Төтенше жағдай ұтқырлықты талап етеді

Сурет: ашық дереккөз

 Апат айтып келмейді ғой. Айтып келгеннің өзінде оның алдын алатын қал-қауқарымыз бірде болғанымен, бірде бола бермейді. Қандай да бір табиғи, не болмаса техногендік апатқа тап бола қалсақ санамыз сан-саққа жүгіріп, әлдекімнен әлдеқандай көмек күтеміз.

Мұндайда өзіміз секілді ет пен сүйектен жаратылған нағыз батырлар қол ұшын созар еді. Олар – азаматтық қорғаныстың алдыңғы шебінде жүрген төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, бейбіт күннің батырлары. Бұл күштік құрылымның ірге қалағанына да биыл 28 жыл толып отыр.

Бүгінгінің ақиқаты – осы! Топан су жайылса, төтеп беретін, тілсіз жау бой бермей бара жатса, аптығын ауыздықтай алатын қалқанымыз бар. Бірақ бұл сала да ұдайы дамуды, түлеу мен түрленуді қажет етеді.Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты тұғырдан түсіріп алмау үшін де білек сыбана әрекет ету қажет. Себебі бұл саланың қызметі аса кең. Алуан түрлі апат бар. Аудан бойынша жыл басынан бері 5 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл тілсіз жау қора, монша, сарай және автокөлікті шарпыған еді. Алдымызда апат атаулының барлығын түгендеп шығу міндеті де тұрған жоқ. Ең алдымен Мемлекет басшысының Жарлығында айтылған «өрттің алдын алу мен оны сөндіру» мәселесін тілге тиек етсек пе дейміз.

«Жығылатын жерімді білсем, сабан төсеп қояр едім ғой» демекші, қатердің қай күні, қай тұстан төнері әлі де беймәлім. Бұрынғы жылдары Ресейдің қара орманы отқа оранғанда «тілсіз жау» деп бекер айтылмаған екен ғой деп жағамызды ұстап едік. Яғни топан су қаншалықты қауіпті болса, айналасын жалмаған жалын да соншалықты қасірет. Осындай оқыс оқиғалардың алдын аламыз деп қаншама жүрек жұтқан азамат басын бәйгеге тігіп жүр. Несін жасырайық, жаңа ведомствоның жұмысынан бәріміз де жемісті нәтиже күтеміз. Апаттармен күресуден бұрын, оны болдырмау, алдын алу жұмыстарына мән берілсе дейміз ғой, баяғы. Сондықтан Жолдауда берілген тапсырмаларды жүзеге асырудың жолын айқындап жатқанымыз маңызды. Себебі Мемлекет басшысы айтып өткендей, дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жемісті жүзеге асуы əрқайсысымызға байланысты.

Өз өмірімізді қауіпке тіксек те, бұл мамандықтың артықшылығы көп. Біріншіден, біз адам өмірін құтқарамыз. Бұл – сауапты іс. Әрі адамдарды құтқару, көмектесу – әр ер-азаматқа парыз деп ойлаймын. Екіншіден, халықтың алғысын аламыз. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен біліктілік және тәжірибе керек. Сонымен қатар психологиялық тұрғыдан да кез-келген жағдайға дайын болу керек.  Зілзала, өрт, жарылыс болған жерге дер кезінде жетуге тырысамыз.  Әрбір мамандықтың  өзіне тән қиындығы болады. Құтқарушылар азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.

Осы орайда облыстық аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің барлық қызметкері мен ардагерді және №6-шы өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерін 19-қазан Қазақстан Республикасының «Құтқарушылар күні» кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Атаулы күнде барлық қызметкерлерге жұмыстарына табыс, жанұяларына амандық және зор денсаулық тілеймін.

 

        

  Бағдат АБДУЛЛИН

аудандық  ТЖБ  бастығы

азаматтық қорғау  подполковнигі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521