Теміржолшы Тамара

Бұрындары теміржол бойынан шпал көтеріп, жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген қыз-келіншектерді жиі көретін едік.

Заман ағымы солай ма, қазір олар көзге көп шалына бермейді. Өйткені, теміржолшы мамандығы - қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көбінесе қол күшіне сүйенетін жұмыстардың бірі. Сол себепті оған кез келген адам шыдай бермейді.

Десек те, біздің ауданда да осы сала бойынша ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан нәзікжандылардың да бар екені анық. Солардың бірі Тамара Рақметқалиева дер ек.

Мереке қарсаңында біз №14 Томан теміржол бекетінің басшысы Тамара Ғилажқызына хабарласып, қиындығы мен қызығы мол бұл салаға қалай келгендігі туралы сұраған едік.

– Көп-көп рақмет, сізге. Біздерге көңіл бөліп жатқандарыңызға. Дұрыс айтасыз, теміржол саласында еңбек ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл салада еңбек еткеніме биыл күзде отыз тоғыз жыл болады. Алғашқы еңбек жолымды 1982 жылы осы теміржол жүк тасымалдау мекемесінде бекет кезекшісі болып бастадым. Алматы қаласында теміржол институтында оқыдым. Осы жылдар ішінде қарауымдағы жұмысшылармен бірге таңның атысы, күннің батысына қарамай мігірсіз еңбек еттік. Алдымызда еңбек еткен аға буыннан көп нәрсе үйрендік. Қандай қиындық кездессе де, жеңіп шығуға тырыстық. Шүкір, бала-шаға, немерелерім бар. Төккен тер текке кеткен жоқ. Әлі де болса, жас ұрпақты еңбекке баулуға қал-қадірімізше үлгі танытып келеміз. Қарауымда қазір 10 адам жұмыс істеуде. Бәрі де осы жердің адамдары. Теміржол өткелдерінде пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін жіті қадағалау - басты міндет. Себебі, рельстен бір вагонның доңғалағы тайып кетсе-ақ, пойыз составы апатқа ұшырауы ықтимал. Сондықтан пойыздар қауіпсіздігін сақтауда тек теміржолшылар ғана емес, бүкіл жұртшылық қырағылық танытуы тиіс, - дейді ол бізбен болған қысқа әңгімесінде.

Осылайша, біз сөйлескен теміржол бекетінің басшысы келер күнге нық сеніммен қарайды. Оған қауіпсіздік үшін жоспарлы тексерулердің қорытындысында да ақаулықты болдырмауда алдан көрінетін Т.Рахметқалиева басқаратын ұжымның еселі еңбегі куә болғандай.

Аяпберген САЛИХОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521