Томандықтар депутатқа сенім артып отыр

Жалпы ел ішінде депутаттар жайлы оң көзқарас білдіретіндер аз. 

Көбіне «олардың қолынан не келер дейсің?» дегендей пікірлер айтылады. Бірақ біз жуырда шалғайдағы Томан елді мекенінің тұрғындары қордаланған мәселелерін шешу үшін аудандық мәслихаттың депутаты Нұрым Мусинге жүгінгеніне куә болдық.

Наразылық неден басталды дейтін болсақ, алдымен қазақтың ұлттық мейрамы – Наурыздың тиісті деңгейде өтпей қалуы елді мекен тұрғындарының шамына тиген. Содан аудандық мәслихат депутаты Нұрым Мусинге шағымдарын жеткізген. Депутат мәселенің анық-қанығын зерделеп, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегесиновке хабарласып, тұрғындармен кездесу ұйымдастырды.

2

- Депутат тұрғындардың мәселелерін жергілікті атқарушы органдарға уақытында жеткізіп, оның шешілуіне ықпал етеді және мәселеге қатысты өзінің де ұсыныстарын білдіреді. Сонымен қатар, дәл сондай мәселелер басқа өңірлерде қалай шешіліп жатқанын зерделейді. Мен әкімге тек мәдени шараға қатысты емес, электр желісі, балабақша, мектеп төңірегіндегі мәселелер жөнінде де қызметтік жазбамды жолдадым, - деді Нұрым Мусин және Сейтжан Бегесиновтан тұрғындардың наразылығына байланысты жауап беруін сұрады.

Аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сейтжан Бегесинов Томанда штат бойынша бір ғана қызметкер жұмыс жасайтынын, Наурыз мейрамында аудан орталығында үлкен шараның жоспарлануына байланысты «Жалын» мәдениет үйінің барлық қызметкерлерін жұмылдырып, Томан елді мекеніндегі шараның кейінге шегерілгенін жеткізді.

Бірақ тұрғындар наразылық тек Наурыздың шарасына қатысты емес екенін, бұған дейінгі жұмыстарына да көңілдері толмайтынын алға тартты.

1

Томандық Бекзада Темірова: - Мәдениет үйінің жұмысына көңіліміз толмайды, тұрғындарға, мектеп оқушыларына арналған шаралар жиі ұйымдастырылуы керек. Шағын елді мекенбіз, мерекелерде концерттер ұйымдастырылып, балаларымызға, үлкендерімізге қуаныш сыйласа дейміз. Ауылда ән айтатын, би билейтін өнерлі оқушылар да, үлкен кісілер де жетерлік. Тек солардың басын қосып, ұйымдастыра білу керек және мәдени қызметкер жергілікті жерден болғаны дұрыс, келіп-кетіп жасайтын адам бізге қол емес, - дейді.

Сейтжан Бегесинов жергілікті жерде мамандығы сай келетін адам болса, тұрғындардың ұсынысын қанағаттандырып, жұмысқа қабылдауға қарсы емес екенін айтты. Бұдан бөлек, томандықтар электр желісі жөнінде, кәсіпкерлік бағытындағы мәселелерін қозғап, аудандық газеттің де келмейтініне реніштерін білдірді. Депутат Нұрым Мусин егер тұрғындар газетке жазылса, ауыл әкімі Ғаділ Боранбаевпен ақылдасып, тасымалдау жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521