ТОЙЫМЫЗ ОЙЫҢЫЗДАН ШЫҒА МА?

Сурет ғаламтордан

«Жиған-тергеніңнің барлығы тойда шашылсын» деген қазақтың тойға деген ықыласы ерекше. Анасының құрсағында пайда болған сәтінен бастап, адамның өмірден өткенге дейінгі аралығын қуанышпен атап өтетін халық жер бетінде қазаққа жетер ме, сірә?! Бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, қыз ұзату, үйлену тойы, мерейтойлар – барлығы да үлкен жиын, думанды басқосу. Қазір тіпті әлеуметтік желілердегі трендтерге ілесіп, болашақ баланың жынысын анықтаудың өзін тойға айналдырдық.

 Әрине, той – халықтың береке-бірлігін арттыратын, қуанышты еселейтін игі дәстүр. Қазақ «Той десе қу бас домалайды» дейді. Әр күніміз той болып, әр шаңырақта шаттық орнағанға не жетсін? Алайда соңғы уақытта тойдың мәні өзгеріп, бәсеке мен дарақылықтың көрінісіне айналып бара жатқан жоқ па? Шақырылған қонақтың той иесіне емес, асаба мен шоу-бағдарламаға тамсануы, ысырапшылдықтың шегінен шығуы, арсыз ойын-сауық пен ұятты көріністердің көбеюі – бәрімізге ой салуы тиіс.

Өткенге көз тастасақ, қазақтың тойы ұлттық тәрбие бесігі болған. Ертеректерде әдет-ғұрыптың, салт-сананың бағын ашатын, бақ сынайтын кез той үстінде өткен. Ал бүгінгі тойлардың түр-түсі бөлек, мазмұн-маңызы да өзгеше бағытта. Той болған жерде той мәдениеті, асаба әдебі, асыра сілтеу, бәсеке туралы ойтолғамдар жетерлік.

Дәстүрден алшақтап қалмадық па?

«Зейнетақымыздың бәрі апта сайынғы той мен садақаға кетеді, осылай байимыз ба?» деп әзілдейтін үлкендеріміз бүгінгі тойдың сипатына қарап, өткенді сағынышпен еске алатыны рас. Олар қазіргі даңғаза мен бәсекелестікке толы тойларды өз кездеріндегі қарапайым, бірақ шынайы қуанышқа толы жиындармен салыстырып, аңсап отырады. 90-жылдары ауыл-аймақта тойдың соңын төбелессіз аяқтамайтын «дәстүр» пайда болды. Үлкендер әр ауылда той соңынан міндетті түрде «ескі есеп» үшін жұдырықтасатын жігіттер тобы болатынын еске алады. Қызығы, той иесі мұны біле тұра, ештеңе болмағандай сыр бермеуші еді. Бұл да бір жазылмаған заң, ауыл мәдениетінің ерекшелігі іспетті қабылданды. Ал 2000 жылдары еліміздің көптеген өңірлерінде арақ-шарапсыз той жасау дәстүрге енді. Көпшілік: «Ащы сусыз да көңілді той өткізуге болады екен ғой!» деп таңғалысты.

Бірақ бертін келе, әсіресе оңтүстік аймақтарда той жасау бұрынғыдан да үлкен бәсекеге ұласты. Бес жүз, жеті жүз, тіпті мың адам шақыру сәнге айналды. Қонақ саны неғұрлым көп болса, той иесінің абыройы да соншалық жоғары саналатын болды. Бірақ осынша адам бір-бірін танымайтын, әңгімелері жараспайтын жандар болып шығатыны ешкімді алаңдатпады. Олардың басын біріктірмек болған асабалар шоуменге айналды, қонақтар өздері қалағанынша қызықтап, тойдан кететін уақытын да өздері белгілейтін болды.

Қазір той мәдениетінің өзгергені соншалық, бір асаба бастап, екіншісі аяқтайтын тойлар да жиіледі. Пандемия кезінде бұл үрдіс саябырсығандай болғанымен, бүгінде қайта күшейіп келеді. Енді тек үлкен залдарға сыймайтын тойлар үшін 1500 адамдық мейрамханалар бой көтерді. Дастарханға қойылатын ас-судың шегі жоқ: құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Тойдың ерекше сценарийлері де шықты. Көлікпен тойханаға кіру, тікұшақпен қону сияқты көзтартарлық қойылымдар жасалады. Былай қарасаң, бұл – халықтың кең пейілінің, жомарттығының белгісі. Бірақ осының бәрі тойдың шынайы мәнін жоғалтқан жоқ па?

Бүгінде тойға барып, демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Қуаныштың куәсі боламыз деп барған тойымыз кейде бітпейтін у-шуға, артық дабыраға, бәсеке мен әбігерге толы болып шығады. Мұны үлкендер де байқап отыр.

– Біздің менталитетімізге жат қылықтар тойлардан жиі байқалады. Бірінші кемшілігіміз – уақытты бағаламау. Тойға кешігіп келу әдетке айналғаны сонша, салдарынан мерекелік шара 1,5-2 сағатқа кеш басталады. Одан кейінгісі – жасандылық. Қасиетті бата сөзін ақ сақалды қарияларымыздың орнына әртістер жаттанды өлеңмен оқитын болды. Келін мен күйеу жігіт той үстінде торт кесіп, ата-аналарының аузына тықпалайды. Бұл қайдан шыққан дәстүр? Жас қыздар қолына ішімдік құйылған ыдыс ұстап, қонақтарға қызмет көрсетеді. Биші қыздар жартылай жалаңаш кейіпте сахнаға шығады. Мұның бәрі – біздің ұлттық тәрбиемізге қайшы,-дейді қамысқалалық әже Нұргүл Сүлейменова.

Демек, той мәдениеті біздің қоғамымыздың, менталитетіміздің айнасы іспетті. Егер біз шынымен ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәстүрімізді дәріптегіміз келсе, тойға да жан-жақты көзқараспен қарап, тәрбиелік маңызын арттыруға тиіспіз. Әйтпесе, бүгінгі жасандылыққа толы шоуға айналған тойлар ертең ұлт болмысын өзгертіп жібермесіне кім кепіл?

Асаба көзімен: бүгінгі тойдың бейнесі

Тойдың жақсы өтуіне атсалысатын жанның бірі – асаба. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі ұжымдасып, жарасымды үйлестіріп отыру асабаның шеберлігінде. Асабалық өнер – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жауапкершілігі жоғары, сөз өнеріне сүйенген кәсіп. Бұл саланың ішінде жүргендердің бірі  белгілі асаба – Жанесен Ғинаятов. Ол он бес жылдан бері талай тойды басқарып, қазақ тойының өзгерістерін көзбен көріп, көңілге түйген. Бүгінде той мәдениетіне қатысты бірқатар мәселелердің бар екенін жасырмайды.

– Асабалыққа алғаш келген кезімізде артық-кеміміз болса, алдыңғы буын ағаларымыз жөн сілтеп, қамшылап отыратын. Қазір біз де солай, жаңа бастаған асабаларға ақылымызды айтып, артық кетсе, сол жерде ескертіп, жөнін түсіндіруге тырысамыз. Әр асабаның өзіндік жүргізу стилі бар. Біріне ұнайды, біріне ұнамайды. Бірақ тойды ұйымдастырудың басты мақсаты – қонаққа ерекше әсер сыйлау ғана емес, ұлттық құндылықты сақтау екенін ұмытпауымыз керек,-дейді ол.

Бүгінгі тойларда жиі кездесетін мәселелердің бірі – тост, яғни, тілек айту. Жанесен Ғинаятов бұл дәстүрдің өз жөнімен орындалғанын құп көреді. Бірақ кейбір қонақтардың бір сарындас, ұзаққа созылған тілектері тойдың көркін қашыратынын да жасырмайды.

– Айтылатын тілек бір. Бірақ әр адам өзінше жеткізгісі келеді. Егер тосттар ерекше өлең жолдарымен, әсерлі құттықтаулармен айтылса, құба-құп. Алайда бізде бірінің айтқанын екіншісі қайталап, бір-біріне ұқсас сөздерді сағаттап тыңдаймыз. Бұл тыңдаушыға да, асабаға да, тіпті той иесіне де қолайсыз. Уақытты құр бекер созу тойдың сәнін кетіріп, шаршататыны анық.

Жалғыз бұл емес, асабаның айтуынша, бүгінгі тойларда көзге ұрып тұрған тағы бір мәселе – ысырапшылдық.

– Той иесі жұртқа ұнау керек деген оймен мол шығынға батады. Кейде қарызға кіріп, несие алып, шамадан тыс шығындалады. «Балам қатардан қалмасын, елге ұят болмасын» деген түсінік қаншама жанды қарызға батырып жатыр. Той – қуаныш. Бірақ бұл қуаныш ақылға қонымды әрі шынайы болуы керек емес пе?-дейді ол.

Ал уақыт мәселесі – қазақ тойының басты кемшіліктерінің бірі. Шақырту қағазында тойдың басталуы 19:00 деп көрсетілгенімен, қонақтар кешігіп келіп, салдарынан той екі сағатқа кеш басталады. Асаба осы мәселеге қатысты белгілі бір шара қолдану қажет деп санайды.

– Пандемия  уақытында халық заңға бағынып, барлық шектеуді сақтады. Сол сияқты тойдың уақытылы басталуын да қадағалайтын арнайы ереже қабылдау керек шығар. Мәселен көрші мемлекеттерде той өткізуге қатысты заң қабылданған. Біздің елде де бұл мәселені жергілікті билік деңгейінде ойластырған абзал. Себебі бұл – көптің көкейінде жүрген мәселе,-дейді Жанесен Айбекұлы.

Шындығында, бүгінгі қазақ тойы – ұлт мәдениетінің бір көрінісі. Оны жоғалтпай, мәнін кетірмей, дарақылық пен даңғазадан арылтып, шынайы қуаныш пен тағылымның ошағына айналдыру – бәрімізге ортақ міндет.

 

«Тойдан кейiнгi көрiнiс көңiлдi құлазытпаса дейсің..»

Тойдағы киіт атау мәселесі көптің көкейіндегі тақырыпқа айналды. Бұрын құдалар арасындағы құрмет белгісі болған бұл дәстүр бүгінде артық шығынға, тіпті, міндетті рәсімге айналып кеткендей. Киіт – құдаларға деген сыйластықтың көрінісі ретінде бағаланып келген. Алайда қазіргі таңда киітсіз той өткізу мүмкін еместей көрінеді. 30-дан астам киіт атау қалыпты жағдайға айналған. Оның әрқайсысы қымбат киім-кешек, әшекей бұйымдармен толтырылады. Бір қарағанда, бұл жоралғы көргенділіктің белгісі секілді көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, той иесі шамасы жетпесе де, осындай дәстүрді сақтауға мәжбүр болып, қарызға батып жатады. Той өтеді, бірақ оның артынан қарызды өтеу қиынға соғады. Осының кесірінен той қуанышының орнына тойдан кейінгі қаржылық қиындықтар басым түседі. Ең өкініштісі, атаған киітке кейде риза болмайтындар да табылады. Бір тарап екінші жақтың бергеніне көңілі толмай, арасында өкпе-реніш туындайды. Ал осының бәрі алдын ала келісіліп, киіттен бас тарту арқылы шешілсе, ешқандай түсінбеушілік болмас еді. Өйткені, тойдың негізгі мәні – қуанышты бөлісу. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген дана сөз бар. Киіт беру – міндет емес, сыйластықтың белгісі ғана. Оны шектен тыс шығынға ұшыратпай, өзара келісім арқылы реттеу – ең дұрыс шешім. Тойдың мәні – қуаныш, ал артық шығын оның сәнін кетірмеуі керек.

–         90-жылдардағы өз ауламызда палатада өткен тойларды жиі есіме аламын. Ағайын-тума, дос-жаран, көрші-көлем бәрі жиналып, сол тойды қызықты өткізуші еді ғой.  Талай рет ағайындарымыздың, достарымыздың қуаныштарында стол алып, ыдыстарымызбен барып, тойдың ойдағыдай өтуіне атсалысатын едік. Қазіргідей  аспаз жалдамай, көптің көмегімен дастархан дайындалатын. Сол кездегі ауыл асабалары  Қожантай, Сұлтанбек,  Есенжан ағаларымыздың той басқарулары да бөлек еді-ау. Жанды дауыста ән салатын Әлләзи, Нәсипа, Меңетай, Нұрым, Кенжемұраттарды қалай ұмытамыз. Қазіргі тойдың артық кететін тұсы – әдеттегідей ысырапшылдық. Дағдарыста да той. Тіпті, қарызданып, қауғаланса да қазақтың тойы тарқамайды. Бүгінде отбасылық мерейтойларды атап өту үшін қомақты қаржыны қарызға алу қалыпты нәрсеге айналды. Тіпті «тойға арналған кредит» деген термин де бар. Дегенмен көп жағдайда бұл қадамды жасауға жүрдім-бардым, жауапсыз қараған адам белгілі бір қиындықтарға тап болатыны анық. Арамызда бір күндік қуаныш үшін қаншама жыл несие төлеп жүргендер де аз емес. Бәрі де «жұрттан қалмау керек» деген қағиданы санасына сіңіріп алған. Қалай десек те, «Тапқанымыз тойға шашылсын» деп астамшылықты ақтап алатын да, «Шаршасақ той тойлап шаршайық» деп тілек айтатын да өзіміз. Тойдың көп болғаны, ағайынмен бөлiсер қуанышымыздың тағы да қуанышқа ұласып жатқаны жақсы-ау, дегенмен тек сол тойдан кейiнгi көрiнiс көңiлдi құлазытпаса дейсің мұндайда.Біреудің ұлы үйленіп, қызы ұзатылған қуанышы ғой, дегенмен де «ысырап» дегенді ұмытпайық. Текке кеткен дүниенің де сұрауы болады. Атақ пен абырой үшін ақшаны оңды-солды шашып, ертесіне қарызға батып жатқан отбасы қаншама,-дейді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нұрия Қайдар.

Той –  әдептен озбай, астамшылыққа ұрынбай, шынайы салтанаты мен сәнімен өтсе, нағыз мән-мағынасын сақтайды. Олай болса, тойың тойға ұлассын, оқырман, бірақ мәнсіз бәсеке мен ысыраптан аулақ болып, дәстүріміздің шынайы қадірін арттыра білейік!

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT