«ТИМАКС» ӘБДЕН ШАРШАТТЫ

Аудан әкімі Полымбет Хасановтың Исатай ауылының тұрғындарымен кездесуінде біраз мәселелер көтерілді. Бірақ оның дені – «бұрынғы әуен». Соңғы кездері аталған ауылда басталған жобалардың аяғына жетпей, тұралап қалғаны жасырын емес. Әрқайсысының әртүрлі себептері бар. Әйтсе де, тұрғындарға себептерден көрі нәтиже маңыздырақ. Осы жолғы жиналыста да тұрғындардың талап еткені – нақты нәтижелер.

Олай дейтініміз, тұрғындар біраз жылдан бері электр желісінің және ауыл ішілік жолдардың жөнделуін сұрап келді. Осыған орай, жоба жасақталып, қаржы бөлініп, жұмыс басталып кеткен болатын. Бірақ, бір өкініштісі, жұмыс әлі аяқталған жоқ. Аудан әкімі әр кездесуге барған сайын себептерін түсіндіруде. «Тимакс» ЖШС пандемия кезінде қаржылық қиындықтарға тап болған. Соған қарамастан, мердігер қарызданып-қауғаланып болса да, мойнындағы міндетін орындауға тырысып жүр, қазірдің өзінде жұмыстың біраз бөлігін атқарған. Бірақ өте баяу жүріп жатқаны үшін сынға қалып отыр.

Ауылдың ішкі жолдарының құрылысын «Атырау жолдары» ЖШС жүргізуде. Олардың да жұмысында құрылыс материалдарын жеткізуде қиындықтар болған. Аталған мекеменің үстінен сотқа талап-арыз түсіріліп, айппұл салынып, жұмысты өз дәрежесінде аяқтау міндеттелген. Сағыздай созылған осы екі жобаның аяқталуы исатайлықтар үшін үлкен қуаныш болмақ.      

Дегенмен, ауылдағы «жыр» болған екі жобаға бола, басқа жұмыстар тоқтап қалмайды. Тұрғындардың ұсыныстары негізінде ірілі-ұсақты жобаларды жүзеге асыру жалғаса береді. Кездесуде аудан әкімі ауылдық округ бойынша алда атқарылатын жұмыстармен бөлісіті.

-Бұған дейінгі кездесулерде Исатай ауылының тұрғындары кәріз суын буландыру алаңына малдың түсіп кету қаупін сейілту үшін айналасын қоршауды сұрады. Соған орай жобалау-сметалық құжаттама жасақталды, буландыру алаңын толықтай қоршап шығуға 13 млн.теңгеге жуық қаржыны қажет етеді. Қазір қаржысы бөлінді,-деді және ауыл әкіміне мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тезірек өткізіп, аталған жұмысты бірінші жартыжылдықта аяқтауды тапсырды.

Одан бөлек, Исатай ауылдық клубының қоршауын жөндеп, ауласын абаттандыруға, ауылдық округ әкімдігі ғимаратының ішін жай жөндеу мен қоршауын жаңартуға, ауылдағы демалыс саябағын жай жөндеу жұмыстарын жүргізуге және де ауылдан жаңадан балалар ойын алаңы мен көше тренажерын салуға қаржы бөлінген.

Жиында ауыл тұрғыны Қадіржан Көпбергенов кәріз суын буландыру алаңын бетонмен қошауды және ауылда қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін, тұрғындар балаларының қауіпсіздіктері үшін алаңдайтындарын жеткізді.

Аудан әкімі Полымбет Хасанов: - Өткен жылғы наурыз айында қабылданған заңдылыққа байланысты қаңғыбас ит, мысықтар атып өлтірілмейді, олар ауланады, тиісті ветеринариялық шаралары жүргізілгеннен кейін қайтадан өмір сүру ортасына жіберіледі. Биылғы жылы ит пен мысықты аулауға алғашқы тоқсанға қаржы бөлінді, бастапқыда жүз итті аулауға бөлініп отыр. Әр итке 22 мың теңгеден. Мемлекеттік сатып алу өткізуге құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сатып алуды аудандық ветеринариялық стансасы жариялайды, жеңімпаз мердігер айқындалса, қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары басталады,-деді.

Аталған мәселе жөнінде аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Аманжол Рахметов толық түсінік берді. Маманның мәлімдеуінше, бұған дейінгі заңдылық бойынша ауылдық жерлерде қаңғыбас жануарларды аулау және жою қызметтері атқарылып келген. Ал, жаңадан қабылданған заң халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, қаңғыбас жануарларды жоюдың тәртіптері өзгерген, тіршілік иелерін түпкілікті жойып жіберуге тыйым салынған. Жаңа заң бойынша қаңғыбас жануарлар ауланады, есепке алынады, ветеринариялық шаралардан өтеді, бес күнге дейін бақылауда болады. Бақылау кезінде қаңғыбас жануарларда агрессивтік мінез-құлық байқалса ғана, арнайы комиссияның ұйғарымымен жойылады. Ал, агрессивті мінез-құлық байқалмаса, есепке алынып, ветеринариялық шаралары алынғаннан кейін қайтадан тіршілік ортасына жіберу қарастырылған.

-Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу өткізуге құжаттар дайындалуда, жақын арада жұмыс басталады деген үміттеміз. Жеңімпаз мердігер техникалық сипаттамаға сәйкес, әрбір ауылдық округті бір айдың ішінде кем дегенде екі рет қамтып өту, яғни қарап шығу керек болады және тұрғындардың жергілікті әкімдіктерге,  басқа да органдарға түсірген шағымдарын ескеруі шарт,-дейді маман. Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылға 22 млн.теңге қаржы бөлу жоспарланып отырған көрінеді.

Жиында тұрғындар қалаға қатынау үшін пойыздың тиімді екенін, бірақ онда үнемі билет болмайтынын алға тартып, қосымша вагон қостыртуды ұсыныс етті.

-«Атырау-Д.Нұрпейсова» бағытына қатынайтын облысішілік жолаушылар пойызы алғаш жүре бастаған кезде, тұрғындарға пойыздың жүру уақыты тиімсіз болған. Біз өз кезегімізде халықтың сұранысына сай пойыз графигінің қолайлы уақытқа ауыстырылуына ықпал еттік. Басында үш вагон болып шықты, тағы екі вагон қостырдық. Тұрғындардан Исатайдың вокзалын қыс мезгілінде ашып қою туралы ұсыныс түсті, ол да шешімін тапты. Мұның бәрі жіберілген ұсыныстар негізінде шешімін тапты, осы жолы да өз тарапымыздан вагон қосу жөнінде ұсынысымызды жолдайтын боламыз,-деді аудан әкімі және де қосымша вагон қосу мүмкін болмаған жағдайда жолаушылар тасымалымен айналысатын мердігер мекемеге хабарласып, мән-жайды анықтап, келесі тоқсандағы кездесуде нақты жауабын беретінін айтты.

Сондай-ақ аудан әкімі бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалмауы үшін тұрғындар тарапынан түсетін ұсыныстар да орынсыз қойылмауын қаперге берді.

-Буландыру алаңын бетонмен қоршау көп қаржыны талап етеді және оны бетонмен қоршауға ешқандай қажеттілік жоқ. Өздеріңізден ұсыныс түскесін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындадық, тиісті қаржысы бөлінді. Жобаны жасағанда арнайы мамандар келіп қарады, өлшеді, зерделеу жүргізді, су шайып кетпеу үшін бетондайтын да жерлері бар. Жоба бойынша жүзеге асырылады.

Шындығына келгенде, әр адам баласын да, малын да қарау керек, буландыру алаңына жібермеулері керек. Ол жерге «мал да, бала да кіре алмайтындай етіп жасаңдар» деген талап қою орынсыз,-деді және де ауыл игілігі үшін салынған нысандарды күтіп ұстауға, бүлдірмеуге шақырды.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521