Аққыстау ауылы, Теміржол ықшам ауданындағы электр желілері жаңартылды.
Аталған ықшам ауданның тұрғындары электр желісін тұрғын үйге 1971 жылы салынған ЭЧ мекемесі арқылы тартқызған. Алайда бұған дейін жарты ғасырдан астам уақыт бойына жаңартылмаған электр желілерінің әбден ескіруі салдарынан, ауа-райының қолайсыз күндері жарықтың жиі сөнуі орын алумен келді. Оның үстіне көше жарығының болмауы да тұрғындардың көптен бергі көтеріп жүрген мәселесі еді.
Түйткілді шешу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде аталған ықшам ауданда орналасқан 2 қабатты тұрғын үйлердегі 146 пәтерге және сол маңдағы 10-ға жуық әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарға жаңадан электр желісі жүргізіліп, жарық шамдар іске қосылды.
Бұдан өзге, 3 көшеге және Егемен Қазақстан көшесінде орналасқан Балалар кітапханасы мен Жастар ресурстық орталығы ғимаратына да көше шамдары қондырылып, көше бойлары самаладай жарқырады.
Білгеніміздей, жоба аясында 2 дана 400 кВА транформаторы, 74 бағана, 32 дана көше жарық шамы орнатылып, 2 мың метрге жуық СИП кабельдері тартылған.
Осылайша, ауыл әкімі, қала берді аудан әкімімен өткен кездесуде алғашқы болып көтерілетін тұрғындардың көптен бергі талап-тілегі оң шешімін тапты.
Әділбек СЫРЫМОВ