Қамысқалалық өнерпаздар ауданның 95 жылдығы және Аққыстау ауылдық округінің 50 жылдығына орай алғашқы болып, ашық аспан астында, «Тәуелсіздік» алаңында «Құт қонып, кие қонған – ақ Нарыным» атты мерекелік сазды бағдарламасын қалың көрерменге ұсынды.
Аудандық әкімдіктің күнтізбеге сай жоспарлы бастамасымен әр бейсенбі сайын аудан орталығында барлық округтер мерекелік бағдарламасын тарту етеді. Ал, бұл округтің бастапқы болып, алғы шекте бастауын да өзіндік мәні бар екенін айта кеткен жөн.Себебі, Тәуелсіздіктің ақ таңымен түлеп, жасампаздықтың жаңа жолын таңдаған ауылымыз күні бүгін осы жердің туған перзенті, халық жазушысы, ақын Хамит Ерғалиевтің есімімен аталатыны баршаға мәлім. Бұл құт дарыған ата қонысымызда дүниеге келген Табылды Мұқатовтай белгілі суретшімен, Ғибатолла Мәсәлімовтей күйшімен, Бабаш Әбілхасымовтай ғалыммен, Күзембай Әміровтей біртуар ақынмен халқы мақтанады.
Одан бөлек, аудан тарихымен жасасып, алғаш құрылған сәтте орталығы болған Қамысқала ауылының да ауыз толтырып айтарлықтай жөні бар. Қазақ қашанда «Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр»,-деп бекер айтылмаса керек-ті. Сондықтан, ауыл тарихынан да біраз сыр шертілді.
Аталмыш шарада Қамысқала ауылдық округі әкімі аппаратының қаржы және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Асылан Мұрат құттықтау сөз сөйлеп, кеш шымылдығын ашты.
Әрмен қарай ауыл өнерпаздарының әсем әнімен, көркем биімен, күмбірлеген күйімен ұласты. Атап айтсақ, Жансая Құлманова «Елімнің еркесі мен боламын», «Көңіл толқуы», Талғат Сатыбаев «Бір шәугім шай», Гүлайнаш Қапаева «Атырауым», Нұрдәулет Ыбырайұлы «Ауылым»,«Қанша күн», Эльназ Мұхиденова «Желдірме», «Шырқа биле», Ілияс Дүйсекешов «Сәлем, саған туған ел» және де дуэт, квартет болып, әуезді ән шашуын арнаса, «Көркем» мен «Еркем-ай» би тобы мың бұрала билей, көпшілікті сүйсіндірді. Айнұр Айболатқызы Құрманғазының «Төремұрат» күйін тебірене орындаса, Меруерт Көшәлі «Оралым» атты дәстүрлі әнін шырқап, қоңыр даусымен халықты бірден баурай әкетті.
Барынша қамысқалалық өрендер елдің көңілін көтеріп, рухани күш сыйлау үшін өнерлерін ортаға салды. Біз де осындай әдемі концерттен рухтанып, қолға қалам алдық.Бұл мерекелік бағдарлама жаңа леппен, жаңа тыныспен дайындалған.Әрі көрерменмен рухани азық сыйлаумен қатар тығыз байланыс орнатып,қызықты сұрақтар қойылды. Тіпті Шәмші әндерін шырқатып, арнайы алып келген кәде сыйсыз қалдырмады. Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы сазды бағдарламасын ұсынған қамысқалалық өнерпаздарға және де концерттің соңына дейін ұйып тыңдаған ауыл тұрғындарына ризашылығын жеткізді.Одан бөлек, көзге түсе білген Жансая Құлманова, Назерке Жанщина, Ілияс Дүйсекешов сынды өнер иелеріне алғыс хатпен, гүл шоғын тарту етті.
Ауыл тұрғындары да бір орында тапжылмастан тыңдай отырып,риясыз көңілмен тарасты. Бірақ, осы кеш тоқтап қалмайды. Әр аптаның бейсенбі күні сайын Тұщықұдық, Жанбай, Исатай, Зинеден,Нарын, Аққыстау ауылдық округі өнерпаздарының концерті өз кезегімен жалғасын таппақ.
Сағыныш САЙЛАУБАЙ