Томандықтар тазалықты ойлайды

Өткен аптаның жұма күні Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғаділ Боранбаев округтің Томан елді мекені тұрғындары алдында 2018 жылы атқарылған жұмыстарынан есеп берді.

Ауылдық клуб үйінде өткен жылдың басты басқосуы десе де болатын жиынға 25 тұрғын қатысты. «Аққыстау ауылдық округі әкімінің 2018 жылғы атқарған жұмыстарынан тұрғындар алдындағы есебі және алда тұрған міндеттер туралы» баяндамадан есепті кезеңде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлы істерден құлағдар болған тұрғындар оны талқылау барысында өздерінің ой-пікір, ұсыныстарын бүгіп қалмады. Мәселен, тұрғын Қапиз Төлегенов ауылда қуат көзі төмендіктен ауа райының қолайсыз кездері ылғи да жарықсыз қалатындарын айтып, осыған көмек етуді сұрады. Ол сондай-ақ, елді мекен аумағынан арыз бойынша жер телімінің неге берілмей жатқанын білгісі келді.

Ал, тұрғын Сатжан Есмағанбетовті Томан ауылына биыл көше жарығы жүретін-жүрмейтіні, сонымен бірге, балалардың ойын алаңын салу жоспарда бары-жоғы туралы сұрақ мазалайды екен.

Тұрғын Үміт Қожақова болса, ауыл таза болуы үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды салатын жәшіктер орнату қажеттілігін тілге тиек етті.

-  Көпбалалы анамын. Біздер бұрын учаскелік дәрігерге қаралу үшін Аққыстауға барып жүрген едік, қазір Тұщықұдық ауылындағы дәрігерге есепке қойып, ауыстырып жіберіпті. Тұщықұдыққа қаралғанымызбен, сараптама қорытындыларын Аққыстау ауылындағы орталық емханадан аламыз. Екі ортада шауып жүрміз. Осы қиындықты шешіп берсеңіздер жақсы болар еді, - деген тұрғын Жанар Мусаева да орынды мәселе көтерді.

Жиын соңында қабылданған қаулыда округ әкімінің жыл ішіндегі жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланып, тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша іс-шаралар жасақтап, орындалуын ұйымдастыру және бақылау ауылдық округ әкімі аппаратына тапсырылды.

Ауыл әкімінің Томан тұрғындарымен болған бұл кездесуіне аудандық құрылыс, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары Жұмажан Сыдихов, Елдос Дүйсенов, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы Ғафур Қарабалин, осы округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Аманжол Рахметов қатынасты.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521