«Тегін ірімшік қақпанда ғана болады». Аудандық полиция бөлімінің бастығы есеп берді

Исатай ауданында аудандық полиция бөлімінің бастығы И.Бекқалиев тұрғындар алдында былтырғы атқарылған жұмыстары жөнінде есеп берді.

26rov

Жыл бойына атқарылған жұмыстар төңірегінде баяндама жасаған аудандық полиция бөлімінің бастығы И.Бекқалиев қойылған сұрақтарға да жауап берді. Аудандық мәслихат депутаттары С.Әубекеров пен А.Рахметов, ауданның Құрметті азаматы М.Бектенов, жанбайлық ардагер М.Аяшевтар көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, өз ойларын ортаға салды. Оның ішінде жол мәселесі, мал ұрлығы, алаяқтық секілді қылмыстардың алдын алу жайы сөз болғанын айта кеткен жөн. Қозғалған мәселе төңірегінде тұшымды жауап берген бөлім бастығы айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыстар жасалатындығын атап өтті.

2

Жиын соңында аудан әкімі М.Мурзиев бірқатар мәселелерге тоқталды. – Жолымыздың сын көтермейтіні рас. Дегенмен, сол жолдың тозығы жеткеніне қарамастан, түн ішінде көліктердің жарысуы және жол ережесін бұзу жиі кездесіп жатады. Біз оны аудан тұрғындарынан телеграм чаты арқылы естіп, біліп отырмыз. Заң бұзған көлік жүргізушілерінің таныс, туыс екендігіне қарамастан, тиісті шара алуларыңыз керек. Сондай-ақ, түнгі мезгілде мектеп оқушыларының көшеде жүретінін жиі кездестіреміз. Оларға да түсінік жұмыстарын жүргізіп, нәтиже болмаған жағдайда ата-аналарынан заңды шара алған дұрыс, - деді аудан әкімі.

26rv

Алаяқтық жайын да сөз қылған М.Мурзиев қарапайым халықтың кез келгенге жем болмай, ойланатын уақыты келгендігін айтады. – Қоғамымыз дамыған сайын қылмыс та өңін өзгертіп отырады. Қазіргі кейбір азаматтарымызды сан соқтырып отырған пирамидалар - соған мысал. Тегін ірімшіктің қақпанда ғана болатынын ұмытпайық, - деді аудан басшысы.

Сөз соңында аудандық полиция бөлімі бастығының есебіне оң баға берген М.Мурзиев аудандағы ахуалдың өзге өңірлермен салыстырғанда бірқалыпты екендігін, бұның сала басшысы мен қызметкерлерінің өз деңгейінде атқарған қызметінің нәтижесі мен аудан тұрғындарының тәртібі мен тәрбие деңгейінің жоғарылығын көрсететінін айтты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521