Сенбіліктің қоғамның назарын аудан, ауыл көшелерінің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор.
Осы орайда, бүгін «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Исатай ауданына қарасты Исатай және Зинеден ауылдық округтерінде кезекті сенбілік өтті.
Басты мақсат - ауылдың көркіне көрік қосу, тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсарту.
Таң сәріден бастау алған тазалық жұмыстарына әкімшілік қызметкерлері, білім ошақтарының және бөбекжай-бақшалардың ұжымы, бөлім мекемелерінің және қоғамдық жұмыстың қызметкерлері қатысты. Одан бөлек қажетті техникалар да жұмылдырылды.
Сенбілікке қатысушылар өздеріне бекітілген ауыл көшелерінде, мектеп, бөбекжай-бақша, мекеме ғимараттарының аулаларында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретсіз шашылған қоқыстарды, қураған ағаш шыбықтарын жинап, әктеп, қоршауларды сырлап, арам шөптерді жұлып, ауыл келбетіне жаңа рең беруге атсалысты.
Тазалық жұмыстары нәтижесінде жинақталған қоқыс қалдықтары арнайы орынға жеткізіліп, өртелді.
Аталмыш шараның ауыл тазалығын сақтауда ғана емес, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуда да алар үлесі зор.
Әділбек СЫРЫМОВ