Темірхан Азербаев – шәкірт жүрегін жаулаған жаңашыл ұстаз

Бәсекеге қабілетті елдің келешегі – білімді де саналы ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақтың бойына білім мен тәрбие дарытып, ертеңгі күнге нық қадам жасауына жол сілтеу – әрбір ұстаздың қасиетті парызы. Бүгінгі таңда осы жауапты міндетті абыроймен атқарып, шәкірт жүрегіне білім шырағын жағуда жаңашыл жас ұстаздардың қатары артып келеді. Солардың бірі – Исатай орта мектебінде еңбек етіп жүрген жас маман, орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі Темірхан Азербаев.

Қарапайым ауыл балаларына білім нәрін сеуіп, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып жүрген білікті маман 2002 жылы Исатай ауылында дүниеге келген. Бала күнінен зерек, білімге құштар болып өскен Темірхан мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің ізденімпаздығымен, белсенділігімен көзге түскен. 2020 жылы Исатай орта мектебін «Алтын» белгімен  тәмамдап, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің грант иегері атанған. Жоғары оқу орнында ол қазақ мектептеріне арналған «Орыс тілі мен орыс әдебиеті» мамандығын таңдап, оқуын үздік дипломмен аяқтады. Студенттік жылдары да білімге деген жауапкершілігі мен табандылығы оны әлі күнге жақсы жетістіктерге жетелеп келеді. 
Темірхан Серікұлы  еңбек жолын 2024 жылдың қыркүйек айында өзі туып-өскен ауылындағы Исатай орта мектебінде бастады. Жас маманға өзге мектептерден де жұмысқа шақырулар түскен. Бүгінде орыс тілі пәні мұғалімдеріне сұраныстың артуы – соның айғағы. Алайда ол туған ауылына қызмет етуді азаматтық парыз санады. «Туған жеріңе туыңды тік» деген аталы сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған жас педагог үшін өзі білім алған мектепке қайта оралып, ауыл балаларының болашағына үлес қосу – үлкен жауапкершілік әрі зор сенім екендігін жасырмайды.
Жас ұстаздың басты мақсаты – шәкірттерінің шығармашылық әлеуетін ашып, білімге деген құштарлығын арттыру. Оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруда жас ұстаз ең алдымен шығарманы баланың өмірімен байланыстыруға мән береді. Әдеби кейіпкердің тағдыры, өмірлік таңдауы арқылы әрбір оқушы өзінше ой түйіп, қорытынды жасауына мүмкіндік алады. Сабақ барысында пікірталастардың жиі ұйымдастырылуы да – шәкірттердің еркін ой жеткізе білетін, жол ашатын тиімді тәсілдердің бірі екенін ол әңгіме барысында тілге тиек етті.
– Әр сабақта балалардың ойын ашық жеткізуіне жағдай жасаймын. Кейіпкерлерге хат жаздыру, шығарманы заманауи тұрғыда талдау сияқты әдістер оқушыларды терең ойлануға жетелейді. Мен үшін ең бастысы – барлық оқушыны сабаққа белсенді қатыстыру. Сын тұрғысынан ойлау, жобалық жұмыстар, топтық және жұптық әдістер сабақтың нәтижелігін арттырады. Оқушы тек білім алып қоймай, өз пікірін қорғай алатын, дәлелмен сөйлейтін тұлға ретінде қалыптасуы тиіс,-дейді жас мұғалім.
Қазіргі оқушылардың ақпараттық кеңістікте еркін бағдарлай алатынын ескерген ұстаз сабақта заманауи технологияларды тиімді пайдалануға басымдық береді. Онлайн платформалар, интерактивті тақта, презентациялар, бейнематериалдар, тіпті жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану арқылы кері байланысты нығайтып, оқушылардың білім деңгейін әділ бағалауға жол ашады. Кейіпкеріміздің айтуынша, орыс тілі мен әдебиет пәндері бір-бірімен тығыз байланысты. Ал әдебиет – оқушыны шығармашылыққа жетелейтін, қиялын ұштайтын ерекше пән. Осы бағытта ол эссе жаздыру, көрініс қою, монолог құрастыру, шығарманы қазіргі заманмен байланыстырып қайта жазу сияқты тапсырмаларды жиі қолданады. Мұндай жұмыстар оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізуге үйретеді.
Сондай-ақ сабақтан тыс уақытта да жас ұстаз шығармашылықтан қол үзбейді. Ол өз мамандығын да ерекше жақсы көріп, бала кезден қызығушылығы артқанын бізбен әңгімелесу сәтінде сөзінен аңғартты. Мектеп кезінен қалыптасқан, студенттік жылдары жалғасқан хоббилерінің ішінде ән айту мен түрлі іс-шараларды жүргізуді ерекше атап өтеді. Бұл қызығушылықтар оның мұғалімдік қызметіне де оң әсерін тигізіп, оқушылармен еркін байланыс орнатуына, сабақты қызықты өткізуіне ықпал ететіні сөзсіз.
– Сахнада еркін сөйлеуге дағдыланғаннан кейін болар, ашық сабақта да, байқаулар мен түрлі конкурстарда да өзімді сенімді ұстаймын. Бұл – ұстаз үшін аса маңызды қасиет. Сонымен қатар оқушы кезімде басқа пәндерге қарағанда орыс тілге деген қызығушылығым жоғары-ақ болды. Оған бірден-бір себепші кішкентай кезімде видео кассеталар, дисктер көп болатын үйде. Әсіресе, орысша мультфильм-дер қарау арқылы сөздеріне түсіне бастадым. Сөйтіп, қызығушылығым ояна бастады. Әсіресе пән мұғалімі Нұрлаш Жеңісқызының еңбегі зор деп айтар едім.Себебі оқушы кезімде талай жарыстарға, пәндік олимпиадаға сүйреді.Аудан, облыс, республикалық олимпиадаға дейін топ жарып жүрдім. Қазіргі таңда әлі күнге тәлімгерім болып, білмегенімді бағыттап, жол сілтейтін ұстазыма алғысым шексіз.Мұғалім болып сабақ өткізіп, өз-өзіңді ұстай білу өте маңызды, – дейді ол.
Халық арасында  «Жас келсе – іске» деген қанатты сөз бар. Бұл тәмсілді өмірлік ұстанымына айналдырған кейіпкеріміз бойындағы жастық жігері мен жаңашыл көзқарасын шәкірт тәрбиесіне арнауды басты мақсат санайды. Соның нәтижесінде жеткен жетістіктері де аз емес. Ол – көптеген аудандық байқаулардың жүлдегері. Соның ішінде «Егемен елдің еңселі ұстаздары» атты аудандық фестивальде вокал жанры бойынша жүлделі І орын иегері.
Күні кеше өткен «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты аудандық және облыстық байқауда бас жүлдені қанжығасына байлап, республикалық кезеңге жолдама жеңіп алуы Темірханның кәсіби білігі мен шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әріптестері мен бөлім, мектеп басшылығы да оның талай додада олжасыз қайтпағанын бірауыздан растайды.
– Темірхан мектепке жұмысқа жаңадан келген күннен бастап өзіне жүктелген міндеттерді қысқа мерзімде меңгеріп кетті. Қандай тапсырма берілсе де, сөзге келмей, бірден іске кіріседі. Мақтанғаным емес, бірақ ол – сөздің емес, істің адамы. Оқу жылы басталар тұста оны 6-сыныптың жетекшісі етіп тағайындадым. Сол уақыттан бері оқушылармен де, ата-аналармен де тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасап келеді. Мектебіміздің намысын қорғап, түрлі сайыстарға қатысып жүр, қоржыны да үнемі жүлдемен толы. Сонымен қатар оқушыларын пәндік олимпиадаларға дайындап, олардың аудандық, облыстық білім бәйгелерінде алдыңғы қатардан көрініп жүргенін жасырмаймын,-дейді бізбен телефон арқылы байланысқан Исатай орта мектебінің директоры Гүлзада Дөкенова.
Иә, ұстаз болу – жүректің батырлығы. Әр баланың жан дүниесіне жол тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосу, сапалы білім мен саналы тәрбие беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл – зор жауапкершілікті, мейірімділікті, сабыр мен шыдамдылықты талап ететін қасиетті мамандық. Кейіпкеріміз секілді абыройлы жолды таңдап, келешек ұрпақ тәрбиесі үшін өз уақытын аямай, өзгенің бақыты үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздар қауымы қашанда зор құрметке лайық.

Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT