«ТЕЗ БАЙЫП КЕТКІМ КЕЛЕДІ...» дейтіндер көп», - дейді Нұрлан имам

сурет автордікі

 

Әр ауылға рухани сәуле қажет. Адамның ішкі әлемін тазартатын, жүрегіне жылу құятын, жанын оятатын сәттер болады. Осындай бір әсерлі де тағылымды сәт ауданымызда орын алды. Руханиятқа сусап жүрген жұртшылықпен жүздесу үшін аудандық ішкі саясат  және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Janyndamyn»  қоғамдық қорының ұйымдастыруымен елімізге кеңінен танымал теолог, дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы ауданға арнайы келді.

 

 

Көпшіліктің жүрегінен орын алған, әлеуметтік желіде қарапайым тілімен ақиқатты ұғындырып жүрген Нұрлан имамды тыңдауға ағылған жұрттың қарасы қалың болды. Залға сыймаған халықтың ықыласынан-ақ рухани тақырыпқа деген шынайы сұранысты байқауға болады. Бұл – имамның сөзіне ғана емес, айтқан тәліміне де сенетін, оны өзіне өмірлік бағдар ететін жандардың көп екенін көрсетеді. Кездесу еркін форматта өтті. Қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты әрі шынайы жауап алды. Ұрпақ тәрбиесі, дін мен дәстүрдің сабақтастығы, ата-анаға құрмет пен өмір жолын дұрыс таңдау – бәрі-бәрі кеңінен сөз болды. Нұрлан Байжігітұлы айтқан әрбір сөз тыңдаушының жүрегіне жетіп, ой салып, сананы серпілткенін көздерінен-ақ аңғаруға болатын еді.

Мінберге шыққан Нұрлан имамның алғашқы сөзі зал ішін ерекше бір тыныштыққа бөлеп, тыңдаушыны ой теңізіне тарта жөнелді. Ол әуелі еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтың қадірін айтып, ел амандығына тәубе етті.

– Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Мемлекетіміздің дұрыс арнада дамып келе жатқанын сіздермен осындай рухани кездесуде жүздесіп, марқайып отырған сәтте терең сезініп отырмын. Бүгін аз ғана уақыт ішінде ұлтымыздың өткені мен бүгініне үңіліп, қайда кетіп бара жатқанымызды бір еске түсіргім келеді. Ата-бабаларымыз бізді ешкімге шоқытпай, тура жолдан тайдырмай, осы бейбіт күнге жеткізді. Енді соны келер ұрпаққа, жастарға ұғындыру – біздің парызымыз,-деді ол.

Алайда имам бүгінгі қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды да ашық айтты. Жастардың теріс ағымға еріп, Сирия асып кеткені, ұлттық тамырдан ажырап, өз болмысына қарсы шығу – жүрекке ауыр.

– Өкінішке қарай, біз сәл еркіндікті сездік пе, әлде кімнің артынан ілесіп бара жатқанымызды байқамай қалдық па?.. Әйтеуір жастардың арасында адасып кеткендер аз болмады. Сирия асып кеткендер болды. Тіпті соңғы жылдары «домбыра – харам» деп, атадан қалған асыл мұраны жоққа шығарып, ұлттық құндылыққа тіл тигізіп жүргендерді көрдік. Бұл – рухани тамырдан ажыраудың, ұлттық болмысты ұмытудың көрінісі. Бірақ үмітіміз үзілмейді. Біздің болашағымыз – білімді, иманды, елін сүйген, руханияты мықты ұлт ұландарының қолында. Мұсылман деген – бір-біріне бауыр, қамқор, ағайыншыл болу. Осы қасиеттерді жоғалтпайық,-деп атап өтті ол.

 

 

Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желіде көпшілік жазып жататын өтініштерге де тоқталды.

– «Тез байып кеткім келеді», «Жолымды ашатын дұға айтыңызшы» дейтіндер көп. Бірақ ең қабыл болатын дұға – біреуге сыртынан шын ниетпен тілек ету. Бұл – біз ұмыта бастаған үлкен ізгілік. Ал қазақ – әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Бұрын ата-ананың ақ батасын алмай, ешкім үйден қарыс қадам аттамаған. Сол қасиетке қайта оралайық. Егер өміріңіз оңғарылсын десеңіздер, ең алдымен ата-ананың разылығын алыңыздар,-деп түйіндеді ол сөзін. Имамның әрбір сөзі – тәлім, әр мысалы – тағылым. Бұл кездесуден көпшілік ой түйіп, жүрекке рухани қорек алғаны анық.

Кездесу барысында көрермен тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, рухани сұхбат еркін әрі мазмұнды өрбіді. Солардың бірі – көпшілік арасында жиі айтылатын, бірақ түп мәні белгісіз болып келген ырым туралы болды.

«Қазақтарда «жаназадан шыққан соң өзге үйге баруға болмайды» деген түсінік бар. Бұл шариғатта бар ма? Әлде бұл жай ғана халық арасындағы қалыптасқан ұғым ба?» деген сауалға Нұрлан имам шариғи тұрғыдан нақты жауап берді.

– Жаназадан шыққан адам қандай жағдайда басқа үйге бармайды? Бұл – мәйітті жуындырған адамдарға қатысты ғана мәселе. Қайтыс болған жанды жуындырып болғаннан кейін, мәйіт жуған кісі бірден өз үйіне барып, өзі шомылуы керек. Бұл – сүннетпен де, медицинамен де дәлелденген. Себебі мәйіттен бөлінетін заттар бар, олар адам денсаулығына зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан мәйіт жуғаннан кейін бөтен үйге кірмеу – тазалық пен тәртіпке негізделген дүние, – деді ол.Тағылымда шара барысында онлайн сұрақтар да жолданды. Соның бірі – қазіргі қоғамда кең таралған, әсіресе жұмыс іздеп жүрген қыз-келіншектер арасында жиі айтылатын мәселе туралы болды.

 

 

«Қазіргі таңда орамал тағып жұмысқа орналасу қиын. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай?» деген сұраққа имам Нұрлан Байжігітұлы былай деп жауап берді:

– Орамал тағуға келгенде адам рухани да, психологиялық та дайын болуы керек. Себебі кейбір орындарда, әсіресе мемлекеттік қызметте орамал тағуға заңмен шектеу қойылған. Бұл – шариғатқа қарсы емес, себебі мемлекет заңына бағыну да мұсылманның міндеті. Сондықтан мұндай жағдайда орамалды үлкен дауға айналдырмай, дінді дау емес, тәрбие, ізгілік ретінде ұстанған жөн,-деді ол.

Көрермендер көтерген тағы бір өзекті тақырып – жас-тар арасында сәнге айналған «махр» беру мәселесі болды. Бұл жөнінде Нұрлан имамның ұстанымы нақты әрі түсінікті болды.

– Махр беру – біздің дәстүрде бұрыннан бар дүние емес. Бұл – араб елдерінен енген түсінік. Қазақта бұл ұғым болмаған. Бізде қонаққа барғанда кәде-сый беру, құдалықта жасау апару сияқты салт-дәстүріміз бар. Махр деген – сол дәстүрлердің бір көрінісі ретінде қате қабылданып жүр. Сондықтан оны міндет ретінде қарастыру дұрыс емес,-деді ол.

 

 

Осылайша, рухани кездесу халық көкейіндегі талай сауалға жауап тауып, тыңдаушылардың көкірек көзін ашты. Имамның байыпты, дәйекті жауабы әрбір қатысушының ойына ой, жүрегіне сенім ұялатты. Кездесу соңында имам зайырлы ел болғандықтан кімнің болса да діни жоралғыларды өтеуіне құқы бар, алайда, түрлі теріс ағымдардың шырмауына ілікпей, түзу жолдан таймай, жақындарымызға мейірімділік танытып, қамқор болғанымыз абзал деп қорытындылады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT