Наурыз айының онкүндігі аясында әр күн ерекше мазмұнда аталып өтуде. 20 наурыз – бабадан қалған асыл мұраны дәріптейтін Ұлттық спорт күні. Бұл күннің мақсаты – ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың бойына қазақтың дәстүрлі ойындарына деген сүйіспеншілікті сіңіру.
Осыған орай, ауданда «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан аудандық жарыс өтті. Дәстүр мен ақыл-ой ұштасқан бұл бәсеке жасөспірімдердің зердесін шыңдап, тапқырлығы мен төзімділігін сынайтын маңызды додаға айналды.
Қазақтың ғасырлар бойғы мұрасы саналатын тоғызқұмалақ – тек ойын емес, сананы шыңдайтын интеллектуалдық жарыс. Ойыншылар әр жүрісті ой елегінен өткізіп, қарсыласынан бір қадам алда болуға тырысты. Логика мен стратегияның сынға түскен сайысында аудан мектептерінің ең үздік оқушылары бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы сөз сөйлеп, ұлттық спорттың жастар тәрбиесіндегі рөліне ерекше тоқталды.
«Ұлттық ойын – бабалар аманаты, оны дәріптеу – біздің парызымыз. Жастарымыз сан ғасырлық дәстүрімізден қуат алып, бәсекеге қабілетті ұрпақ ретінде қалыптасуы керек»,-деді ол.
Ұлттық ойындардың дамуына бейжай қарамайтын ел ағалары да жарысқа арнайы келді. Олардың қатарында «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Едіге Амангелдіұлы, аудан әкімінің аппаратының басшысы Арманбек Амантайұлы, ардагер ұстаз Талғат Қожасұлы, «Барыс» спорт клубының басшысы әрі аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабекұлы және Аққыстау орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамбек Мұратұлы болды.
Ойлау қабілеті мен тапқырлығы сынға түскен бәсекеде үздіктер дараланып, жарыс қорытындысы бойынша Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің оқушылары жеңімпаз атанды. Мектеп-гимназия командасы екінші орынға ие болса, Қызылүй негізгі мектебінің оқушылары үшінші орынға тұрақтады.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ауданның 8 мектебі атсалысты. Олардың қатарында Хамидолла Нәубетов атындағы орта мектеп, Аққыстау орта мектебі, Өркен орта мектебі, Новобогат орта мектебі, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп, Мектеп-гимназия және Қызылүй негізгі мектебі болды. Жеңімпаздар кубок пен дипломдармен марапатталып, ұлттық спортқа деген құрметтің тағы бір дәлелі жасалды.
Тартысқа толы өткен дода – тек сайыс қана емес, қазақ халқының зияткерлік мұрасын ұлықтау. Тоғызқұмалақ ойыны арқылы жас буынның ойлау қабілеті артып, ұлттық дәстүрге құрметі күшейеді. Бүгінгі жастар осы мұраны жалғастыра отырып, ел болашағының мықты болуына өз үлесін қосады. Ұлттық спорт – бабалар мұрасы. Оны сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың міндетіміз.
Сағыныш ҚАЙЫР