Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл жолғы шара тәртіп сақшыларының тек қызметте емес, спортта да белсенді екендігін айқындап берді. Аудандық полиция бөлімінің бастамасымен өткен кіші аяқ доп турниріне бөлім ішінен құралған 5 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жанихан Қойшибаев пен аудандық білім бөлімінің «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры, мәслихат депутаты Асхат Жұмабекұлы да қатысып, ойыншыларға қолдау білдірді.
Жарыс Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, бірден тартысты бәсекеге ұласты. Қызу ойын барысында әр команда шеберлігін, ұйымшылдығын танытты. Нәтижесінде үшінші орынды «Уақытша ұстау изоляторы» командасы иеленсе, екінші орын «Жедел тергеу» тобына бұйырды. Ал бас жүлдені қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан «Кезекші бөлім» командасы қанжығалады.
Жекелеген номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. Жәнібек Үмбетқалиев – «Үздік қақпашы», Фарид Дәулетов – «Үздік қорғаушы», Райымбек Өтешов – «Үздік шабуылшы», ал Дархан Ғилманов «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылды.
Мұндай спорттық іс-шаралар полиция қызметкерлерінің бірлігін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарға үлгі болуға бағытталған. Сонымен бірге бұл – бейбіт өмірдің бағасын терең сезіндіретін, Жеңіс рухына тағзым іспетті маңызды қадам. Полицейлер мұндай игі бастамаларды алда да жалғастыра бермек.
Сағыныш ҚАЙЫР