдай жасалынғаннан кейінгі жерде үй маңының, көшенің, ауылдың тазалығын ойлап, оңды әрекет жасауға дағдылансақ болар еді ғой. Бұл да ойланатын мәселе болып барады...

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР  

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT