Футболдан Исатай ауданы турнирінің 3-турында А тобының басты қаһармандары Аққыстау мен Зинеден құрамалары кездескен болатын.
Керемет ойынның куәсі болуға сонау алыс мекеннен ат терлетіп келген зинедендік жанкүйерлердің көңілдері құлазып кеткендері рас. Есеп 3:2, алаң иелерінің пайдасында. Бұл тұста жанкүйерлердің көңілдері есепке емес, төрешінің жіберген олқылықтарына наразы екенін айта кеткеніміз жөн. Өйткені, ойынның бас төрешісі Аққыстау құрамасының қақпасына 11 метрлік айып добын белгілеп тұрып, артынша шешімін өзгертіп, қақпашының маңындағы айып алаңының ішінде еркін соққы (пенальти емес) жасатты. Логикаға сыймайтын олқылық! Ойын аяқталған соң төреші өзінің наразылығын білдіре барған зинедендік жанкүйер ағамызға "Мен алғашқыда доп қолға тиген екен деп ойлап, артынша шешімімді өзгерттім" деп жауап қатқан көрінеді.
Бұдан шығатын қорытынды, футболдағы төреші дегеніміз, ол - би, көсем, өз шешімінен ешқашан бас тарта алмайтын сот секілді болуға міндетті. Әбден көңілі қалған зинедендік жанкүйерлер төрешіге Аққыстау құрамасына жерлес болғаннан кейін де бүйрегі бұрды деп айып тағуда. Ұйымдастыру алқасының шикілігі мен төрешінің олқылығынан көңілдері қалған Зинеден ауылының бір топ жанкүйері, алдағы айналымдарға қалалық тәжірибесі мол төреші жалдау қажеттігін айтуда.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ