«Тәңір сыйы» кітабы оқырманға жол тартты

суреттер автордікі

 

Ұлағатты ұстаз, шебер домбырашы, өнерпаз тұлға Ғибатолла Мәсәлімовтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Тәңір сыйы» атты жаңа еңбек жарық көрді. Өнер мен білімді өмірлік мұрат санап, Нарын топырағында түлеп шыққан азаматтың ғұмыр жолын, шығармашылық болмысын жан-жақты қамтыған бұл кітапты белгілі қаламгер Мәди Өтеғалиев жазып, оқырман қауымға ұсынып отыр.

Кітаптың тұсаукесері тұлғаға арналған ғылыми-танымдық конференция өтіп, көпшілік назарына ұсынылды. Еңбегінде автор білім мен өнердің табиғи сабақтастығын, осы екі саланы қатар алып жүре алатын сирек жандардың болатынын айта келіп, ондай ерекше қасиеттің Ғибатолла Мәсәлімовтің бойынан анық байқалғанын айрықша көрсетеді. 165 беттен тұратын еңбекте тұлғаның өмір жолымен қатар, 20 беттік көркем фотосуреттер мен шежірелік материалдар топтастырылған. Кітапты таныстыру рәсімі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Шахман Нағимовқа тапсырылды.

 

 

Сөз алған профессор Ғибатолла Мәсәлімовтің ұстаздық жолындағы ізденісін, шәкірт тәрбиелеудегі шеберлігін, өнерге деген адалдығын ерекше атап өтті.

– Ғибатолла ағай тек білім беруші ұстаз ғана емес, әр баланың қабілетін дөп танып, талантқа дұрыс жол сілтей білген ерекше педагог. Оның рухани мұрасын зерделеп, кітап етіп шығару – үлкен еңбектің нәтижесі,-деді ол.

Сиясы кеппеген жаңа еңбектің тұсауын Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Құттыгерей Дүйсеев пен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Алма Әзидоллақызы кесті. Осы сәтте сахна төріне көтерілген арда ұстаздың қызы – «Білім беру ісінің үздігі», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Болған Ғибатоллақызы әкесінің рухына деген құрметін жеткізді.

 

 

– Су түбінде асыл тас – жел толқытса шығады, сөз түбінде асыл сөз – шер толқытса шығады. Мәди Рахымұлы жылдар бойы әр кездесуден, әр естеліктен жинаған деректерін жүйелеп, осы құнды еңбекті жазды. Бұл – біздің әулет үшін үлкен қуаныш. Әкем секілді тұлғаның есімі ауданның «Құрметті азаматы» атағына әбден лайық деп санаймын,- деді ол.

Ол сонымен бірге жиынға қатысушыларға 10 дана кітапты естелік ретінде тарту етті.

Мәди Өтеғалиев еңбегінде Ғибатолла Мәсәлімовтің өнері – табиғаттан берілген сирек сый екенін жазады. Білім мен өнерді қатар алып жүру, екі саланың жүгін бірдей көтеру – екінің біріне бұйырмайтын қабілет. Бұл қасиет Бабан құмының қойнауында, Нарынның қасиетті топырағында дүниеге келген Ғибатолла Мәсәлімовке тән ерекшелік екені айқын көрінеді. Кітапта оның өнерге бейімділігі ғана емес, өңір тарихына қатысты деректер, ел арасындағы оқиғалар, замандастарының естеліктері мен шәкірттерінің лебіздері көркем тілмен өрілген.

 

 

«Тәңір сыйы» кітабы Ғибатолла Мәсәлімовтің туған жері Ақшағылдан басталған өмір жолын, Қамысқала мен Новобогаттағы педагогикалық қызметін, замандастары – полковник Қабдулмәжит, абыз Ғатих Маштахов секілді тұлғалармен байланысын кең көлемде баяндайды. Еңбек жеңіл тілмен жазылып, бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір өңірдің өнер тарихын көз алдыңызға әкеледі.

 

 

Ғибатолла Мәсәлімовтің өнегесі – бүгінгі ұрпаққа рухани азық. Оның өнері мен еңбегі – аудан ғана емес, бүкіл өңір мәдениетінің қазынасы. Мәди Өтеғалиевтің жаңа еңбегі – сол мұраны жас ұрпаққа жеткізетін құнды дерек, Нарын құмының өнері мен ұстаздық жолдың қастерлі тарихын айшықтайтын рухани жәдігер.


К.ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT