Биыл елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілді. Бұл – мемлекет тарапынан халықтың күнделікті тұтынатын негізгі өнімдеріне бақылауды күшейтуге бағытталған нақты қадам. Себебі соңғы уақытта нарықтағы қымбатшылықтың белең алуы, азық-түлік бағасының құбылмалылығы тұрғындардың көңіл-күйіне тікелей әсер етіп отыр. Әсіресе ет, нан, сүт өнімдері мен көкөніс-жемістің күн санап қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып, тұрмыс сапасына ықпал етуде.
Бағаның өсуі – тек экономикалық құбылыс емес, ол әлеуметтік тұрақтылықтың да көрсеткіші. Айлығы шайлығынан артылмай отырған отбасылар үшін азық-түлік бағасының әр теңгесі маңызды. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында арнайы бағдарлама іске қосылды.
Ресми деректерге сүйенсек, аталған бастама аясында сауда орындарында отандық өндірушілердің өнімдеріне кемінде 50 пайыз сөрелік кеңістік бөлу көзделіп отыр.
Бұл шара ішкі нарықты қолдауға және отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Отандық өнімдер арнайы «KZ» белгісімен таңбаланып, тұтынушылар үшін айқын көрсетіледі. Осы талаптарға сәйкес, қазіргі уақытта сауда орындарында отандық өнімдерге арналған арнайы бұрыштар болуы тиіс. Сондай-ақ мұндай тауарларды көзге бірден түсетін, қолжетімді жоғарғы сөрелерге орналастыру міндеттеліп отыр.
Бұл отандық өнімге деген сұранысты арттырып, халық арасында жергілікті тауарларды тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етпек.
Осы мақсатта аудан аумағында бағаға бақылау жұмыстарын күшейту бағытында кезекті мониторинг ұйымдастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегеновтың жетекшілігімен, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастамасымен құрылған мониторинг және бақылау тобы аудан орталығы мен ауылдық округтердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына зерделеу жүргізді.
Бақылау барысында ең алдымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуы, дүкендерде арнайы әлеуметтік тауарлар бұрышының болуы, сондай-ақ бағаның сөрелерде ашық әрі нақты көрсетілуі назарға алынды. Мониторинг аясында сала мамандары кәсіпкерлермен тікелей тілдесіп, талаптарды түсіндірді. Осылайша, кейбір сауда орындарында баға көрсеткіштеріне қатысты олқылықтар анықталған. Бұны аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов те растады.
– Негізсіз баға өсімі анықталған жағдайда тиісті мониторинг жүргізіліп, ақпарат облысқа жолданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15 пайыздан артық үстемеақы қосуға заңмен тыйым салынған. Бұл талаптың сақталуын Атырау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықта-рын қорғау департаменті мен Атырау облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қатысуымен арнайы құрылған комиссия бақылайды. Комиссия негізсіз қымбаттаған бағаны анықтаған жағдайда кәсіпкерлік нысандарға айыппұл салу құқығына ие. Дегенмен кәсіпкер тауарды қымбат бағада сатып алғанын растайтын құжаттарын ұсыну арқылы өз уәжін дәлелдей алады. Мұндай жағдайда алыпсатарлыққа жол берген делдалдар жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар барлық дүкендерде азық-түлік тауарларының бағалары міндетті түрде көрсетіліп тұруы тиіс. Баға көрсетілмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Тұрғындар тарапынан шағым түскен жағдайда да тексеріс жүргізіліп, тиісті шаралар қолданылады. Айта кету керек, бұрын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының саны 19 болса, биылдан бастап бұл көрсеткіш 31-ге дейін артты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген шекті үстемеақы қатаң бақылауда. Халық бағаның ашықтығын дүкен сөрелерінде көрсетілуі арқылы көре алады. Бәсекелестікті дамыту, апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастыру – бағаны тұрақтандырудың тиімді тетіктері,-деді ол бізбен болған әңгімесінде.
Жалғасы газеттің №2(4267) санында
Сағыныш ҚАЙЫР


