Темір тұлпар тізгіндеген құрбылар

Ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықты бір кезең сонау 1960 жылдардың басында республикамыздың қыз-келіншектерін механизаторлық мамандықты меңгеруге шақырған Үндеудің жергілікті жерлерде қолдау табуы нәтижесінде өріс алды.

Сөйтіп Нарын өңіріндегі еңбек дәстүріне етене болып бой жеткен ауылдас құрбылар да селодағы басты тұлғаның бірі – механизатор болуға ұмтылды. Солардың алғашқысы – 1941 жылы Айбас ауылында дүниеге келген Маруся Мұғиева еді. Ол 1959 жылы Тұщықұдық ауылындағы М.Горький атындағы орта мектепті бітірген бойы алдымен автокөлік жүргізушісі мамандығын меңгерген екен. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында осынау темір тұлпар тізгіндеген ауылдас құрбылар туралы қалам тербеуді ойға алған менің алғашқы кезіккен есімім де осы Маруся апай болған. Күні кеше Тұщықұдық ауылдық округінің Қызыл үй елді мекенінде өткен ауыл мерекесінде шара қонақтары арасындағы сол Маруся апаймен және оның сыныптас құрбысы Мақпаш апамен жүздесуім де сәті түскен шаруа болды.

Айтуларынша, орта мектепті бірге тамамдаған қос құрбы Маруся Мұғиева мен Мақпаш Абдолова бірден ауылда қалып, алаңсыз еңбекке араласуды өздері қош көріпті. Мақсатқа ұмтыла білген жас қыздар ауыл бойжеткендеріне бейтаныс кәсіп – жүргізушілікті қалап, шоферлік курсқа қабылданады да, оны ойдағыдай тамамдап шығады. Қалаған мамандықтарын тез меңгеріп, кеңшар басшылығы сеніп тапсырған «ГАЗ-51» көліктерін шырқ үйірген екі бойжеткен де іскерлік қырларымен танылады, еңбектері жанады. Маруся апай хақында өңір тарихы жанашырларының бірі Сайпеден Сидағалиевтың жетекшілігімен жарық көрген «Тұщықұдық ауылы шежіресі» аталатын энциклопедиялық бағыттағы жинақта біраз деректер де беріліпті. Одан апайдың кеңшар шаруасына араласқанына аз уақыт өтісімен, яғни 1963 жылы еңбек озаты ретінде Қазақстан әйелдері І-съезінің делегаты болғанын білдім. Апай сол жылы Финляндия мемлекетіне тәжірибе алмасуға барған озаттар қатарында да болулы. Ол 1970 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша бітіріпті. Кезінде кеңшарда жүргізуші, кейін механизатор да болып тер төккен кейіпкеріміз шаруашылық жанынан құрылған «Трактор жүргізуші қыз-келіншектер» бригадасының бригадирі болып сайланулы.

Чапаев атындағы кеңшардың комсомол комитеті хатшысы болып та ауыл жас-тарына жетекшілік жасаған апай кейін Батыс Қазақстан облысының Сырым Датов ауданында кеңшар экономисі, сауда қызметкері, кәсіподақ комитетінің төрайымы қызметтерінде абыройлы тер төгеді. Ал Мақпаш апай болса, кейін Алматының есеп-кредит техникумын түгесіп, елге оралып, ұзақ жылдар бойына мемлекеттік банк саласында қызмет қылып, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Белгілі қаламгер Мұрат Бектеновтің септесуімен ойламаған жерден кездесу сәті түскен сол Қызыл үйдегі қуанышта бүгінде жас-тары 77-ге келген апайлардың тоқсан жылдық белеске көтерілген ауданның, ауылдың өсіп-өркендеуіне өздерінің сол бір еңбектерімен сол уақытта аз да болса үлестерін қосқанын мақтаныш тұтатынын аңдадым, үлкен-кіші ауылдастың амандығына тілеулес көңілдері де риза етті. Тұщықұдықтан шығып темір тұлпар тізгіндеген арулардың ауылдас сіңлілері арасынан солардың жолын қуғандардың бірі Жұмағаным Зейінова да кейін озат механизатор атанған. Оның трактор рөліне отырып, ауыл шаруашылығы техникаларын жетік меңгерген қыздардың бірі болғанын Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық слетіне қатысуы, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталуы дәлелдей түседі. Жұмағаным апай зейнеткерлікке шыққанынша Чапаев атындағы кеңшарда ұзақ жыл жемісті еңбек еткен. Онымен қатар қысқа мерзімді курстан тракторшылық мамандық алып шыққан жанбайлық Қалимаш Оразова да Еңбек Қызыл Ту орденінің иесі атанған абзал жан. Ол жөнінде ардагер журналист Сейілхан Қайыржанов өзінің «Қырандай қалықтаған қарлығаштар еді» атты мақаласында («Өркенді өңір» газеті, №17(39), 28.04. 2015 жыл) тоқталып өткен екен. Сол мақаласында «Нарын өңірінде техниканы тізгіндеген қыз-келіншектер қатары барған сайын көбейіп жүре берді. «Забурын» кеңшарындағы Досқали қарттың қызы Өсила да мектеп бітірген бойда, жоғарыда аталған апаларының жолын жалғастыру мақсатында автокөлік жүргізуші мамандығын игеріп, шаруашылықта қызмет істеуге қалды. Оның «ГАЗ-51» маркалы су таситын автокөлікті еркін меңгеріп, малшы қыстақтарына су тасымалдап жүргенін талай рет көргенбіз» деп жазды автор. Шынында да, бастамаға бет бұрған ауыл бойжеткендері аз болмады. Олардың ішінде чапаевтық Ұлжан Нұрғалиева, Жаңыл Ишанғазиевалар, новобогаттық Бағила Өтешқалиева және басқалар болса, бұл лекті кейін жанбайлық Мүгілсін Ғабдуллина да толықтырды. «Забурын» кеңшарында ұзақ жылдар трактор жүргізген жігерлі де еңбекқор жан Мүгілсін Ғабдуллинаның еңбек жетістіктеріне куә болғандардың қатары қазір де аз емес. Ерен еңбегімен П.Ангелина атындағы Бүкілодақтық сыйлықтың иегері атанып, абыройы асқақтаған механизатор халық қалаулысы – депутат болып та көптің сенімін арқалады, медальдар тағып, мерейі өсті. Иә, осылайша темір тұлпар тізгіндеген құрбылар кеңшарлардағы көп іске үлес қосты, іске алғырлық, мамандыққа адалдық таныта алды. Жалпы, сол алпысыншы жылдардың басқы кезі мен орта шені аудан тарихында қыз-келіншектердің техника рөліне отыруы кең етек алған кезең болып қалды.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT